30 Тамыз, 2018

Сөз сойыл №65

1054 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Сөз сойыл №65

Бензинің кетпес далаға

Бірде ақын Алмат Исаділ Жазушылар одағының алдында тұрса, белгілі пародист Олжас Сыдықбеков  келіп амандасып: «Алмеке, көлік сатып алып едім» – деп сүйінші сұрамақ болады. Алмат су жаңа көлікті көзімен бір шолып шығып:

«Құтты болсын, 
Ақырын жүріп анық бас,
Бензинің кетпес далаға...» – депті.

Көлік пен гольф

Алматтың кішкентай ғана Гольф деген көлігі бар. Бір күні Алматқа пародист інісі Олжас Сыдықбеков хабарласып: «Аға қалайсыз, срочно жолығуымыз керек еді, сіз бәленше жерге келе аласыз ба? Сіз көлікпен жүрсіз бе?» – дейді.

Бұған Алмат: «Мен сендер сияқты көлікпен емес, «Гольфпен» жүремін ғой, бірдеме қылып жетермін» деп жауап береді. Алмат мұнда, Олжас мінген «Лексус» пен «Гольфтің» айыр­машы­лығын меңзеген болса керек.

«Проводник»

Жазушы ағамыз Жұмабай Шаштайұлы кезінде «Қазақстан» телеарнасында белгілі тұлғалармен сыр-сұхбат жүргізгені белгілі. «Үзеңгі жолдас» деп аталатын бұл телебағдарлама пойыздың купесінің ішіндегідей студияда түсірілетін. Көпке танылған телехабар жолаушылап бара жатқан жандардың өзара әңгімесі сияқты өрбитін.

Жазушылар  одағының бір жиынында, бір журналист қыз Жұмағаңды нұсқап, қасында тұрған Алматқа: «Мына кісінің түрі таныс» – дейді. Сонда Алмат жұлып алғандай, әлгі қызға қалжыңдап: «Бұл кісіні кім білмейді, әсіресе пойызбен көп жүретіндер жақсы білуге тиіс, бұл кісі Жұмабай Шаштайұлы деген атақты «проводник» қой»  дейді. 

Кейін Алматтың осы жөнінде: «Бағдарлама сайын купеде үзеңгі жолдас болып жүрген жолаушылар өзгеріп тұрғанымен, Жұмағаң ғана пойыздан шықпайды, проводниктер құсап» – деп қалжыңдағаны бар. Осы әзілді естіген сатирик ағамыз Толымбек Әлімбекұлы: «Жұмабай ағама пародия жазатын тақырып таппай жүр едім, жақсы болды» деген екен. Төкең, кейін шынында да жолсерік Жұмабай аға жайлы эпиграмма жазды.

Көрген БІЛГЕНОВ

АСТАНА

Несие мен кредиттің сыры

 Мен банктердің «баласы» кредитпін,
 Күрең түсті жамылған күрең итпін.
 Достассаң меніменен, аулада емес –
 Жүрегіңде мен өмір сүрер итпін.
 Пайызы көп жоғары кредитпін,
 Сен пайызын өсірсең күрең иттің.
 Есте сакта! Басыңда қалмасы анық –
 Сығарға бит, аулаңда үрер иттің.
 Мен жалмауыз кредитпін,
 Күлімдеген күрең түс күрең итпін.
 Пайыз өссе құтылмассың сен сатсаң да
 Ауылдағы барлық мал түгел иттің...
 Танысайық, мен несиемін, несиемін
 Мені алуға келгендерге бас иемін.
 Дос болған адамдардың әрқашанда
 Мекендеймін мимен бірге бас сүйегін.
 Мен несиемін жалмауыз несиемін,
 Ұзақ жылға достасқанды мен сүйемін,
 Уақытында төлемесе пайызымды,
 Ол пендеге қарызды мен үйемін.
 Мен кредитпін, несиемін –
 Адамзатқа жабысқан кесір едім,
 Қандай емші қай халықта табар екен,
 Бұл ғасырдың жазылмас кесір емін.

Бұл заман

Бұл заман – еркекті әйел басынатын,
Әйел емес, еркек үйге асығатын.
Еркек үшін әйелі жауап қатып,
Еркек үнсіз, тек басын қасынатын.
Заман кетті, көздің мұңын жас ұғатын,
Таудың мұңын түсініп тас ұғатын.
Әттең-әттең, алыстап кетіп барады –
Кәрі мұңын түсініп, жас ұғатын.
Жанұяның бүгінде басы қатын,
Өкінішті, бәрінен де заман туды
Дос емес, достың сырын қас ұғатын.

