Қазақстан • 29 Тамыз, 2018

Үш боксшы қызымыз финалға шықты

281 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бокстан Будапеште өтіп жатқан жастар арасындағы әлем біріншілігінде Қазақстанның бес өрені финалға шыққаны жайында біз бұған дейін хабарлағанбыз. Сондай-ақ, тамыз айының соңғы күндері тағы үш қызымыз бас жүлде үшін таласатын болады. 

Үш боксшы қызымыз финалға шықты

Жартылай финалда Айзада Исламғали (54 кило), таиландық Поннапа Лапанды жеңсе, Гузаль Садықова (81 кило) украиналық Каролина Махнодан басым түсті. Қос кездесуде де 5:0 есебі тіркелді.  Аса ауыр салмақ дәрежесінде бақ сынаушылардың саны аз болғандықтан Дина Исламбекова (+81 кило) бірден финалға жолдама алды. Ақтық сында Айзада америкалық Юана Вердускамен күш сынасса, Гузаль ресейлік Анастасия Рыбакпен шеберлік байқасады. Динаның финалдағы қарсыласы – украиналық Мария Ловшинска. Ал жартылай финалда үндістандық Нитуден ұтылған Әнел Құдайберген (48 кило) және америкалық Хевен Гарсияға жол берген Жансая Әбдіраимова  (51 кило) қола медальді қанағат тұтты. 

Бұрымдылар арасында өзгелерден Үндістан мен Ресейдің көші ілгері. Қос елден төрт боксшыдан финалға жолдама алып отыр. Қазақстанның үш аруы ақтық сынға шықса, Англияның екі өкілі сол межеге шетті. Сондай-ақ, бас жүлде үшін таласатындар қатарында Хорватия, Таиланд, Канада, Франция және Украинаның бір-бір былғары қолғап шебері бар.

Ерлер арасында Ресейдің – 7, Қазақстанның – 5, Таиландтың – 2, Пуэрто-Рико, Англия, АҚШ, Өзбекстан, Венгрия және Кубаның – 1 боксшысы финалда жұдырықтасады. Біздің жігіттердің барлығы да шешуші тұста Ресей құрама командасының мүшелерімен кездеседі. Атап айтсақ, Ермахан Жақпеков (69 кило) Жамболат Бижамовпен, Нұрбек Оралбай (75 кило) Данил Тетеревпен, Сағындық Тоғамбаев (81 кило) Руслан Колесниковпен, Айбек Оралбай (91 кило) Егор Федоровпен және Дамир Тойбай (+91 кило) Алексей Дроновпен жекпе-жекке шығады.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Бие сүті емі

Тарих • Бүгін, 10:30

Ерекше есім-сой иесі

Абай • Бүгін, 10:20

Ақынның айрықша бейнесі

Елорда • Бүгін, 10:15

Дерек пен дәйек

Спорт • Бүгін, 10:10

Жүлденің ауылы алыс

Олимпиада • Бүгін, 10:02