“Қолыңнан келіп тұрса, қонышынан бас” дегенге құныққан алпауыт монополистердің араны барған сайын ашылып барады. Ақпанның ақырған аязындай тариф атаулы тіпті жүгенсіз кетті. Барыс жылы басталысымен-ақ табиғи монополистер бәсекеге түскендей тарифтерін жарыса қымбаттатып жіберді. Қоғамымыздың аз қамтамасыз етілген топтары мен зейнеткерлер шектен тыс өсіп кеткен коммуналдық қызмет ақыларын қалталарындағы соңғы тиындарына дейін қағып, зорға төлейтін күйге түсті.
Ұлттық банк таратқан ресми деректердің өзінен-ақ табиғи монополистер тарифтерінің барыс жылының басында батпандап өскенін байқауға болады. Мәселен, қаңтар айында азық-түлік тауарлары 3,9 пайызға қымбаттаса, ақылы қызмет түрлері 10,1 пайызға артқан. Осы ресми дерек көздері бойынша, электр қуатының тарифі 9,0 пайызға, телефон байланысы 11,1, суық судың бағасы 10 пайызға жуық өсіп шыға келген. Ал кейбір өңірлердегі жарық пен жылу тарифінің шарықтауы мүлде ақылға сыймай барады. Мәселен, Көкшетау, Өскемен қалаларының зейнеткерлері бір күнде бірнеше есе өсіп шыға келген электр қуатының бағасына наразылық білдіріп, көшеге де шықты.
Табиғи монополия субъектілері жыл сайын тарифтерін өсіретін кезде су және кәріз құбырларының, желілер мен негізгі қорлардың ескіргендігін желеу етіп шыға келеді. “Баяғы жартас, бір жартас” демекші, кеңестік дәуірден қалған құбырлар мен желілердің ескіргендігін желеулетіп, монополистердің “жылу” жинап келе жатқанына да жиырма жылдың жүзі болды . Қарапайым халықты қашанғы алдаусыратады? Сол монополист алпауыттар кешегі ортақ игілік болып келген, миллиардтаған қаржыға салынған электр стансалары мен жылу орталықтарын, су арналары мен тарату желілерін тегін иеленді емес пе. Олар ортақ игілікті тегін иеленген кезде құрылымдық желілерін жаңғыртамыз, негізгі қорларға мол инвестиция салып, жаңартамыз деген келісім-шарттар жасасты ғой. Басқасын былай қойғанда, сол құбырлар мен желілердің жыл сайын тым болмағанда бір-екі шақырымын жаңартып отырған күннің өзінде жиырма жылдың ішінде бүкіл еліміздің коммуналдық инфрақұрылымын ауыстырып шығатын уақыт болды.
Үстіміздегі жылғы 22 қаңтардағы Үкіметтің есебі тыңдалған арнайы кеңесте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “ Осыдан 10-15 жыл бұрын жеке меншік инвесторлар еліміздегі жылу электр орталықтарын, бу қазандарын және басқа нысандарды меншікке алды. Жасалған келісім-шарттарда олар бұл нысандарға инвестиция құйып, күрделі жөндеуден өткізуге, дамытуға міндеттенген, Ал іс жүзінде олар бұл нысандарға көк тиын да салған жоқ. Жылу өндіруші, энергия өндіруші инвесторлар жасалған келісім-шарттарды орындамады. Сондықтан бұл салада нақты тексерістер жүргізіп, жылу және электр өндірушілерді тариф есебінен ғана емес, несиелер алып, өндірісті дамытуға міндеттеу қажет”, деп атап көрсетті. Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысына қарсы жасалынған іс-қимыл бағдарламасына сәйкес еліміздің инфрақұрылымдық саласын жаңғырту мақсаттарына Ұлттық қордан бұрын-соңды болып көрмеген қаржы бөлініп, коммуналдық жүйелер, су, жылу құбырлары, электр тарату желілері жаңартылды. Басқаша айтсақ, мемлекет есебінен жеке инвесторлар шығыны жабылып, бұл саланың қордаланып қалған проблемалары шешілуде. Ендеше, табиғи монополистердің тойымсыздығына жол болсын. Тойымсыз тариф тәбетін тежейтін Табиғи монополияларды реттеу агенттігі қайда қарап отыр?
