Теннис • 07 Қыркүйек, 2018

Нью-Йорктегі турнирдің бас жүлдесі үшін Уильямс пен Осака таласады

47 реткөрсетілді

Нью-Йоркте өтіп жатқан АҚШ-тың ашық біріншілігінің әйелдер сайысында бас жүлде үшін таласу құқығына ие болған қос теннисші анықталды. Олар – америкалық Серена Уильямс пен жапониялық Наоми Осака. 

Бұл күндері WTA тізімінде 26 орында тұрған атағы алысқа жайылған Серена Уильямс әлемнің 18 ракеткасы латвиялық Анастасия Севастованы еш қиналмай-ақ ұтты. Бірінші сет 6:3 есебімен АҚШ ойыншысының пайдасына шешілсе, екінші сетте қарсыласы бас көтеруге де жарамады – 6:0. Екінші жартылай финалда Наоми Осака (№19) америкалық Мэдисон Кизді (№14) қапы қалдырды – 6:2, 6:4. Осы турнирдің ең үздік қос теннисшісі арасындағы ақтық айқас 8 қыркүйекте өтеді.

Бүгін ерлер арасындағы жартылай финалдық сайыстарды тамашалаймыз. Бұл бәсекелер испаниялық Рафаэль Надаль мен аргентиналық Хуан Мартин дель Потро және сербиялық Новак Джокович пен жапониялық Кей Нишикори арасында өтеді. Алғашқы үшеуі бұған дейін де АҚШ-тың ашық біріншілігінде жеңімпаз атанған болатын. Атап айтсақ, Надаль (2010, 2013, 2017) бұл атаққа үш рет қол жеткізсе, Джокович (2011, 2015) екі мәрте топ жарды. Дель Потро (2009) бір рет дара шықты. Ал Нишикориге бас жүлде әлі бұйырған жоқ. Ол 2009 жылы айтулы турнирдің ақтық сынында өнер көрсетті. Дәл сол жарыстың шешуші бәсекесінде Жапонияның жұлдызы Новак Джоковичке есе жіберген еді. Міне, енді сол қос саңлақтың жолы жартылай финалды қиысқалы отыр.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар