Расында, бірде журналистік сапармен ел ішінде жүргенде бір кейіпкерімізге байланысты шалғай ауылдағы ұрпағымен сөйлескен едік. Сонда кейуана көрмеген қиындығы жоқ әулие бабасының әңгімесін тарқатқандағы бір сөзі көкейімізде қалып қойыпты. Анда-санда сана қатпарынан қылаң беріп қалады. Сондықтан бір ауыз сөз болса да оқырманға жеткізуді жөн санадық. Хәл үстінде жатқан әкесі балаларына аштық пен заманның тарлығына тұсалып қалмасын деді ме, тағдыр-тәлейіне әлдеқандай кейістік те танытпай, «бүгін бір үзім нанға зар болып отырсыңдар. Алда нантепкі заман туады. Бұл қиындықтан оның обалы ауыр болады» депті...
Ұлысымыз бір тілім нанды бөліп жеген ағайын-бауырды, дос-жаранды, қоңсы-қолаңды қатты қадірлейді. Оның ар жағында нанға, адал ас пен ақпейіл көңілге деген құрмет те тұр емес пе! Ендеше біздің қоғамда көңілімізге де қылау түскені, көңілжықпас кеңдігімізді де кір шалғаны, тепкіге түскені ғой... Мұның мысалы – бұл күнде бір-бірін танымайтын көршілер, бір-біріне тасбауыр ағайын көбейіп келеді. «Бөле емес, өле жейтін» қысаң қалып қалыптасып, асыл қасиеттерді ұрлаған уақытта, әрине, қарынға сыймаған артық ас қоқысқа бармағанда қайда барады? Осы жайт ойландырады.
Физиологиялық әрі моральдық тұрғыдан бағамдасақ, қазақ «бір күн ашыққаннан қырық күн ақыл сұрама» дейді. Алапат ашаршылықты өткеріп, жартысынан астамы қырылған қоғамның араға ғасыр аралатпай нантепкі пиғылға ұшырауы ақылға сыймайды. Жазушы Валерий Михайлов «Хроника великого джута» атты еңбегінде «сіңіріне ілініп, ыңыршағы шыққан жартылай тірі адамдар» деп суреттегендей, бұл ұлы нәубетте адамдардың адам сиқынан кеткені тарих деректері мен көнекөздердің естеліктерінен мәлім. Қолдан күштеп ұжымдастырудың нәтижесінде сол кезде ақ қардың үстіндегі ақ шаңқан киіз үйлердің өлі қаласы орнағанын, киіз үйлердің қайсысына кірсең де барлық зат-мүлкі орнында, бірақ адамдары жоқ, бір сәтте ғайып болып, тіршілік тоқтап қалғандай үрейлі көріністің ортасында тірі қалған кішкентай қыздың қансүңгі бейнесін Ғабит Мүсіреповтің «Ол – аштық! Ол аштықтың көзі болатын! Қарғыс атқыр аштықтың дәл өзінің!» деп долы әрі шарасыздықтан туған дәрменсіз ашуы қазіргі нантепкі қоғам санасына жетпей жатқан сияқты сезіледі. Әйтпесе, жан дүниенің алапат жарылысын тудыратын ащы тарихтан алған тағылым артық асты аяқасты етпес еді... Қайбір жылы осы аштыққа қойылған Астанадағы алып монументтің бір бөлігін айдың-күннің аманында ұрлап кетуі де біздің ұлы нәубетті мүлдем ұмытып кеткеніміздің һәм нантепкі қимыл-қарекетіміздің нақты көрінісі ғой...
Жалпы, аштық оқиғалары белгілі бір қанқұйлы саясат пен басып-жаншыған соғыс кезеңдеріне тән. Мәселен, австриялық танымал психолог, дәрігер әрі философ Виктор Франклдың екінші дүниежүзілік соғыста немістің өмір сүруге мүмкіндік қалдырмас концлагері туралы жазатын әйгілі күнделігі бар. Әлемде әлденеше рет басылса да оқырманы азаймаған күнделігінде автор адами жағдайға арналмаған өлім лагерінде адамды мықты тәні емес, қуатты рухы сақтап қалатынын айтады. Бұл ойды Қытай абақтысында қырық жыл ғұмырын өткізген Қажығұмар Шабданұлы да қайталайды. Жазушының серіктері лагерде қызылша түбірін қазу жұмысы кезінде тәтті түбірді түбімен бірге қазбай, жартылай жұлып алады екен де, кейін күзетшілерден қағаберісте жалма-жан әлгі қалып қалған тамырды таңдайына салып әл жалғайды екен. Осыны байқап қалған Қажығұмар олардың аузындағы тәтті түбірді түкірткізіп тастайды. Аң-таң болған әрі ашу-ызасы келген аш түрмелестеріне: «Бұл қарныңды тоғайтпайды, керісінше рухыңды сындырады», дейді.
Иә, нантепкі ұғымы тоқшылықты, ит басына іркіт төгілген заманды да білдіреді. Бірақ бұл жазбамызда пиғылға, ниетке қатысты айтып отырғанымызды ескерте кетелік. Нантепкі мінез-құлыққа жол бермеу – талай мүмкіндіктерге жол ашатын прагматикалық сана-сезімімізді қалыптастыруға да түрткі болар еді.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»