Әлем • 10 Қыркүйек, 2018

Көшпенділер ойындарының эстафетасы Түркияға тапсырылды

350 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бір аптаға созылған III Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8 қыркүйекте Шолпаната қаласында салтанатты түрде жабылды. 

Көшпенділер ойындарының эстафетасы Түркияға тапсырылды

Рәсімге қатысқан Қырғыз Республикасының Премьер-министрі Мұхаммедқалый Абылғазиев Көшпенділер ойындарының рәміздері – көөкөрді (саба) және Көшпенділер ойындарының туын 2020 жылғы төртінші ойындардың иесі Түркия Республикасына тапсырды. Рәміздерді Түркияның жаcтар және спорт бойынша  министрдің орынбасары Хамза Ерликая қабыл алды.

Салтанатта сөз сөйлеген  үкімет басшысы көшпенділер ойындары дүниеде болып жатқан кикілжіңдерге қарамастан планетамыздағы халықтарды ынтымаққа және жасампаздыққа шақырған үлкен оқиға болғанын баса белгіледі.

Рәсім Қырғызстанның және шетелдік өнер шеберлерінің концертімен аяқталды. Қазақстаннан ҚР Еңбек сіңірген қайраткері  Жанар Дұғалова қатысты.

Ал V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2022 жылы Әзірбайжан Республикасында өтетін болды. 

Назарбек Байжігітов,

Қырғыз Республикасы, Шолпаната қаласы