Қазақтың жаңа келіні

Сиыр саумайды,
Айран ұйытпайды,
Төсекте аунайды,
Түске дейін ұйықтайды.
Тойдан қалмайды,
Оны әсте ұмытпайды,
Баласын алдайды,
Сыртынан құлыптайды.
Өзгені талдайды,
Өзіне шаң жуытпайды,
Күйеуінің тілін алмайды,
Мұны кім құрықтайды.

Самат СЛЯМҒАЗИН 

Талдықорған

Сұрақ-жауап

– Таңертең ұйқыдан оянған соң не істейсің?

– Түскі тамағымды ішемін.......

***

– Ерім, азаматым! Маған «Айфон 7» әпересің ғой, иә?

– Әлбетте, жаным!

– Қашан?

– «Айфон 9» шыққанда.

***

– Ақсақал, келін алыпсыз, құтты болсын! 

– Рахмет, айналайын!

– Қайда өзі? Көрсетіңізші, көрімдігін берейік.

– Сәл күте тұрыңдар, темекісін тартып алсын.

Қала әкіміне сұрақ:

Иін тірескен көлік кептелісінен құтылудың жолы бар ма?

– Бар

– Қандай?

– Жаяу жүру керек

Делдал сатылымдағы үйді клиент­ке көрсетіп жатыр:

– Бұл үйдің өзіндік кемшіліктері мен артықшылығы бар. Кемші­лік­те­рін айтатын болсам, солтүстік жа­ғын­да таудай қоқыс үйіндісі  жатыр. Оң­түстігінде лас суды тұндырғыш бар. Шығысында балық фабрикасы, ал  батысында шошқа фермасы орналасқан.

– Сонда, артықшылығы неде?

– Желдің қайдан соққанын анық біліп отырасыз.

 

Студенттік «сүр» сөз

Әкесі студент баласынан сұрап жатыр:

– Балам, емтихандарың қалай?

– Сәл-пәл қымбаттап кетіпті...
 

Екі студенттің әңгімесінен:

– Роман, повесть оқығанды жек көремін! Ішінде қаптаған кейіпкерлер, есіңе сақтау қиын!

– Олай болса, «Робинзон Крузоны» оқы. Жалғыз кейіпкерден жаңылмайтын шығарсың...

Студент профессорға: 

– Профессор мырза, мен сіздің қызыңызға үйленгім келеді.
Профессор:

– Сәл сабыр етіңіз, ежелгі шығыс халқының салтымен мен оның жауабын алып айдаһардан сұрап көрейін.

– Профессор одан қам жемеңіз, мен сіздің әйеліңіздің рұқсатын баяғыда алып қойғам.

Қос «кеменің» құйрығы

Ер жасы елуді еңсерген шағым­да ғұмырбойғы көз майым таусыла шұғылданған ғылыми еңбегім бағаланып, бағаланғанда оным шетелдің ең беделді ғылыми бас­қосуында бас жүлдені иемденіп бағым жанды емес пе?! 

Несін айтасың, дүйім жұрт дүрлігіп, бір-ақ күнде бедел-қасиетім аспандап шыға келді. 

Газет-журналдар жарыса жазып, төрінен орын берген теледидарлардан сөйлеп мәртебем тасыды. 

Туған-туысқан, дос-жаранның ыстық ықыласына бөленіп көңілім көктем еді... Тек, әйел... нем бар еді екі рет үйленіп... Ал керек болса, үйіме келіп табалдырық аттай бере шақырылмай келіп төрде отырған бәйбішені көріп тоқ ұрғандай тіксіне тұрып қалдым... Пәлекеттікі, басым дауға қалды деген осы. Тоқал мен бәйбішенің бұл тоқайласуы еңбегіме тиесілі шетелдік бас жүлденің құны екенін сезіп отырмын... 

Артын аңғармай, онан алар қомақты соманы да, тегін аралатар біраз елді мекен мен 40 күнге курортқа жолдама бар екенін және де бұған қосағыммен бару бұйырып отырғанын жайып салғанымды айтсаңшы... 

Әлбетте, сөзді бәйбіше бастап, тоқал «қоштап»... Қызылкеңірдек айтыс-тартыс ет пісірім уақытқа жетіп жығылды... 

