Қазақстан • 29 Тамыз, 2018

Бұқтырма су электр стансасының құрылғылары толық жаңартылды

1255 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Бұқтырма су электр стансасының салынғанына 58 жыл толып отыр. Қазір мұндағы жұмыс істеп тұрған 9 агрегат, жылына 2,4 млрд кВт/сағат электр энергиясын өндіреді.

Бұқтырма су электр стансасының құрылғылары толық жаңартылды

Өңір тұрғындары үшін маңызы зор нысанды 1997 жылы «Қазцинк» компаниясы 25 жылға жалға алған болатын. «1997 жылдан бері мұндағы негізгі қондырғылардың барлығы жаңартылды. Ол үшін нақты жоспар құрдық. Инвестициялық бағдарламамыз әр бес жыл сайын жаңарып отырды. Міне, соның нәтижесінде стансадағы трансформаторлардың барлығы ауыстырылды. Соңғы 15 жылдың ішінде бірде-бір рет төтенше жағдай орын алған жоқ десек те болады», - дейді "Қазцинк" ЖШС Бұқтырма СЭС кешенінің директоры Сергей Коблов.

Өткен ғасырдың 50 жылдары Бұқтырма бөгенін салу кезінде Кеңестер Одағында алғаш рет қатты бетон пайдаланылған екен. Содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де тәуелсіз сарапшылар бетонның беріктігі артып келе жатқанын растаған көрінеді. Бұқтырма 2012 жылы әлемдегі ең берік бөген болып танылыпты. Десе де СЭС жұмысшылары арқаны кеңге салған емес. Нысанда мемлекеттік және тәуелсіз тексерулер тұрақты түрде жүргізіліп, қауіпсіздік шаралары қатаң бақылауға алынған.

Мамандар стансадағы су агрегаттары энергетикалық тиімділігі жоғары дөңгелектерге ауыстырылғандықтан электр қуатын өндіруге кететін судың көлемі азайғанын, бұл стансаның қуаттылығын арттыра түскенін айтады. «Қазір мұнда өздігінен жұмыс атқаратын аспаптардың жиынтығы орнатылды. Соның арқасында Астанадағы орталықта отырып-ақ, мұндағы жұмысты басқаруға болады. Қызметкерлер телефон аппараты арқылы да генератордың кез келген қызметін тоқтатып немесе қайта қоса алады», - дейді С.Коблов.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы