Үкімет • 03 Қыркүйек, 2018

Б. Сағынтаев Солтүстік Қазақстан облысының тұрғын үй құрылысы нысандарын аралады

379 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев жаңадан бой көтерген «Жас Өркен» шағын ауданына барып "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша салынып жатқан құрылыс нысандарымен және Президенттің Бес әлеуметтік бастамасы аясындағы "7–20–25" жаңа ипотекалық бағдарламасының атқарылу барысымен танысты.

Б. Сағынтаев Солтүстік Қазақстан облысының тұрғын үй құрылысы нысандарын аралады

Сонымен қатар, Премьер-Министр білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінде болды.

Петропавл қаласындағы жаңадан салынған «Жас Өркен» шағын ауданы мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтеріп отыр. Ол жерде 2019 жылы қазан айына қарай 332 отбасы қоныс тойын тойлайтын болады. Пәтер алатын тұрғындар үй кезегінде тұрған және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшысы болып отырған қала тұрғындары. Шағын ауданда қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Көп қабатты үйлер салынып жатыр. 900 орынға арналған қазақ мектебі жұмыс істеп тұр. Спорт сарайы және теннис алаңы бар. Тағы 88 балаға арналған шағын орталық бой көтергелі отыр. Сонымен қатар,  қазақ театры мен ауысымды 250 орындық емхана салу жоспарда бар.

Премьер-Министр сонымен қатар, «7–20–25» жаңа ипотекалық бағдарламасын одан әрі іске асыру жоспарларымен және Петропавл қаласының басқа да шағын аудандарындағы құрылыс жобаларымен танысты. Мемлекеттік бағдарлама аясында облыс орталығында төрт панелді бес қабатты үйлер салынып жатыр. Келешекте жекешелендіру құқығына ие болмайтын жалға берілетін екі нысанның құрылысы басталатыны айтылды. Бұл үйлер әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға берілетін болады. Бағдарламаға сәйкес, әр шаршы метрінің бағасы 140 000 теңгеден аспайтын болады.

«Аталған үйлердің құрылыс жұмыстары «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы аясында жүргізіліп жатыр. Жаңадан салынатын бұл үйлерді «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бойынша беру мүмкіндігі бар», — деп атап өтті Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары А. Федяев.

СҚО әкімдігінің деректері бойынша, өңірде құрылыс жұмыстары жоғары қарқынмен жүргізіліп жатыр. 2018 жылдың тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары 230 мың шаршы метрді құрап отыр. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштің 115% құрайды. Осы жылы 1500 пәтер берілгелі отыр. Екі жылдың ішінде 620 ескі үй құлатылды. Олардың орнына 2000-нан астам жаңа пәтер салынатын болады.

Еске сала кетейік, «Нұрлы жер» мемлекетік тұрғын үй құрылыс бағдарламасы 2016 жылдың соңына қарай қабылданған болатын. Бағдарлама аясында жылына 100 мың пәтер салынады деген жоспар бар. Осылайша 15 жылдың ішінде шамамен 1,5 млн отбасыны баспанамен қамтамасыз ету жоспары жасалған.