Дарын даңғылы

«Тәуелсіздігіміздің тал бесігі – Алматыда ұлтымыздың ұлы ақыны Тұманбай Молдағалиев атындағы көше мен ақын ескерткіші қашан болады?» деген халық сұранысына орай қаламгерлік үнқосу. 

Егемен Қазақстан
11.09.2018 1319
2

Қазақ поэзиясы Құлагер­ле­рінің бірі Сырбай Мәуленовтің: «Кетті олар мұңайтып кеше мені, Алматыда ақындар көшелері» деген өлең жолдары осы күндерде, «Алматы ақшамы» газетінде «осы қалада әлі күнге дейін Тұманбай Молдағалиев атындағы көше неге жоқ?» деген өтініш-ескертпеден кейін, ойыма жиі түсетін болды. Аллаға сансыз мадақ, Алматыда ақындар атындағы даңғылдар мен көшелер баршылық. Бұл Алматы – ақындар қаласы деген поэтикалық тіркеске толық жауап беретін дерек деп айтар едік. Неге екенін білмеймін, елі­міздің көптеген қалаларын кейде прозалық қала, драмалық қала, тіпті кейде комедиялық қала деп бөлетін қызық мінезім бар. Ал Алматы ол тек қана – поэтикалық қала. Ақын қала.

«Ақындар ауылда туып, Ал­ма­­тыда жерленеді» деген тір­кес­ті де Парижден ұрлап алған жайы­мыз жоқ. Қазақ сөзі қай кезде де айтылар кезде айтылған, жазылар кезде жазылған. Рухы реңдес, баяны бірөңдес, тіркесі тілеулес, тірлігі түгендес ойдың бір-бірін қайталап жатуы да – өмірлік өрім. Сұлу жырдың, сазды сырдың сүлейі Сырағаңның суырылып айтқан сүмбіле сөзі айналып келгенде, сәті түскенде Алматыда Сырбай Мәуленов атындағы көше болып жайылып сала берді. Ақынның кесек бітіміндей кең көше.

«Жүрегіме жақын сенің есі­­мің, Анам десем, әкем десем, несі мін, Жарқыраған көк тасың­да, көшеңде, Ізі қалған Сәкен бәтеңкесінің» деп төгілген Төле­геннің төкпесі тәуелсіздік туған­да «Айбергенов көшесі» атанып, айдынға айдын, айбынға айбын қосты. Бір кездері жиырма жеті жасымда Алматының шет жағында ошағандай ұйысқан, атауынан тілің тұтығып, ауызың адасатын көшелерде үй жалдап тұрып жатқан жылдарда: «Ақындарым, арман алаң, күй алаң, Сендер бәлкім қарайсыңдар қиядан, Келе жатып темір-терсек көшеде, Мұқағали, Төлегеннен ұялам» деп жазғаным еске түсе­ді. Тәуелсіздік түзеді көбін, түзеп келе жатыр, түзей бере­ді. Ақындар айдыны, дарындар даңғылы қанатын жая береді. Күн­дердің күнінде сол көшелер­дің бастауында өзіміз көзін көр­ген көшелі аға, көркем апа – ақындардың мәрмәр мүсіндері бүгінгі ұрпаққа ойлы көзбен қарап тұратын болар. 

1969 жылы қазақ жұртының сан қиырынан арман қуып келіп, Алматыда бас қосып, ҚазГУ-дің тіл-әдебиет факультетіне оқуға түс­тік. Елу бала, елу үміт, елу толқын, ерік-жігері тасыған елу жүрек. Сөз өнерінен із аңдыға­сын болар, сол кездегі «модный» ақындар туралы да аз-кем біліп қалған жайымыз бар. Солар­дың ішінде Тұманбай мен Қадыр­дың есімдері ерекше аталады. Университеттің тіл-әдебиет және журналистика факультеттерінің кез келген студенті бұл екеуінің өлеңдерін тұра қалып, жүйіткітіп оқи жөнеледі. Әсіресе махаб­бат жырларына келгенде жаның­ды баурап, сырыңды аулап, ұшқыны лаулап ала жөнелетін Тұман­бай­дың дабысы Тайбуырылдың шабысы, телегейдің ағысы секілді. 

