
Қазір осы облысқа келген барлық мәртебелі меймандарға, саяхатшылар мен жүргіншілерге, жеке адамдарға келген қонақтарға, құдалар мен жегжаттарға қала басшылары мен тұрғындардың мақтанышпен көрсететін мекені осы. Жергілікті ақындар «Абылайдың ақ үйі – халқымыздың бақ үйі» деп басталатын өлеңдер мен жырлар шығарған, бірнеше кітаптар жазылған. Осында оқушы жастарға, студенттерге тарих сабағынан дәрістер оқылып, экскурсиялар да жасалып тұрады. Абылайдың қазақ халқына сіңірген еңбегін, өмірі мен атқарған қызметін мұнда келген жандарға Әсемгүл Қыдырбекова бастаған серуендетушілер қызықтыра баяндайды. Бір сөзбен айтқанда, қазір «Абылайдың ақ үйі» қызылжарлықтардың ғана емес, онда барған барлық жанның рухани жаңғыруына сүбелі үлес қосып отырған сүйікті орын.
Осы үйдің жер бетінен жоғалып кетпей, қалпына келтіріліп, халықтың қазынасына айналуына қолдан келген көмегімізді жасаған адамның бірі едік. Бүгін тарихқа айналған сол кезеңді еске түсіріп кеткенді жөн көрдік.
1998 жылы біз Жекешелендіру және мемлекеттік мүлік комитетіне қызметке ауыстық. Осында жүріп мемлекеттік мүліктер тізімінен «Дом хана Аблая» деген ғимарат көзімізге оттай басылды. Қызылжарда «Абылайдың ақ үйі» болғанын бұрын жұрттан естіп жүрсек те оның мемлекеттік тізілімге нақ сол атаумен алынғанын білмейтін едік. Бізде қазақтың тарихына қатысты дүниелердің бәрі миф, жалған, ойдан шығарылған деген ұғым қалыптасқаны жасырын емес қой. Сондайды тіпті кейбір тарихпен үстірт айналысатын ғалымдарымыз, әдебиетшілеріміз де көп уақыт малданып келеді. Абылайға қатысты ауыз әдебиеті арқылы жеткен тарихқа, ерліктер мен өрелі істердің бәріне күдікпен қарау орын алған. Оның үстіне қазақтың хан-сұлтандары, бай-бағыландары ресми идеология арқылы халыққа ұнамсыз, жеккөрінішті етіп сипатталатын. Ақын Ғафу Қайырбековтің «Өзге жұрттың хандары керемет боп, біздің хандар қалайша жаман болған?» деп жырлайтыны да сол тұста. Осы өлеңі үшін Ғафаңды ОК-ге шақыртып, «ақыл» айтып, «адасудан» сақтандырғанын білеміз...
Міне, осындай идеологияның кесірінен Абылайдың ақ үйіне деген көзқарас халық арасында түзу болмады. Қаладағы әскери бөлімнің аумағындағы бұл нысанға айтарлықтай мән берушілер болған жоқ. Алматыдан сол үйді көрмек болып келген ақын-жазушыларға, тарихшы ғалымдарға жергілікті журналистер мысқылмен қарап, күліп жүретінін де көзіміз көрді.
Жаппай жекешелендіру жүргізіліп жатқан тұста «Абылайдың ақ үйі» де В.Поляков деген біреуге сатылып кетті. Сатылу келісімшартында алушы үйді алғашқы қалпына келтіреді деп жазылғанымен, бұл талап сақталмаған. В.Поляков үйдің құрылысқа қажетті материалдарын суырып алып, қаңқасын ғана қалдырып, жөніне кеткенін артынан білдік...
Сол жылдары қала тұрғындарының бірі Кенжебек Әбішев деген ақсақал «Абылайдың ақ үйі» туралы әңгіме айтып, оны қайтадан қалпына келтіруді армандап жүретін. Өзі Қызылжарда туып-өскен, әкесі Фазыл да қаланың ежелгі тұрғыны, дәулетті кісілер болған екен. Кезінде бұлардың үйіне қазақтың оқыған жастары, соның ішінде Мағжан Жұмабаев та келіп жүрген. Осы кісімен біз «Абылайдың ақ үйі» туралы жекеменшік «Күннәр ТВ» телеарнасында хабар да жасаған болатынбыз.
Сөйтіп жүргенде, 2003 жылы 2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданды. Осы бағдарлама бойынша тарихи, мәдени маңызы бар мұралар қалпына келтірілетін болды. Облыстық мәдениет басқармасындағы тарихи, мәдени ескерткіштерді қорғау бөлімінің басшысы Л.Сорокотяга деген ханым осы талапқа орай Петропавлда қалпына келтірілуі керек деген ескерткіштердің қатарына «Абылайдың ақ үйін» кіргізбепті, керісінше оны қайтадан қалпына келтіруге болмайды, сырып тастау керек деген акт жасап, оған бірнеше өлкетанушы белсенділердің қолдарын қойдырыпты.
Бұл туралы естіген Кенжебек ақсақал күйіп-пісіп, сол күні маған жеткізді. Біз қала әкімінің орынбасары Т.Құлжановаға барып, әңгіменің растығын анықтадық. Сөйтсек, бағдарламаның шеңберінде қалада қалпына келтірілуі керек деген ескерткіштердің тізімі жасалған екен, оның ішінде тіпті Лениннің де ескерткіштері жүр. Казанцев, Ганшин, Янгуразов және т.б. көпестердің үйлері де бар. Ал Абылайдың үйі жоқ, оны сырып тастау керек деген акт тұр...
