Қазақстан • 29 Тамыз, 2018

«Алтын жебе» ІІ халықаралық турнирі өтеді

386 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында 2021 жылы өтетін тұңғыш Әлемдік этноспорт ойындарының Қазақстанда ұйымдастырылатыны жайлы және Астанада 30 тамызда басталатын «Алтын жебе» ІІ халықаралық турнирі туралы баспасөз-мәслихаты өтті.

«Алтын жебе» ІІ халықаралық турнирі өтеді

Шараға ҚР Мәжіліс депутаты, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат ТІЛЕУХАН, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері Комитеті төрағасы Серік ЖАРАСБАЕВ қатысты.

Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы Президенті Бекболат Қанайұлының сөзінше, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы мен Мәдениет және спорт министрлігінің үш жаңалығы бар.

«Біріншіден, 2018 жылдың 13-14 тамыз аралығында Түркияның Ыстамбұл қаласында ЮНЕСКО-ның этноспорт жөніндегі кешенді косультативті ІV кеңесі өтті. ЮНЕСКО-ның тұрақты өкілдері, қырықтан астам мемлекеттің Спорт министрлері, депутаттары мен лауазымды тұлғалары және халықаралық спорт федерацияларының басшылары бас қосқан осы кеңесте 2021 жылы Қазақстанның елордасы Астана қаласында тарихтағы тұңғыш Әлемдік этноспорт ойындарын өткізу шешімі жарияланды». Сөйтіп, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толатын мерекелі жылы Астанада жер жаһанның таңдаулы ұлттық ойындарынан өтетін спорт бәсекелері тамашаланатын болады», - деді Б.Тілеухан.

Екіншіден, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы осы Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясына толыққанды мүше болып қабылданды. Бұл дегеніміз, ендігі жерде ұлттық спорттағы біздің жаттықтырушылардың, төрешілердің, спортшылардың халықаралық дәрежедегі тәжірибе алмасуына, білім алуына және болашақта спорттық классификацияларға қол жеткізуге арналған алғашқы қадам деп айтуға болады.

«Үшінші жаңалығымыз, ертең өтетін ІІ «Алтын жебе» халықаралық турнирі. Өздеріңіз жақсы білесіздер, «Алтын жебе» биыл екінші мәрте халықаралық деңгейде ұйымдастырылып отыр. Турнирге он бір мемлекеттен 25 мергеннің қатысатыны анық. «Алтын жебенің» биылғы жүлде қоры – 4 миллион теңге. Бас бәйге екі миллионға жуық», - деп аяқтады өз сөзін Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы президенті.

Өз кезегінде, Спорт және дене шынықтыру істері Комитеті төрағасы Серік Маратұлы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі аталған ұсынысты жан-жақты қолдайтынын жеткізді.

«Елімізде әлемдік этноспорт ойындарын өткізу үлкен жауапкершілікті талап етеді, десе де, бұл еліміздің ұлттық спорттың дамуына түрткі болатыны сөзсіз. Осылайша, біз өзіміздің төл спортымызды жаңа, сапалы деңгейге шығаруға мүмкіндік аламыз. Сонымен қатар, «Алтын жебе» халықаралық турнирі туралы айта кетейін. Былтыр аталған турнир алғаш рет ЭКСПО халықаралық көрмесі аясында өткізілген болатын. Ол кезде Астанаға әлемнің 50 мемлекетінен 20 астам спортшы келген болатын. Биылғы шараны Астананың 20-жылдығына арнап отырмыз»,-деді ол.