Қазақстан • 29 Тамыз, 2018

Қазақ қаламгерлерінің түрік тіліне аударылған кітаптары таныстырылды

1304 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Cоңғы жылдары қазақ-түрік мәдениетінің дамуының айқын нышандарын кітап ісі саласынан аңғарамыз. Алматыдағы парасат ордасы Ұлттық кітапханада қазақ классиктерінің түрік тіліне аударылған кітаптарының тұсаукесері өтті.

Қазақ қаламгерлерінің түрік тіліне аударылған кітаптары таныстырылды

Алматы қаласындағы Түркияның Бас консулдығымен бірлесе ұйымдастырылған іс-шара барысында Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым - Қожа», Тайыр Жомартбайұлының «Қыз көрелік», Спандияр Көбеевтің «Қалың мал», Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу» романының түрік тіліне аударылған нұсқалары таныстырылды.

Ұлттық кітапхананың директоры Жанат Сейдуманов тұсаукесер рәсіміне келіп отырған қонақтарға қазақ-түрік ынтымақтастығы аясында жасалып жатқан игі істер барысына тоқталды. Көрнекті қазақ қаламгерлері кітаптарының түрік тіліне және түрік жазушыларының шығармалары қазақ тіліне аударылып, жарық көруі бауырлас халықтар арасындағы рухани қазынаның қоры толығып жатқандығы, деп атап өтті.

Іс-шараның ары қарай жүргізген Нағашыбек Қапалбекұлы сөз кезегін Анкара қаласындағы Кечиорен ауданының әкімі  Мустафа Ак мырзаға ұсынды. Мәдени байланыстарының түп-тамыры тереңде жатқан екі мемлекет бүгінде осы өрісті ынтымақтастықтың аясын жылдан-жылға кеңейтіп келеді, деп атап өтті. Сүйінбай ақынның 200 жылдығына орай Сүйінбай ескерткіші орнатылып, Кечиорен ауданының бір көшесіне қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың аты берілгені осы мәдени байланыстардың жалғасындай. Ендігі кезекте ынтымақ аясы кітап ісі саласында өркендеуде. Оның дәлелі ретінде таныстырылымы өтіп отырған қазақ классиктерінің еңбектерін атап өтуге болады.

Одан кейін сөз алған  Алматы қаласындағы Түркияның Бас консулы Рыза Қаған Йылмаз зиялы қауымға ыстық ықыласын білдіріп, қазақ қаламгерлерінің кітаптарын түрік тіліне аударуға қолдау білдірген Кечиорен ауданы екендігін атап өтіп, алғысын білдірді.

Ал өз кезегінде Алматы облысы  Жамбыл ауданының әкімі  Бағдат  Әлиев осы іске бастамашы болып, басы-қасында жүріп игі нәтижелерге бірлесе қол жеткізген азаматтарға алғыс білдіріп, ертеңгі күні Жамбыл ауданында Кечиорин көшесінің ашылу салтанаты өтетініне және көпшілік осы игі шараға құрметті қонақ болуға шақырды.

Аталған жобаларды жүзеге асыруға мүдделі ТЕДА жобасы аясында сонымен қатар түрік жазушыларының да еңбектері қазақ тіліне аударылған. ТЕДА жобасының жетекшісі баспагер Шайзада Мұхамеджанова биылғы жылы қазақ тіліне аударылған түрік қаламгерлері кітаптарының алғашқы нұсқасымен таныстырып, баспаханалармен келісімдер жүріп жатқандығын жеткізді.

Осы игі шараға профессор Дандай Ысқақ, жазушы Берік Шаханов, ақын Аманхан Әлім, жазушы-драматург  Ахметжан Ашири, белгілі мәдениет қайраткерлері, БАҚ өкілдері және т.б. қатысты.

Шара аясында Ұлттық кітапхананың қорынан  «Қазақстан-Түркия: рухани жаңғырудың жаңа бағытында» кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге Қазақстан мен Түркияның достығы, тарихи-мәдени байланыстары, қазақ-түрік ақын- жазушыларының кітаптары қойылды.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен қазақстан»

АЛМАТЫ