Таным • 03 Қыркүйек, 2018

Арқаның хас сұлуы

89 реткөрсетілді

Қызына Құралай, ұлына Қаршыға деп ат берген көшпенді халық табиғатпен үндесе өмір сүрді. Алаштың Атыраудан Алтайға дейін, Арқадан Алатауға дейінгі сайын даласында табиғатына көз тоятын көптеген сұлу өлкелер бар. Соның бірі Сарыарқа­ның інжу-маржаны – Қар­қаралы таулары. Оның тұмса табиғаты мен саф ауасы адамның тәнін емдеп, жанын жазады. Осы ғажайыпты келешек ұрпаққа мирас қылып қалдыру мақсатында 1998 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстан Рес­пуб­ликасы №1212 қаулысымен Қар­қара­лы ұлттық табиғат паркі құрылған болатын.

Орталық Қазақстандағы жануар­лар әлемі мен өсімдіктер дүниесінің негізгі бөлігі осы парк аумағында ме­кен­­деп, өсіп-өнеді. Оның құрамына Қар­­қаралы, Бақты, Кент және Тау орман шаруа­шылықтары кіреді. Сонымен қатар мемлекеттік парк қарамағына «Бектауата мен Белдеутас» зоологиялық қаумалдары бекітілген.

Табиғат паркінің өсімдіктер әлемі сегіз жүзден аса түрден тұрады. Олар­дың бес түрі Қарқаралы бөрі қар­ақаты, сфагнум мүгі, қырғыз қайыңы, жіңіш­ке көкнәр, көктем жаңагүлі Қазақстан­­ның Қызыл кітабына енген. Ал жануар­лар дүниесінде 46 сүтқорек­тінің түрі, 25 құс­тың түрі мекендейді. Құстардың көбі соқ­палы болады. Жануарлар мен құстар­дан арқар, қара ләйлек, бүркіт, үкі, ер­ге­жейлі бүркіт, дала сұржыланы, Иг­натов гольяны Қазақстанның Қызыл кітабына енген.

Парк көлемінің жалпы аумағы 112120 гектарды құрайды. Қорықтық аймақ, экологиялық тұрақтану аймағы, туристік сауық­тыру аймағы және шектеулі шар­уа­­шылық әрекетінің аймақтарына бөлі­не­тін парк аумағын 75 мемлекеттік инспектор мен қорғау бөлімінің бастығы, таби­ғат нысандары мен кешендердің ин­же­нері, орман шеберлері қорғап, қадағалайды.

Сонымен қатар мобильді топтар аумақ­та құқық қорғау органдарымен бірлесе жүргізілетін рейдтерге қаты­сады. Төтенше жағдайлар туын­да­ған жағдайда дереу іс-қимылды қамта­ма­­сыз ету мақсатында мекеменің авто­ма­ши­н­алары мен орман өртін сөн­діру стансасына радиостансалар орнатыл­ған. Орман өрт ошақтарына де­сан­т­­тарды жеткізу мақсатында «Тікұшақ» алаңы ұйымдастырылған. «Қаза­виа­орманқорғау» қызметімен өрт қауіп­тілігі жоғары маусымда бекітілген жос­парға сәйкес күнделікті әуеден шолу жүргізіледі. Қазіргі таңда ұлттық парк­тің аумағында мемлекеттік инс­пек­­торлардың тұрғын үйі мен жұмыс орны болып отырған 43 кордон орна­ласқан. Мемлекеттік инспекторлар киім­дермен, қызметтік атыс қарулармен, куәліктер­мен және заманауи модификациялы рациялармен қамтамасыз етілген.

Ұлттық парк құрылған күннен бастап ғылым және мониторинг бөлім­дері жұмыс істейді. Құрылғанынан осы аралыққа дейін көптеген ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілді. Соның бірі – «Табиғат жылнамасы» бағдарламасы бойынша жүргізілетін зерттеулер. Бұл бағдарлама бойынша парк аумағында табиғи үрдістердің даму динамикасына байланысты жинаулар мен ақпаратты талдау жүргізіледі.

