Әлем • 03 Қыркүйек, 2018

Венгрия Түркі кеңесіне бақылаушы мемлекет мәртебесіне ие болады

320 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ыстық көлде өтіп жатқан Түркітілдес мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің VI саммитінде сөз сөйлеген Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков Қазақстан тарапына алғысын білдірді.

Венгрия Түркі кеңесіне бақылаушы мемлекет мәртебесіне ие болады

«Ең әуелі, Қазақстанға және құрметті Нұрсұлтан Әбішұлына Түркітілдес мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінде сәтті төрағалық еткені үшін ерекше алғысымды айтқым келеді. Осы уақыт аралығында Қазақстан Түркі кеңесінің абыройын асқақтатып, мүше-мемлекеттер арасындағы маңызды келісімдерді жүзеге асыру бойынша ауқымды жұмыс атқарды. Қазақстан тарапының атқарған жұмысына алғысымыз зор. С.Жээнбеков биылғы Саммиттің ерекше форматта өтіп отырғанына тоқталды. Өзбекстан Президенті Шафкат Мирзиеев пен Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанның іс-шараға келуі Кеңестің ауқымы кеңейе түскенін көрсететінін айтты.

«Өзбекстан Республикасының Түркі кеңесіне мүше ретінде кіруге талпынысын жоғары бағалаймын әрі қолдаймын. Бұл қадам Түркі кеңесінің ауқымы кеңейіп, халықаралық аренада абыройы артуына қолайлы жағдай жасайды. Өзбекстанның қосылуы ұйымға жаңа серпін беріп, көптеген жаңартуға сеп болады деп сенемін. Еуропаның ортасында орналасқан Венгрияның шыққан түбі түркілікті ұмытпай, тамырлас елдерен достық қарым-қатынасты сақтап, мәдениеті мен әдет-ғұрпына құрмет білдіруі бізді қуантады. Бүгін Венгрия Түркі кеңесіне бақылаушы мемлекет мәртебесіне ие болады», деді С.Жээнбеков.

Қырғызстан Президенті ұйым аясының географиялық тұрғыда кеңейіп, ынтымақтастықтың нығая түсуіне сеп болатынын атап өтті. Сондай-ақ бауырлас Түркіменстан мемлекетіне Түркі кеңесінің есігі әрдайым ашық екенін мәлімдеді.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

"Егемен Қазақстан"