1970 жылдың күзінде Қазақ политехникалық институтының үлкен мәжіліс залында ақын­дар Қадыр Мырзалиевпен, Тұман­бай Молдағалиевпен, Шона Сма­ханұлымен, Асқар Оразақынмен кездесу болды. Үлкен залда тіпті тұратын жер болмағасын, зал­дың екі жеріндегі емен есіктер қаусыра жабылып еді, сыртта қалған өлеңсүйер қауым, жас­тар әлгі есіктерді сындырып, бұзып кірді. Мұндайды бірінші рет көрген біздер ақындардың Алла берген абыройына сонда балаң көңілмен сиқыр көргендей арбалған едік. Бірінші Қадыр шықты, 4-5 өлеңін оқып еді, жұрт жібермеді, зал ду-ду, оның өлеңдерінің атын айтып, аттандап жатыр. Ақынның жүзі нұрла­нып, маңдайы бусанып, шал­қып оқыды, шаттанып оқыды, өзі де толқыды, жұртты да толқытты. Зорға босаттық. Алақан қызып, арқа терледі. Енді Тұманбай шық­ты. Құданың құдіреті, зал тіпті аттандап кетті. Жігіттер жа­лын­дап, қыздар жылап, жыр жәр­меңкесі алауға айналды. «Таныс­қанда сен он бесте, жаста едің, Мен де онда өзгеше едім, басқа едім, Тұрдың үнсіз көз алдымда мөлдіреп, Мөлдір көзден үзіліп түскен жас па едің?» дегенде, қасымызда күнде көріп жүрген қыздар шетінен сұлу болып кетіп еді. Оларды өлең құлпыртып еді.

«Ат суара барғанда жылғаға мен, Ашаң жүзің ашылып, бір қарап ең, Құлағыңда ай сырғаң тұрған әрең» дегенде, жігіт біткен қыздардың құлақ­тарына жалт қарағанбыз. Олардың да құлақтарындағы жай сырға­лардың өзі көңіл айында алтындай жарқырап кеткен. Сөйтіп шалқып тұрғанымызда: «Жыл­дар, жылдар, жылдарым, қайда ақтың, Әжім түсті үстіне айқа­бақ­тың, Балалығым ақсары қыз­бен бірге, кетіп қапты, Мен оны бай­қамаппын» дегенде жігіттердің жігері жасып, қыздар жағы желген судың жағасындағы қайраңда ойнаған ақ шабақтай жарқыл қағып еді. Сол кезде бүкіл зал Тұмағаңа «махаббат ақыны» деген атақты бірауыздан берген. Саналы ғұмырында саңлақ ақын талай атақты қанжығасына бөк­терді, бірақ туған халқы берген «Махаббат ақыны» деген атақ бә­рінен қымбат еді. Оны өзі де талай рет айтып, тебіренгені бар. Мақ­танғаны бар, мақтауға татитын еді.

Кейінгі жылдарда Тұмағаңмен талай рет сапарлас болдым, бас қосуларда бірге болдым, талай жыр кештерінде алақанды қыз­дырып, жырларына үздігіп, биік мәртебесіне куә болдым, тіпті кей кездерде онымен бірге халық алдында жыр оқудың да реті келді. Бірақ бұдан 48 жыл бұрынғы сол кездесудегі Тұманбайды жүрек жазбасында сол күйінде сақтап қалдым. Бақытсыздау бала шағы ғұмыр бойы бақытқа бөленген ақын кім десе, Тұмағаңнан артық ақынды таба алмаспыз. Халқын бақытқа бөлеген ақын кім десе, Тұмағаңнан артық ақынды таба алмаспыз. Өз елін өле сүйген ақын кім десе, Тұмағаңнан артық ақынды таба алмаспыз. Өз халқын өмір бойы әнге бөлеген ақын кім десе, Тұмағаңнан артық ақынды таба алмаспыз.

