Әлем • 29 Тамыз, 2018

Сегізінші алтын сенім ұялатты

352 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Джакартада өтіп жатқан Азия ойындарының тоғызын­шы күні еліміздің қоржыны екі жүлдемен толықты. Көркем гимнастшы Алина Әділханова жекелей сында алтын жүлде еншілесе, синхронды жүзу спортының өкілі апалы-сіңілілі Немичтер Азиаданың қола жүлдегері атанды. 

Сегізінші алтын сенім ұялатты

Көркем гимнастикадан командалық жарыста алтын жүлде жеңіп алған қазақстандық спортшы Алина Әділханова кешегі жарыс күнінде жекелей сында да топ жарып,  Азия ойындарының екі дүркін чемпионы атанды. Алина жекелей сында жалпы саны 66.800 ұпай жинап, алтын медаль иеленді. Күміс жүлде Өзбекстан аруы Сәбина Ташкенбаеваға (65,850 ұпай) бұйырса, 65,500 ұпай жинаған қытай өкілі Ятинг Жао қола жүлдені қанағат тұтты.

Сондай-ақ бұл сында Алинамен бірге командалық есепте жеңіске жеткен Адиля Тлекенова да қатысқан болатын. Өкінішке қарай, ол 57,250 балл топтап, 24 спортшының арасынан 10-орын иеленді.

Көркем гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрама командасының бас  бапкері Әлия Юсупова гимнасшы Алина Әділханованың көпсайыстағы жеңісіне қатысты Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне берген сұхбатында бүгінгі бәсеке кешегіге қарағанда жауапкершілік жүгі өте ауыр болды дейді. «Бірінші сайыстан кейін Алина екінші орында тұрғанда ол да, мен де қатты қобалжыдық. Дегенмен, оған дауыс көтеріп, көңіл күйін түсіргім келмеді. Себебі қызымыздың әлі екі сайысы барын, оның өзі көп нәрсе шешетінін түсіндім. Сондықтан «не істеу керектігін білесің, қолың­нан не келеді, соны істе. Сен жарысты баста­дың, енді шегінерге жол жоқ» деп ақылымды айттым. Ол айтқанымды екі етпей, тапсырманы мүдір­мей орындап шықты. Балалар үшін екі күн қатары­нан осындай салмақты жарысқа жауап­кер­шілікпен қатысу өте қиынға соғады. Әсіресе бүгінгі жарыс күні жауапкершілік жағынан өте ауыр күн болды», дейді Әлия Юсупова.

Азия ойындарындағы кезекті қола медальді синхронды жүзуші спортшыларымыз жеңіп алды. Жұптасып өнер көрсетуде сынға түскен Екатерина мен Александра Немич жарыс қорытындысы бойынша үздік үштікке енді. Немичтер жалпы есебі 170.8845 ұпай жинады. Ал алтын медаль алған қытайлық спортшылар 186.5101, күміс жүлдегер атанған Жапония командасының қыздары 182.3363 ұпай иеленді.

Осылайша Азия ойындарының тоғызыншы күні еліміздің қоржынына бір алтын, бір қола жүлде түсті. Әзірше жеңіл атлеттерімізге екі қоладан басқа медаль бұйырмай тұр. Ал боксшыларымыз бір жүлдені нақтылап қойды. 69 килода жұдырықтасатын отандасымыз Асланбек Шымбергенов кеше қырғызстандық Әбдірахман Әбдірахмановты ұпай санымен жеңіп, жартылай финалға шықты. Яғни, қоржында кемінде қола жүлде бар деген сөз. Дегенмен, Олимпия ойындарында «қазақтың салмағы» саналып кеткен 69 килоның жүгін арқалап жүрген Асланбектен тек алтын медаль күтеміз.

Ал бүгіннен бастап дзюдошыларымыз жарыс жолына шығады. Отандастарымыздан алғаш болып татамиге Елдос Сметов (60 кг), Елдос Жұмақанов (66 кг), Отгонцэцэг Галбадрах (48 кг) және Камшат Қарасайқызы (52 кг) шығады. Инчхон (2014 жыл) Азиадасында дзюдошылар 1 алтын, 1 күміс, 3 қола медаль жеңіп алған. Дзюдодан Қазақстан ерлер ұлттық құрама командасының бас бапкері Айдын Смағұлов биылғы Азия ойындарында 1 алтын, 1 күміс, 1 қола жүлдені жоспарлап отырмыз, деп айтқан болатын.

 

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»