Қазақстан • 10 Қыркүйек, 2018

Диқандар дамыл таппайтын маусым

512 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің астықты аймақтарының бірі Ақмола облысында күзгі жиын-терім жұмыстары қызу жүріп жатыр. Тамыз айында басталған орақ науқаны қыркүйек айының ішінде аяқталып, шаруалар астықты қамбаға құйып үлгереді деген үміт бар. Таяуда Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұйымдастыруымен бір топ журналистер облыстың астықты өңірлерінің бірі Целиноград ауданына барып, орақ науқанының барысымен танысып қайтты. 

Диқандар дамыл таппайтын маусым

Алдымен аудан орталығы Ақмолдың іргесіндегі қыр­манға ат басын тіреген журна­листер қызыл бидайды ұшы­рып, кептіріп, таза бидайды көлікке артып жөнелтіп жат­қан жұмысшылардың қызу жұмы­сына куә болды.

– Тамыздың басынан бастап қырманның астық төгетін алаң­дарын бүтіндеп, әзірлеп қой­ған­быз. Бидайдың сапасы жақсы, жұ­мыс жоспар бойынша жүріп жа­тыр, – деді қырман басшысы.

Биыл аудан бойынша 202 мың гектардан астам алқапқа бидай, басқа да дәнді дақылдар, майлы дақыл түрлері егілген. 289 гектар­ға картоп, тағы 185 гектарға басқа да көкөніс түрлері егіліпті.

Журналистермен егістік басында жүздескен Целиноград ауданының әкімі Малғаждар Тәткеев:

– Тамыз айының соңында жаңбыр жауып кетіп, егін оруды 10-12 күнге тоқтатуға тура келді. Дегенмен қазір ауа райы жақ­сы, жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Бітік егіннің құлауы, далада босқа шашылып қалуы сияқты оқиға болған жоқ. Осы қарқынды сақтасақ, 19-20 күн ішінде орақ науқанын аяқтаймыз, – деді.

Жанар-жағармай мәселесі бойынша да қолбайлау боларлық мәселе туындамапты. Күзгі дала жұмыстарына арналған 3900 тонна дизель отыны бекітілген баға­мен бөлініп, уақтылы жеткізілген.

Қазір Целиноград ауданы бо­йынша 543 комбайн алқаптан күн сайын 10 500 гектардың егінін орады екен. Одан бөлек 126 трактор мен 116 автокөлік те тынымсыз жұмысқа жегілген.

Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі биыл республика бо­йынша 20 миллион тонна шамасында бидай жинауды межелеп отырғанын айта кетейік. Оның 9 миллион тоннасын экспорттау жоспарланған. Орылған бидайды сақтайтын қамбалардың жалпы сыйымдылығы 26,7 миллион тоннаны құрайды.

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»