Елордадағы №54 мектеп-лицейде Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің қатысуымен «Smart Astana» (Ақылды қала) тұжырымдамасы шеңберінде «Болашақ мектебі – бүгін» және «Е – жедел жәрдем» инновациялық жобаларының тұсаукесері болып өтті.
«Болашақ мектебі – бүгін» жобасы мектепте оқу үдерісін оңтайландырумен қатар заман сұранысына, әлеуметтік-экономикалық жағдайға және жаһандану талаптарына сәйкес білім берудің сапасын арттыру мақсатында құрылып отыр. Инновациялық технологияларға қажеттілікті анықтау мақсатында мектепте зерттеулер жүргізу, кеңестер дайындау, әлеуметтік желі жасау, жеңілдікпен интернет желісіне қосылу жобаның басты бағыттары болып табылады. Әлеуметтік желі арқылы оқушы басып шығаруға болатын электрондық кітаптарды пайдаланып, мектептегі апталық оқу кестесімен танысып, хабарландыру тақтасы арқылы мектепте өтетін шаралардан құлағдар болып, әр оқушы өз поштасы арқылы мектептегі бейнебаяндарды қарап, өз пікірін қалдыра алады. Жүйе қызметінде оқушылардың мектеп ғимаратына кіру-шығу фактісі бойынша ата-аналарға смс-хабарландыру жолдаудан бастап, болашақта төлем картасы, жолақы құжаты ретінде пайдалану мүмкіндігіне ие болатын оқушы куәлігін енгізу қарастырылған.
Медициналық көмек көрсетудің сапасын арттыруға бағытталған «Е – жедел жәрдем» жобасы жедел жәрдем топтарына ауруханалармен тікелей байланысқа шығуға мүмкіндік жасап, аурудың белгілері бойынша емдеу жолдарын қарастырып, қажетті дәрі-дәрмектерді таба білу сияқты іс-шараларды дер кезінде жүзеге асыра алады. Бұл жоба жедел жәрдем қызметінің деңгейін арттырып, оңтайландыруға, тез шешім қабылдауға, сырқат адамның мекен-жайын іздестіру кезінде жүргізуші тарапынан қателікті болдырмауға, сондай-ақ уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді.
Берік САДЫР.