Қазақстан • 29 Тамыз, 2018

Алматыда үстел теннисінен Пинг-понг ханшайымы турнирі өтті

389 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда үстел теннисінен балалар үйінде тәрбиеленетін қыздар арасында «Пинг-понг ханшайымы» республикалық турнирі өтті. Қазақстан үстел теннисі Федерациясы мен Қытай халық республикасының Алматыдағы бас консулдығы және «Бауыржан» жеке қорының бастамасымен шымылдығын түрген дәстүрлі жарыста еліміздің 14 аймағындағы 30 балалар үйінен келген 38 тәрбиеленушісі бақ сынады.

Алматыда үстел теннисінен Пинг-понг ханшайымы турнирі өтті

«Ері жомарт елдің  қызы жетім болмайды». Алайда  ресми статистикаға сүйенсек ата-ана қамқорлығынсыз қалған жеткіншектердің саны аз емес. Оларға  жан-жақты қолдау көрсету барлық қоғам мүшелерінің міндеті.  Жеткіншектерді  жетістікке жетелеген бұл турнирдің де басты мақсаты осы. 

Жарыс қорытындысына сәйкес 13-16 жас аралығындағы  теннисшілер сайысында Рудный қаласынан келген  Ольга Ким жеңімпаз деп танылды. Теннис спортын ес білгелі жанына серік етіп келе жатқан қаршадай қыздың арманы әлем чемпионы атану.  Тағдыр тәлкегін көрген жасөспірімдерді қанаттандырып, болашағына жол ашуды көздеген  «пинг-понг» ханшайымы турнирі Ольганың осы арманын жақындатқандай болды. 

Өйткені қатарластарынан дара шыққан  өрімдей қыз 9 бен 12 жас аралығындағы теннисшілер тартысында  топ жарған Қарағандыдағы «Таңшолпан» балалар үйінің тәрбиеленушісі Евгения Тузовамен бірге  Шанхай қаласындағы спорт мектебіне баруға мүмкіндік алып отыр. Үміт артқан қос қызымыз Шанхайдағы тәжірибелі мамандардан арнайы шеберлік дәрістерін үйренбек.  Былтыр дәл осы мүмкіндік турнирдің өткен жылғы жеңімпаздары Мария Замотойло мен Лаура Мухаметжановаға бұйырған еді. Қытай астанасы Бейжіңге барып бір апта бойы тәжірибелі мамандардан сабақ алған спортшы  қыздар үлкен спорттың қыр-сырына қанығып қайтқан еді.

Турнир ұйымдастырушылары бұған дейін де  жастардың   спортқа деген қызығушылығын ояту мақсатында еліміздің түкпір-түкпіріндегі 100 жетімдер үйіне 100 теннис ойнайтын үстел мен спорттық жабдықтар сыйға тартқан болатын. Енді балалар үйінің тәрбиеленушілері олимпиадалық спорт түріне енетін үстел теннисін ойнап, еркін жаттығу жасап шеберліктерін шыңдай алады.

Жарыстың салтанатты жабылу рәсімі кезінде турнирге қатысушы барлық балаларға мақтау қағаздары мен сый-сияпаттар табысталды. Жеңімпаздарды  құттықтауға арнайы келген Алматы қаласының маслихат депутаты Асылхан Төлепов, Нұр Отан партиясының Алматы калалық бөлімшесі төрағасының орынбасары Қайым-Мұнар Табеев, әйгілі балуан Ислам Байрамуков  жас спортшыларға сәттілік тіледі.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