Қазақтың ұлы ақыны Тұман­бай Молдағалиев менің ұстазым еді. Менің бұл сөзім, мүмкін артық­тау болар, мақтанғаным болар. Өйткені ол ілгерілі-кейінді қалам тербеген, қазіргі қазақ жырында қалам ұстап келе жатқан жүздеген ақынның ұстазы болған ақын. Ең нәзік, ең терең, ең мөлдір, ең сыршыл, ең мұңшыл, ең сұлу, ең көркем, ең иірімді, ең мейі­рімді, ең шуақты, ең қуат­ты, ең сағынышты, ең арман­шыл, ең отаншыл, ең елшіл лири­ка­ның хас шебері, сөзінің самалы, жанының жамалы бар ақын Тұманбай Молдағалиев еді десек, теңеуімізге таласатын жан бола қояр ма екен? 

1973 жылы курстас досым Абайбек марқұм қоярда-қоймай менің бір топ өлеңімді тартып алып, сүйрегендей етіп, Тұ­м­ағаңа­ алып кірді. Тұмағаң ол кезде жа­рығы айға дейін жеткен «Жалын» альманағының бас ре­дакторы екен. Қысыла кіріп, есік көзіне жайғасып едік, төрге шақырып, бұйымтай сұрады. Абайбек қолындағы өлең­де­рін ұсынды. Асықпай қарап отыр, арасында бізге де бірер ауыз тіл қатып қояды. Бір кезде алдын­дағы қара телефонды алып, бір жаққа қоңырау шалып еді, шашы желкесін жапқан, түр-түсі қазақтан гөрі кәріске келіңкірейтін, бірақ түрі сары (сары кәрісті әлі көре алмай келем) жас жігіт кіріп келді. «Жа­расқан, мына бала ақын болғалы тұрған жас екен, мен белгілеп берген өлеңдерін бара жатқан нөмірге шұғыл сал, су­ретімен береміз, оны да алдыр» деп тапсырма берді де, ал Абайбек інім, жаза бер, іздене бер» деп оған пейіл­дене қол ұсынды. Абайбек сасқалақтап, сәл тұтығып: «Аға, бұл өлең­дер­дің авторы мына Өтеген досым еді, кешіріңіз» деп тіл қатты. «Ой, әке, сен азамат екенсің, досыңды қамқорлап отыр екенсің ғой, жарадың» деп жақсы аға жадырай күлді. Осы­лайша 1973 жылы, ҚазГУ-дің сту­­денті кезімде «Жалынға» бір топ өлеңім суретіммен шы­ғып еді. Сон­да Тұ­мағаңды ұстаз демей, не дейм­ін, әрине ол – рес­пуб­­­лика­лық деңгейдегі алғашқы ұстазым. 

Кейінгі жылдары, елордамыз Сарыарқа жеріне қоныс аударғалы, Тұмағаң Астанаға жиі келіп жүрді. 2004 жылғы жел­тоқсан айында Президент рези­денциясы жаңа мекенге – «Ақордаға» көшіп кірді. 2006 жылдың мамыр айында Қанат Бекмырзаұлы Саудабаев АҚШ-тан еліміздің Мемлекеттік хатшысы болып жаңа қызметке келді. Мен оның кеңесшісі болып бекідім. Сол кезеңде Тұмағаң Ақор­даға жиі келіп тұратын. Шы­­ғар­да: «Әке, Астанаға шық­қа­лы отыр­мын, Қанат ауылда ма?» деп телефон шалады. «Ай­тып қоярсың, ертең келем» дейді. Келгесін, әуелі маған соғып, жай-жапсарды біледі. Өмір, өлең, заман туралы аз-кем сұхбат құ­рамыз. Сосын: «Әке, осы мен қандай ақынмын?» деп сұрақ қойып, соған кәдімгідей ынта қойып, жауап күтеді. «Ұлы ақын­сыз» деймін пейілдене жауап беріп. «Рас айтасың ба?» дей­ді қуанған түрін байқатпауға ты­ры­сып. «Ақордада отырып, өтірік айтуға болмайды, Тұмаға» деймін. «Дұрыс, бұл жерде өтірік айтуға болмайды, сендер өтірік айтсаңдар, мына заман не болады?» дейді сәл абыржып. Абыр­жығаны да ақиқат болатын.

