Саясат • 06 Қыркүйек, 2018

Мәулен Әшімбаев: Батыс Қазақстанда Елбасы бастамалары белсенді жүзеге асуда

301 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев арнайы сапармен Батыс Қазақстан облысына келді. Сапар барысында ол Президенттің бес әлеуметтік бастамасының және жаңа партиялық жобалардың жүзеге асырылу барысына бақылау жүргізіп, атқарылған жұмыс барысымен танысты және облыс әкімі Алтай Көлгіновпен бірге «7-20-25» бағдарламасының аймақтағы алғашқы қатысушыларына пәтер кілтерін табыстады. Сондай-ақ, Мәулен Әшімбаев өңірдегі жастар ұйымдарының өкілдерімен және аймақтағы партия активімен кездесті.

Мәулен Әшімбаев: Батыс Қазақстанда Елбасы бастамалары белсенді жүзеге асуда

Президенттің тапсырмасына сәйкес «Нұр Отан» партиясы тарапынан «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыруға қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мақсатында орталық және өңірлік деңгейде Қоғамдық кеңестер құрылған болатын. Қоғамдық кеңестің құрамында жетекші саяси партиялардың, Қазақстан халқы Ассемблеясының, Қазақстан кәсіподақтар федера­циясының, «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкерлерінің және өңірлік палаталарының, елдегі ірі ҮЕҰ-ның басшылары мен өкілдері, танымал блогерлер, салалық сарап­шылар мен ғалымдар бар.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Батыс Қазақстандағы жұмыс сапары Орал қаласының жаңа шағын ауданында «7-20-25» бағдарламасы бойынша бой көтерген 90 пәтерлік көпқабатты үйдің құрылыс барысымен танысудан басталды. Батыс Қазақстан облысында баспана салу қарқыны жақсы. 2018 жылдың 7 айында 250 мың шаршы метрден аса баспана пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін тағы да 415,7 мың шаршы метр, оның ішінде Бес әлеуметтік бастаманың бірінші бағыты бойынша 46 мың шаршы метр баспана салынады деп жоспарланған.

«7-20-25» бағдарламасының жүзеге асыруға жауапты екінші деңгейлі банк өкілдерінің айтуынша, Батыс Қазақстан облысы бойынша 75 өтініш келіп түсіп, оның 55-сіне қатысты оң шешім шыққан. Жақын уақытта азаматтар өз пәтерлерінің кілтерін алады.

Мәулен Әшімбаев қазіргі кезде баспана ең өзекті мәселелердің бірі екенін, «7-20-25» бағдарламасы сол мәселені тиімді шешуге бағытталған маңызды бастама, әсіресе жас отбасылар үшін үлкен мүмкіндік екенін атап өтті.

- Баспананы кез келген отбасы үшін болашаққа салынған инвестиция десек те, артық емес. Осылайша Елбасы барша қазақстандықтардың үйлі болуына даңғыл жол ашып, ипотекалық несиелердің қолжетімділігін қамтамасыз етіп отыр. Осы сапар нәтижесінде бес бастаманың Батыс Қазақстан облысында табысты жүзеге асырылып жатқанына куә болдық. Алдағы уақытта да партия бұл жұмыстарды бақылауды жалғастыра береді, – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.

Кездесу барысында Мәулен Әшімбаев және Алтай Көлгінов Батыс Қазақстан бойынша «7-20-25» бағдарламасының алғашқы қатысушыларына пәтерлерінің кілтін табыстады.

- Баспаналы болу - ол адамның бақытты сәттерінің бірі. Бүгін сол сәтке куә болғаныма қуаныштымын. Елбасынының тікелей тапсырмасымен құрылған «7-20-25» бағдарламасы қазіргі күні өз жемісін беруде. Халық пайызы төмен, айсайынғы төлемі тиімді, сапалы пәтерлер алуға болатын бағдарламаға оң баға беріп отыр. Бұл бағдарлама болашақта баспаналы болуды армандайтын азаматтар үшін жұмысын жандана түсері анық, -  деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар, Мәулен Әшімбаев Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде ашылған ІТ-орталықта болды. Орталықтың жұмысы екі бағытқа бөлінген: ІТ-сала мамандарының біліктіліктерін арттыру және Жұмыспен қамту орталығы арқылы жіберілген азаматтардың цифрлық сауаттылығын жетілдіру. Осы уақытқа дейін Жұмыспен қамту орталығы арқылы келген 54 азаматқа сертификаттар табысталған. 

Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде ашылған ІТ-орталықта ағымдағы жылдың 1-ші тамызынан бастап аймақ бойынша 30 информатика мұғалімі бағдарламалау, робот техникасы және 3D модельдеу негіздері жайында тереңдетілген білім алған. Болашақта бұл мамандар Батыс Қазақстанда ашылған тегін ІТ-сыныптарда оқушыларға білім беретін болады.