Елбасының мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған Жарлығынан кейін қабылданған заң актілеріне байланысты Табиғи монополияларды реттеу агенттігі табиғи монополияға жататын ел экономикасы инфрақұрылымдық салаларының бірден-бір реттеушісі болып белгіленді. Осыған байланысты еліміздегі бүкіл тариф саясаты Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің құзырына беріліп, бұл саладағы барлық жауапкершілік бір мемлекеттік органға жүктелді. Ол аз десеңіз, агенттіктен бөлініп шыққан Бәсекелестікті қорғау агенттігіне рыноктағы бірнеше субъектілер өзара келісіп, бағаны өсіріп жібермеуін қадағалау, белгілі бір саладағы бірнеше компания бірігіп рынокты жаулап алмауын, монополия жоқ жерде монополия құрып, бәсекелестікті жойып жібермеуін бақылау міндеті тапсырылды. Ал іс жүзінде “бір қызымнан бір қызым сорақының” кері келді.
Халықаралық ұғымда қалыптасқан табиғи монополияларды былай қойғанда, біздің экономикамыздың кез келген саласында монополистерден аяқ алып жүргісіз болып кетті. Тіпті азық-түлік жеткізу саласы, жанар-жағармай рыногы, астық сату жүйесі, дәрі-дәрмек тарату бәрі-бәрі монополистерге тәуелді. Кедендік комитет елімізге сырттан әкелінетін тауарлар бағасының шекарадағы қабылданған бағадан ішкі рыноктағы бағасының бірнеше есе жоғарылап кететінін талай ескертті. Мәселен, базарлар мен қаптаған дүңгіршектерде сатылып жатқан қытай жеміс-жидегін алайық. Бұл тауарларды ұсақ алыпсатарлар ірі монополистерден алады. Бағаны да солар белгілейді. Үлес алғандай ел рыногын өзара бөлісіп алған бұл топтардың жүз пайыздан жоғары пайда таппай құлқындары құнықпайды. Қытайдан тиынға сатып алған сапасыз жеміс-жидекті олар шекарадан өтісімен-ақ ондаған есе қымбатқа бұлдайды. Оған ұсақ саудагерлер өзінің үстеме бағасын қосады. Содан барып базардағы баға аспандап шыға келеді. Ал еліміздің оңтүстік өңірлерінде өсірілген жеміс-жидек пен көкөніс рынокты жаулап алған сол монополистердің кесірінен дер кезінде сөреге түспей шіріп қалады. Баршаға аян осы жағдайды еліміздің Табиғи монополиярды реттеу агенттігі мен Бәсекелестікті қорғау агенттігі білмей отыр дегенге сену қиын.
Мамандардың айтуынша, қаңтар айында өсіп кеткен инфляцияға табиғи монополистердің тарифті шектен тыс көтеруі бірден-бір себеп болып отыр. Табиғи монополия субъектілерінің онсыз да ырықсыз кеткен ындынын бұл салада “жаңбырдан кейін қаулаған саңырауқұлақтай” қаптаған қосалқы делдар ұйымдар ушықтырып тұр. “Қарағанды жарық”, “Көкшетау жарық”, “Астанаэнергосервис” деген сияқты энергетика саласындағы қаптаған делдалдар өздері жарты киловатт энергия өндірмесе де қуат көздерін бұлдап, рыноктағы тарифтің алпауыттарына айналған. Мысалы, Өскемендегі осындай энергия таратушы монополист өзіндік құны төмен электр қуатын тұтынушыларға он есе қымбатқа сатып, айды аспанға шығарып отыр.
Еліміздегі монополист субъектілердің қожайындары да, олардың қызметін реттейтін органдар да батыстың “табысты арттыру үшін бағаны өсіру керек” деген қағидасына қатып қалған. Ал тұтынушыға ұсынылатын тауардың өзіндік құнын азайтып, сұраныс сапасын қанағаттандыру, бәсекелестікті арттыра отырып, экономиканы дамыту жөніндегі классикалық қағидалар олардың қаперіне де кірмейді. Оның қажеті де шамалы. Өйткені, біздің монополистердің тауар шығарып, маңдайы терлеп жатқан жоқ. Олар өзгенің өндіргенін бұлдап сатуды ғана біледі. Нақ осы жабайы нарықтық монополия еліміздің экономикасын әртараптандыру мақсатындағы стратегиялық бастамаларға да күрделі кедергі келтіріп отыр.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.