Бұл намысқа қатты тиген жайт болды. Қазақтың ұлттық мұрасына жаны ашымайтын біреулер қашанғы осылай сыртымыздан пішіп, жер бетінен жоқ қыла береді деген ой қанымызды басқа шаптырды. Содан Кенжебек ағай екеуміз муниципалдық телеарнаға келіп Әдигүл Қизатова деген қарындасымызға болған оқиғаны айтып, сұхбат бердік. Екеуміз де «Абылайдың ақ үйінің» жер бетінен жоғалуы әділетсіздік екенін халыққа ашына жеткіздік. Бұл хабардан кейін республикалық «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Алтын Орда», «Алаш үні», «Азат», облыстық «Солтүстік Қазақстан» газеттеріне қазақша, республикалық «Казахстанская правда» мен жергілікті «Панорама» газеттеріне орысша бірнеше мақала жазып, халықты арашаға шақырдық. Республикалық және облыстық телеарналар жаңалықтарынан айтып, хабарлар ұйымдастыруға қатыстық. Осы дүмпулер жергілікті басшылықтың Абылай ханның үйіне назарын аудартып, облыс әкімінің сол кездегі орынбасары Қуат Есімханов жергілікті тарихшылар, өлкетанушылар, журналистер мен білікті ақсақалдарды және осы салаға қатысты барлық шенеуніктерді қатыстырып, үлкен мәжіліс өткізді. Бұл жиналыста бізді бел шешіп қолдағандар бола қойған жоқ, бірақ мәжілістің шешімімен облыстық архивтің директоры Жұқаш Қосыбаев екеумізді Санкт-Петербургтың мұражайына қосымша деректер әкелу үшін іссапарға жіберді. Осы мәжіліс туралы сол кездегі облыстық газеттің бас редакторы, қазіргі Мәжіліс депутаты К.Мұсырман «Егемен Қазақстан» газетіне егжей-тегжейлі жазды («Намысұлы», «ЕҚ»., 21.03.2009 ж.)
Санкт-Петербург архивінде 10 күн жұмыс істеген біз одан нақты дерек таба алмағанымызбен қажетті құжаттардың Мәскеудегі сыртқы істер министрлігінің архивінде екенін анықтадық. Келе сала сол архивке хат жазған едік, көп уақыт жауап болмады. «Сабақты ине сәтімен» деген емес пе, сол жылы «Қазақстанның Ресейдегі жылы» аталып жатқан. Соны атап өту шеңберінде Қуат Есімханов ағамыз Мәскеуге бара қалып, елшіліктегі жігіттерге осы құжаттарды іздеуге мұрындық болуды өтініп келді. Ақыры... 2003 жылғы қарашаның 18-де жауап келіп, онда Петропавл қорғанында Абылай сұлтанға арналып 1762-1765 жылдары үй салынғандығы және үйдің жоспары қоса жіберілді. Бұл құжатты мен сол күні «Егемен Қазақстанның» бас редакторы Ержұман Смайыл ағаға факспен жіберіп, ертеңінде газетке «Абылайдың ақ үйі: Аңыз емес ақиқат!» деген тақырыппен бірінші бетіне жарқ ете қалды... Сөйтіп аузы дуалы бас газет Абылай ханның Қызылжарда үйі болғанын дәлелдейтін құжаттарды алғашқы болып жариялады.
Деректер табылып, үйдің болғандығы дәлелденгенімен, жөндеуді іске асыратын қаражат керек қой. Республикалық бюджеттен бұл іске қажетті қыруар қаржы бөлдіру кез келген әкімнің қолынан келе бермейді. Сол кезде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болып танымал дипломат, білікті басшы Тайыр Мансұров келе қалды. Бұл кісі үйдің маңызын бірден түсініп, оның құжаттарын Президентке көрсетіп, ақыры бюджеттен қажетті соманы бөлдіртіп, қазіргі тұрған тамаша үйді қалпына келтірткен еді.
Әрине бүкілхалықтық қажетті істің маңызын танымай, жағадан алмаса да, аяқтан шалуға тырысқандар болды. Бұлардың айтатыны: Абылайға салынған үй ағаштан болатын, ал мынау қалпына келтірілген үй тастан салынған. Онысы бір жағынан рас, ханға салынған үй ағаштан болған. Бірақ Петропавлда бірнеше рет үлкен өрт болып, соның ішінде бір рет 450 үйге дейін күйген. Ішінде ханның үйі де болған. Бірақ артынан кірпіштен қалап, қалпына келтірген. Оны халық «Абылайдың ақ үйі» деп өмір бойы атап келген. Бұл туралы Мәшһүр Жүсіп, Шәді төре, Үкілі Ыбырай, Сәбит Мұқанов және т.б. жүздеген ақын-жазушылар, қаламгерлер жазған.
Абылайдың өзі 1759 жылы патшаға хат жазып, Петропавл қорғанының түбінде екіжақты жәрмеңке ашқызуды ұсынғаны туралы құжат та бар. Осы жәрмеңкеге Ресейден ғана емес, Хиуа, Бұқарадан да көпестер келіп, көбі қоныстанып қалған. Қызылжар қаласы содан өсіп шыққан. XVIII ғасырдың аяғында қала басшысы В.Черемисинов: «Вскоре крепость св. Петра сделалось главным пунктом меновой торговли с Хивой, Бухарой, Ташкентом и мало по малу на луговой части берега реки Ишим осело смешанное население из переселившихся бухарцев, ташкентцев и наехавших татар, среди которых русские составляли только военный отряд» деп жазды. Ал қырға салынған алғашқы үй Абылай хандікі болатын... Сондықтан осы қаланың шағын қамалдың аты емес, «Абылай хан» аталатын кезі де жетті.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»