04 Қыркүйек, 2018

Жыршылық өнер бір басқа...

2132 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ғұлама Әлкей Марғұланның дерегіне сүйенсек, Ұлытау өңіріндегі Жанғабыл өзенінің жағасында қарт жыршының тас мүсіні тұр.

Көненің көзіндей бұл мүсіннің арқа тұсының жоғарғы жағында – қоңырау, етек жағында – қобыз қашалған. Сонда қоңыраулы бұйра құба нардай және қобыздай күңіренген ежелгі замандағы жыршының тұлғасын нақты елестетеді. Сонымен қатар Оғыз қағанның ғайыптың әуезін, аянын жеткізетін шексіз өнерлі жырауы Ұлық Түріктің бейнесі де ұлт тарихындағы жыршылық-жыраулық өнер­дің нешеме мыңжылдықтардың тұң­ғиығында қанат жайғанын танытады. Осы бір халықтың саф таза, терең тамырлы, хас өнері елдің рухани өрлеуіне, тілінің сы­быз­ғының күйіндей сыңғырлап, жайнап жетілуіне, Ұлы Даланың рухын асқақ­татуы­на жыршылардың, ертегішілердің, тақ­пақшылардың, күлдіргіштердің, қисса­шы­лардың, дастаншылардың жойқын көркемдік қызмет атқарғанына айғақ.

Қазақ жыршылары Шығыстың қызғылық­ты сюжеттеріне құрылған жүздей классикалық қисса-дастандарды мәнерлеп, нақыштап, құлпыртып жырлаған. Қырық бұтақты «Қырымның қырық батыры» дейтін батырлық эпопеяны бес ғасыр бұрын Сыпыра жырау, одан кейін Абыл, Нұрым жыраулар, мұнан соң Мұрын жырау (1859-1954) 36 түрлі мақаммен майталмандықпен жалғастырған. Ол әрбір батырлық дастанды 7-10 тәулік жыр­лаған. Ұлы жыршы Нұрым жыраудан 9, Қаша­ған, Мұраттан 28 батырлық жырды мейір­лене жаттап, орындаушылардың шеберлігін, тәжі­ри­бесін, сарындарын, жырдың шығу тари­хын, рух, тіл, сыр байлығын болмысына ұялатқан. Әлемдік мәні ерекше эпостың 40000 жолы Мұрын жыраудың айтуынан хатқа түскен.

Тегінде, ХҮ-ХІХ ғасырларда синкретті өнердің бір түрі – жыршылық (мұны кей ретте жыраулықпен, орындаушылықпен, күйшілікпен тұтастықта қараған дұрыс) айрықша сипатты қасиеттерге ие болған.

Ұлы Дала елінің қай өлкесінде болсын алтын балық үйіріндей жыршылардың ұлы мектебі, дәстүрі бар. Мысалы, Сыр бойында Кете Жүсіп, Жиенбай, Базар, Тұрмағамбет, Тасберген, Мұзарап, Бұдабай. Бұлардың ортасындағы Нұртуған 9700 жолдан тұратын «Орақ-Мамайды», «Қарасай – Қазиды», «Едігені» жырлаған. Ол Жәмет жыршыға бер­ген ақыл-кеңесінде: «Жыр айтқанда әнге жең­дір­ме. Әлеуметке асыл сөз керек. Бір сөзді екі рет қайталама. Әрбір сөзді, буын­ды ай­қын әуенмен, нақышына келтіріп, қол­ға ұстат­қандай, көзге көрінетіндей, анық, ұғы­нық­ты, жүзіңді тайдырмай, төгіп айту дұрыс. Бет, жүз құбылыстарың, қимыл-әрекеттерің оқи­­ғаның мазмұнын мәлімдейтін болсын», – дейді.

Жетісу, Қаратау өңірінде Жамбыл, Кенен, Әсімхан, Майлықожа, Молда Мұса, Мәделі, Нұралы, Қазанғап дейтін дүлдүлдердің жыршылық өнері, ұлтқа, ұрпаққа сіңірген тарихи еңбегі өзгеше сипатқа ие.

Сарыарқа өңіріндегі Арыстанбай, Жанақ, Шашубай (24 эпосты жатқа айтқан), Майасар, Құлтума және т.б. Өмірбаяндық мәліметі жоқ көкшелік Рамазан Тұрысбеков 8640 жолдан тұратын «Шыңғыс ханның басқыншылығы» дейтін дастанды туындатқан (ҚазақКСР ҒА Орталық ғылыми кітапхана, 522 бума. Қорға 1974 жылы Мұқаш Мәжікеев тапсырған).

Жыршылық өнердің мәнісін, табиғатын, орындаушылық шеберлік жайын айтқанда, академик-жазушы Сәбит Мұқановтың: «Мысалы, мен туған ауылда Тәжінің Қазыбегі деген ауыз әдебиетінің білгірі болды. Ол «Алпамыс батырда» сипатталатын кейіп­керлердің – әйел-еркектердің, кәрі-жастардың рөлін орындаған сияқты өз дауысына салып айтатын еді. Сонда тындаушыларын ретіне қарай қуантып күлдіріп те, ойлантып та, қайғыртып та, жылатып та отыратын. Мен балалық шағымда көптеген қиссалармен қатар, «Кербаланың шөлін» де жатқа айтатын едім. Сонда тыңдаушылармен бірге қиссаның бірер жерінде өзім де жасқа булығатынмын. Онда шөлге қамалып қаталаған Хұсайын жағы бір жұтым су сұрап, Жазидке оның апыл-тапыл басқан ұлын жібереді. Сонда мейірімсіз жау, су орнына сәбидің ашқан аузына оқ атып өлтіреді. Екінші бір сәтте Хұсайынның кесілген басын Жазид алтын табаққа салып бос тұрған сарайына қойғаннан кейін жұрт ұйқыға кіре, Хұсайын ата-бабаларының (Мұхаммед,Ғали, Фатима, тағы басқалар) аруағы елес беріп келеді. Мұндай көрініс маған да, тыңдаушыларға да қатты әсер етіп, әрі қорқынышты болатын еді...» деп жазғаны бар.

Қазақтын жыршылық дәстүрінің үзілмей келе жатқанына тағы бір дәлел – 1980 жылы II Республикалық айтысқа 29 жыршы қатысқан. Солардың қатарында жүз мың жолды жатқа заулататын Әсімхан Қосбасаровты айтуға болады.

XXI ғасырдағы жыршылық өнердің жағ­дайын айтқанда өнер қайраткері, ұстаз, көкірегі суретхана Алмас Алматовтың Серік Жақсы­ғұлов, Майра Сәрсенбаева, Айбек Тәнір­бергенов, Руслан Ахметов, Күнсұлу Түрік­пенова сияқты дарынды жыршылары әл­денеше халық эпостарын суреткерлік қабілет­пен жатқа төгілтіп айтады. Мысалы, «Шыңғыс хан» жырының бір бөлімінің өзі 15000 жол.

Ұлттық сана мен тілінің, мәдениеті мен тари­хының, тағдыр-талайы мен заманының айна­сындай халық эпостарын орындаушы – жыршылардың өнегелі өнері мен дәстүрі одан әрі тамырланып, өркен жайса, рухани жаңарудың нақты, жанды көрінісіне айналар еді. Ғасырлардың кәусар бұлағынан ел сусындап, ұлттық құндылықтарға кенелер еді.