Бокс • 03 Қыркүйек, 2018

Солтүстік Қазақстанда бокстан «Ринг королі» халықаралық турнирі өтті

204 реткөрсетілді

Спорттың бұқаралылығын арттыру, жұртшылық арасында  саламатты өмір салтын насихаттау мақсатын діттеген «Ринг королі» жекпе-жегі алғаш рет былтыр бастау алған болатын.

Бұл жолы өңіріміздің жеті өңірінен, сондай-ақ Ресей мен Қырғызстаннан ақтыс сайысқа жасы 35-тен асқан  22 ардагер спортшы жолдама алып, өзара күш сынасты. Жарыстың бас төрешісі Виктор Беспятовтың айтуынша шаршы алаңда қолғап түйістіретін боксшыларға ұлттық құрамаға мүше болмау, денсаулығының  жарамдылығы, жас мөлшерінің шектеулігі секілді бірқатар шарт-талаптар қойылған. 

Десек те, ақтық сайысқа іркілмей жеткен үміткерлер арасында бір кездері шаршы алаңның шаңын шығарған гүрзі жұдырықты мықтылар болғанын да айта кеткен жөн. Мәселен, абсолюттік  салмақта Ресейдің намысын қорғай келген  Сайран Смайыловтың Ирландия-Ресей турнирінің, бокстан полицейлер мен өрт сөндірушілердің әлем чемпионатының жеімпазы сықылды ат үркетін атақтарына қарап жанкүйерлердің бірқатары оған жеңісті алдынала беріп те қойған болатын. Бірақ «күш атасын танымайды» демекші, бес салмақ дәрежесінде жан алып, жан беріскен  бәсекеде жұрт күтпеген небір көріністер орын алды.       

Петропавлдық  Рустам Жақыпов  павлодарлық Асылбек  Қалықовты таза жеңіп, 64 кило салмақ бойынша алғашқы «Ринг королі» атанды. Осыдан 17 жыл бұрын бокс қолғаптарын шегеге ілген қарағандылық Қуаныш Исембаев жарысқа жақсы  дайындықпен келген екен. Мықты қарсыласын тізе бүктіріп, 75 кило салмақта теңдессіз шебер екенін танытты. 81 кило салмақта Түркістан облысының өкілі  Қасымхан Оспановтың жолы болды. 91 кило салмақта сынға түскен екібастұздық Әділ Асаубеков жеңісті уысынан шығармады. Аса ауыр салмақта  петропавлдық Андрей  Бейсембаев пен омбылық Сайран Смайылов қолғап түйсітірді.  Алаң иесі өткен жылы ақтық сайыста сүрінген болатын. Бұл жолы сәл-пәл басымдылықпен  ащы жеңілістің есесін қайтарды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйақылар беріліп, басқа да марапаттар көрсетілді. Қызылжар жерінде еліміз бойынша тұңғыш рет ұйымдастырылған халықаралық «Ринг королі» турнирі облыстық әкімдіктің қолдауымен өткізіліп, дәстүрге айналдыруды спорт және дене шынықтыру басқармасы өз міндетіне алды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

 Солтүстік Қазақстан облысы.

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Жаны қазақ Виктория

Қоғам • Кеше

Қандастарға қамқорлық

Аймақтар • Кеше

Қытай айнасының құпиясы

Аймақтар • Кеше

Өнер қонған өлке

Аймақтар • Кеше

Тасқа қашалған жыр

Аймақтар • Кеше

Инфляция ырыққа көне ме?

Экономика • Кеше

Алматыда жарық сөніп қалды

Аймақтар • 15 Шілде, 2019

Ұқсас жаңалықтар