«Осы Қадыр ағаң қандай ақын?» дейді келесі сұрағын қойып. Не айтар екен деп, көзі күліп отырады. «Ол сізден кейін­гі ақын» деймін ыңғайын байқап. Жадырап күледі де: «Әке, өтірік айтпа дегенім қайда, ол да ұлы ақын ғой» дейді Қадырды аяған­дай. «Оны сіз айтыңыз, әйтпесе ағасын мақтап отыр дейсіз ғой» деймін әзілге бұрып. Сосын орнынан тұрып, аю аяңға салып, Қанат інісіне қарай кетеді. «Қазір қайтып келем, әке, сен ешқайда кетпе, мені күт» дейді артына бір қарап қойып. Күтіп отырамын. Қанекең: «ағаңды шығарып сал» деп қоңырау шалады. Кетіп бара жатып: «мен өлеңді туамын,­­ Қадыр ағаң жасайды» дей­ді. «Жа­сағасын өлең тумай ма?» дей­мін астарлап сөйлеп. Бір­ден­­ та­қырыпты өзгертіп: «Оның кинг ой­намайтыны жаман, ақша­сын аяй­ды» дейді және. Уақы­тын аяйды ғой, әйтпесе ақша­сы баршылық қой деймін Қаде­кең­ді қорғап. «Мені де осылай қор­ғайсың ба, әке» дейді шынайы жауап күтіп. «Әрине, ол ағам, ал сіз менің ұстазымсыз ғой» деймін пейіл­дене. Құшақтап бетімнен сүйеді.

Домбыраның қос ішегіндей қатар сөйлеген, темір жолдай қатар жүгірген, құс қанатындай қатар сермелген, арман мен үміт­тей адам жанын қатар баураған қос талант, дара дарындар жыр бәйгесінде құлақ тістесіп қатар шапты. Бірі озса, екіншісі қуанды, бірі қуанса, екіншісі шаттанды, намысы да, шабысы қатар болды, өмірден озуы да қарайлас келді. Бірі ұлтының ұлы тарихын жырмен жазды, бірі ұлтының ұлы махаббатын өлеңмен өрді. Әнге сөз жазудан Тұмағаңның алдына түскен ақын жоқ. Алда да ешкім түсе алмас. «Жырым мені ешқашан өлтірмейді» деп өзі жазғандай, оның қаламынан, жүрегінен десек, тіпті жарасып кетер, туған жырлар қыздың баласындай, аққудың көгілдіріндей, аруана­­­­ның бүлдіршініндей, балық­тың сүйрігіндей, көңілдің жүй­рігіндей, барыстың мәуле­ніндей, дүниенің дәуреніндей еді. 

Қадыр ақын қасиетті туған жеріне, кіндік кескен еліне қайта оралды. Оралына оралды. Ескерт­кіш болып оралды, мұ­ражай болып оралды, алаң болып оралды, даңғыл болып оралды. Руханияттың ұлы мұрасындай болып бүгінгі күннен ертеңге тіл қатып тұр. Абыройы ортақ істі атқарған азаматтарға алғыс, Қа­дыр­дың қадірін білетін ұрпақ бар екен. Сол ұрпақ аман болсын. Өмір бойы қатар келе жат­қан, бір-бірін жібермеген қос жүй­ріктің бірі – Тұмағаң осы жерде қапы қалған сияқты болып көрінеді. Алматысын, Алатауын әнге де қосқан, жырға да қосқан, анасындай сүйген, әкесіндей құрметтеген, жарындай аялаған, ұрпағындай әлпештеген ұлы ақынның көшесін іздеп, көңілі алаң болған көптің ішінде мен де бармын. Әуелі, бұдан бірер жыл бұрын, ақын інім Ауыт Мұ­­қи­бек алаң көңілін білдіріп, ар­на­йы арзу айтты. Жас жігітке тән мі­нез­­бен жігерін демдеп айтып еді. 