Білім және ғылым министрлігінің зоология институтымен 2002 жылы «Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ірі сүтқоректілерінің есебі және олардың таралуы» тақырыбы бойынша зерттеулер жүргізді.

Ғылыми зерттеу жұмыстары аясында Ә.Марғұлан атындағы археология институты және Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің Сарыарқа экспедициясы маусым айында Кент орманшылығының жеріндегі көне Алат елді мекенінде және Қызылтас елді мекенінің өндірістік алаңында археологиялық қазба жұмыстарын жүр­гізді. Қарағанды мемлекеттік универ­ситетінің биогеографиялық факультеті мамандары ұлттық парктің ғылым және мониторинг бөлімінің мамандарымен бірлесе отырып «Биота элементтері және экожүйелердің тұтастай жай-күйіне ұзақ мерзімді мониторингі ұйымдастыру» тақырыбы зерттеді. Ал 2009 жылы Новосібір қаласында орналасқан Ресей ғылым академиясының жүйелендіру және жануарлар экологиясы институты парк аумағындағы ұсақ сүтқоректілердің фаунасына далалық зерттеулер жүргізді.

«Жасыл ел» бағдарламасы бойынша ағаш отырғызу жұмыстарына жыл сайын жоғары сынып оқушылары мен студенттер атсалысады.

Қарқаралы мемлекеттік ұлттық пар­кі­нің бірінші кезектегі мақсаты – фауна мен флораның табиғи мекендерін қор­ғау. Сонымен қатар туризмді дамыту.

Қарқаралы маңындағы Шахтер, Тасбұлақ, Апан, Інжу-маржан және тағы басқа демалыс орындарына еліміздің әр жерінен жыл сайын турис­тер көп­теп келуде. Олардың көбі Шайтанкөл, Бассейн көлі, Қалмақ қорғаны, Үш үңгір, Қызылтас, Кімасар шатқалдарына сапар шегеді.

Сонымен қатар Тасбұлақ шатқалында орналасқан табиғат мұражайы парк мақтаныштарының бірі. Бұл 1983 жылы салынған. Екі қабатты ағаш ғимарат. Мұндағы таныстыру залында көптеген сүт коректілер мен құстардың бейнелері орналасса, ботаникалық залда сирек кездесетін өсімдіктер ұсынылған. Осы мұражай аумағында орналасқан 82 гектар зоологиялық вольерде марал, сарық, кербұғы, шудалы қодас, доңыз сияқты жануарларды тірідей көруге болады.

Қарқаралы ұлттық паркі «Саябақтар шеруі» халықаралық табиғатты қорғау акциясына 2004 жылдан бері тұрақ­ты қатысып келеді. Бұл шара аясында «Құстар ұяларын орнату», «Таза арна – таза жағалау», «Таза орман», «Құмырсқа илеулерін қоршау», «Жасыл желек – жердің көркі» сияқты акцияларды тұрақты өткізіп, табиғатты қорғаудың маңыз­дылығын насхаттайды.

Ұлттық парктің жыл сайынғы ағаш отырғызуы мен жүздеген гектар жерлер­дегі топырақты минералдандыруы арқа­сында жалаңаш төбелердің баурайы жабылып, орман өсіп келеді. Бұл әрине көз қуантып, көңілге сенім орнатады.

Жақпар тасында арқары секіре биле­ген, орманында бұланы өкіре күй­ле­ген, көк аспанында қыраны қалық­тай сам­­ға­ған, шыңынан сұңқары шүйіле заулаған, тоғайында құры ойнақ салған, қара орма­ны­н­ың саф ауасына құмарымыз қанған Қарқаралы, Бақты, Кент, Қу өңірі – киелі мекен.

Гүлбаршын ЖҰМАХАНОВА

Қарағанды облысы,

Қарқаралы қаласы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Бүгін – жартылай финал

Спорт • Бүгін, 09:44

Ұқсас жаңалықтар