Бәйбіше менімен өткерген он бес жылын жырлап, өткенімді көз алдыма әкеліп тәубеме келтірді. Тоқал да тоқтамай, онан кейінгі жылдардың ыңғыл-жыңғылын, ыстық-суығын тізбелеп төпелеп кеп бергенде... Несін айтайын, екеуінікі де жөн, не дерімді білмей ұнжырғам түсіп есеңгіредім де қалдым. 

Салғыласу сағызша созылып, дау-дамайға төрелік айтуға құлқым да, құқым да жоқ екенін сезіп: «Сотқа барып шағымданыңдар» деп құтылған болыппын.

Не керек, «қос кеме» қойсын ба, сөзіме тоқтап, көзі ашық немелер соттан бір-ақ шығып сорлатты...

Пәлекеттер сотта нақпа-нақ сөйлеп, әрқайсысы өз дәлелдерін келтіріп, бірнеше мәрте мінберге көтерілді... Мен не дейін, сөз бергенде «екеуінікі де жөн» деуден басқа сөз айта алмай албасты басты емес пе. 

Не керек, сот шешім шығарып, еңбегіме берілер қомақты соманы бәйбіше мен тоқалға қылдай бөліп беруге, ал шетелді аралау мен 40 күндік жолдама екі адамға берілгендіктен, оған да тоқал мен бәйбіше баратын болып шешілді... 

Қос кеменің құйрығын ұстаған өзіме де обал жоқ, іштей шетелге кеткен екеудің тілеуін тілеп, сырттай ана екеуі біле бермейтін саяжайда келесі бір «кеменің» күрең шайын ішіп терлеп-тепшіп отырмын.

Ерсұлтан МАҒЖАН

Алматы облысы


 

Ауылдың айтқыштары

Күршімдегі кәсіпкер Жолымхан Нұрымовты танитындар көп. Ал оның ойда жоқта тауып айтатын, қауып айтатын сөздерін жақын араласы жоқ жұрт біле бермейді.

Май құю стансасының иесі Жолымханды түнгі сағат екінің мөлшерінде әлдекімдер терезе қағып оятады. Шықса, өзінің туған ауылы Қаратоғайдан келген жас жігіттер екен. «Аға, – дейді біреуі аптыға сөйлеп, – шөпшабыс науқанының күйіп тұрғанын білесіз. Бізге солярка керек!». «Кешіріңдер, менде солярка жоқ», – деп жауап қайтарады Жолымхан. Аналар сене қоймаса керек.

– Аға, бізді Қаз жіберді, – деп біреуі ауылдағы танымал ағаларының есімін көлденең тартады. Сонда Жолымхан:

– Әй, қаз тұрмақ түйеқұс жіберсе де бір тамшы солярка жоқ! – деген екен.

*  *  *
Сонау жетпісінші жылдардың шамасы болса керек. Қазақ мектебінің жоғарғы класс оқушыларына орыс әдебиеті пәнінен Маяковскийдің кеңес төлқұжаты туралы өлеңін жаттап келу тапсырылған екен. Балалар осы өлеңдегі «Как коза в афишу» деген жолды түсіне алмай дағдарады. Ақырында бір өжеттеуі қолын көтеріп:

– Ағай, афиша деген не нәрсе? – деп сұрапты. Сонда осы сөзді өзі де ұғына алмай, «білмеймін» деп айтуға намыстанып отырған жеті класс білімді сонау отызыншы жылдары алған қартаң мұғалім:

– Афиша деген – ешкінің, жалпы мал атаулының сүйіп жейтін жемі, – деп жауап берген екен.

*  *  *
Белгілі катонқарағайлық ақын, ардагер ұстаз Әлібек Тойғанбаев бірде жақын апайының үйіне қонаққа барыпты. Нағашы­сының келгеніне «қуанып» ішіп алған жиені «күй шертіп берейін» деп домбыраны сабалап, даңғырлатып, әбден мазаны алады. Мезі болған Әлекең бір уақытта ананың бетіне қарап:

– Түу, шырағым-ай, құлағымның құрышын қандырдың ғой, – деген екен. «Күйім шынымен ұнап қалды ма?» деп ойлаған жиені:

– Немене, жақсы ма екен шерткенім? – деп оған үміттене қарайды.

– Керемет! – деген екен сонда Әлібек. – Тесік легенді оқыралаған сиырдың құйрығына байлап жібергенде дәл осындай үн шығаратын еді... 

Хасен ЗАКАРИЯ

Шығыс Қазақстан облысы

Мүйісті жүргізетін 
Берік САДЫР