Осындай ІТ-сыныптардың бірі Орал қаласындағы Жастар және оқушылар сарайында ашылды. Қазірдің өзінде Батыс Қазақстан облысында 15 ІТ-сынып ашылып, онда 150 мектеп оқушысы ІТ саласы бойынша білім алуда. Аталған сыныптар Орал қаласымен бірге облыстың барлық аудандарында, ауылдық жерлерде де жүйелі жұмыс істеп тұр. «Нұр Отан» партиясы алдағы 3 жылда ел бойынша бір мыңға жуық тегін ІТ-сыныптар ашуды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ, Мәулен Әшімбаев Жастар және оқушылар сарайында ашылған коворкинг орталықта өңірлік жастар ұйымдарының өкілдерімен кездесті. Бүгінде Батыс Қазақстан облысында 4 коворкинг орталық ашылған. Олардың үшеуі облыс аудандарында, біреуі Орал қаласында. «Бастау» коворкинг орталығы – фриланс режимінде жастардың бизнес, шығармашылық, оқу бағдарламалары аясындағы креативті жобаларын (қызығушылығы бойынша клубтар, көрмелер, үйірмелер, шеберлік сыныптар, тренингтер, English club т.б.) жарыққа шығарып, жүзеге асыруға мүмкіндік береді.  

Жастар ұйымдарының өкілдерімен өткен кездесуде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Елбасының тікелей тапсырмасымен партия қолға алған 20-дан астам жаңа жоба жайлы баяндады. Сонымен қатар, Мәулен Әшімбаев жастарды Цифрландыруды жүзеге асыру, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына үлес қосуға бағытталған жаңа пар­тиялық жобаларды жүзеге асыруға және алдағы уақытта елімізде кеңінен енгізу үшін жастар идеялары мен жобаларының тізімін жасауға белсене қатысуға шақыр­ды. Қазір ақпарат заманы екенін айтып, осындай кезеңде Елбасы анықтап берген міндет­терді жүзеге асырып, мақсатқа қол жеткізу жолында жастардың бойында қандай қасиеттер болуы керектігіне тоқталды.

 – Қазіргі таңда әлемдік геосаяси жағдай өте күрделі. Күн сайын түрлі үрдістер мен жаңа экономикалық құнды­лықтар пайда болуда. Осындай кезде ұлтты сақтап, одан әрі даму үшін ұлттық мүддені күшейтіп, экономиканы нығай­тып, жаңа технология­ларды кеңінен қол­дануымыз керек. Біріншіден әр адам өзін-өзі үнемі жетілдіріп, дамытып, ізденуі тиіс. Кәсіби, зияткерлік және білім деңгейін арттыруға ерекше көңіл бөлулері керек. Кітап оқуды игі дәстүрге айналдыруы қажет. Бұл ретте оқитын кітаптарды дұрыс таңдау керекті­гін де ескергеніміз жөн. Екіншіден, сана­ның ашықтығын қалыптастыруымыз керек. Елбасы да «Рухани жаңғыру» бағдарла­масында осы мәселені көтергені белгілі. Яғни, жастар біржақты болмай, кез келген мәселеге қатысты басқа да балама пікірлерді ескеріп, дүниетаным аясын ұдайы кеңейтіп отыруы тиіс. Үшіншіден, жастар алдарына нақты мақсаттар қойып, дұрыс армандай білулері тиіс. Өйткені жастарының арманы асқақ, мақсаты айқын болмаса, ондай елдің болашағы бұлыңғыр. Сондықтан жастар алдарына стратегиялық мақсаттар қойып, соған жету жолында бар күш-жігерін жұмсауы керек, – деді Мәулен Әшімбаев.

Коворкинг орталықта бастысқазақстандықтар Мәулен Әшімбаевқа шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған партиялық жоба аясында әзірленген «SMART URALSK» автоматтандырылған жүйесін таныстырды. «Онлайн ұлттық бірыңғай геоақпараттық қызмет» порталы арқылы партия кәсіпкерлердің бос жер телімдері туралы толық ақпарат алуға және ол барлық қолданушыға қолжетімді болуын көздеп отыр.

Орал қаласы еліміз бойынша ақылды қала жүйесін Астанадан кейін енгізген екінші қала болды. Мәселен, Орал қаласы әкімдігінің ғимаратында бөлімдердің жеке және заңды тұлғаларға қызмет түрлерін көрсетуге арналған «Ашық әкімдік»  атты инновациялық жобаны жүзеге асыруда.  Осының арқасында қала әкімдігінің ғимаратында орналасқан жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, ауыл шаруашылығы бөлімдеріне қызмет алуға келген тұрғындар түрлі ыңғайсыздықтардан түгелімен арылған. Қазір барлық қызметті «бір терезе» қағидасы бойынша алуға болады.

Сондай-ақ, Мәулен Әшімбаев аймақтағы партия активімен кездесті. Келелі кездесуде Президенттің бес әлеуметтік бастамасының және жаңа партиялық жобалардың жүзеге асырылу барысына бақылау жүргізіп, атқарылған жұмыс барысы талқыланды.