Жақында Алматының бас газеті – «Ақшамында» жазушы Жанар Әбдішованың «Тұман­бай­дың көшесінде жүріп, ескерткішін көргім келеді» деген мақаласы жарияланды. Мақала орынды, ойлы, ұсынақты, ұғымтал жа­зылған. Және бұл мақаланы жа­зуға Жанардың толықтай адами-имани, қаламгерлік құқы бар. Жанар – менің курстасым. Жақсы жазып келе жатқан қа­ламгер. 1974 жылы Жанар дип­лом жұмысының тақырыбын «Тұ­ман­бай Молдағалиевтің поэ­зиясы» деп бекітіп алып, «беске» қорғап шыққан. Дипломын жазу барысында екеуміз бірнеше рет сөйлесіп, ақылдасып, білгені­мізді ортаға салғанбыз. Ол Тұ­ма­ғаңның өлеңдерін өзінен кем білмейтін, талдауы да, ой-пі­кірінің самғауы да көп көңілінен шықты. «Ақшам­да» жазылған пікір-ұсыныс­тары, келтірген дәлел-дерек­тері, сөз саптау мәде­ниеті, авторлық көзқарасы тұрғы­сынан көтерген мәселеге рухани-әдеби дайындықпен келгені көзге айқын көрініп, көңілге жайлы орнықты.

Туған жерінде, өзі өмір бойы жырлап, тауыса алмай кеткен Алматысында биік тұғырда еңселі ескерткіш болып тұруға лайықты бір тұлға болса, ол – Тұманбай Молдағалиев. Бір көше болып, айдынданып жатса, оған лайықты – Тұманбай Молдағалиев. Көктем келіп, құс­тар әні Алматы аспанын тер­­бегенде есімізге түсетін бір ақын болса ол – Тұманбай Мол­да­ғалиев. Алматының арулары «Бақыт құшағында» тербелсе, оны тербеткен – Тұманбай Мол­дағалиев. «Алматы түнінде» «Көк­тем шақырса» «Көзімізді жұмсақ та» көретініміз – «Ала­тауы­мыз». Ол жазған 500-ге жуық ән мәтіндерінің бәрін тізсек, бұ­лардың өзі бір даңғыл болып, Алматыдан Есік қаласына дейін жетер еді. Ол жазған «Құстар әні» Алматы асып, Африкаға жетіп, халық әні секілді болып, қазынаға айналғалы қашан? Студент кезімде Болгарияның астанасы София қаласындағы Климент Охридский атындағы университетте тағылымдамада жүргенімде мен домбырамен қостап, осы «Құстар әнін» болғар радиосына жаздырғанымыз да еске түсті. Болғарлар қошта­ған­да бізге керісінше бастарын шайқайды екен, талай болғардың басын шайқалтып едік. Бұл тарихтың да авторы – Тұманбай Молдағалиев. Демек, Тұмағаң өлме­ген, өлмейтін адам. Ол – дарын даңғылы. Тотыдайын тара­нып, сұңқардайын сыланып, күн өткен сайын көркейіп, түн өткен сайын түрленіп, жасарып, жайнап келе жатқан алып ша­һардың бір көшесі Тұман­бай Молдағалиев атын алып, Ала­тауға қарай айдыны созылып жататын күн де келер. Әз жұртының жүрегіне жерленген жайсаң аға, жарқын талант, жасампаз жыр иесі Тұманбай Молдағалиевтің атындағы көшенің бойында, оның еңселі ескерткішінің алдында тұрған ел қарасы көңіл көзіне түседі. Өйткені дарын даңғылы туған халқының жүрегінен басталады. Жүректен басталған жол жүрекке жетеді. 

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,

ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

20.09.2018

Көкшетау тұрғыны тираждық лотерея ойынының миллионері атанды

20.09.2018

Жаңа еңбекақы жүйесі - оңтайландыру нәтижелеріне тікелей байланысты - Алик Шпекбаев

20.09.2018

Кесенелер тұрғызу жарысқа айналып бара ма?..

20.09.2018

Бүгін елімізде машина жасаушыларының VI форумы басталды

20.09.2018

Атырауда халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

20.09.2018

Бакуде дзюдодан әлем чемпионаты басталды

20.09.2018

Қоқыс өңдейтін цех ашар едім - Сергей Привалов

20.09.2018

Доллар бағамы 358 теңгеге түсті

20.09.2018

Ұрпақ сабақтастығының үлгісі

20.09.2018

АҚШ-тағы «Флоренс» дауылынан зардап шегушілер саны артты

20.09.2018

«Хат қоржын» (20.09.2018)

20.09.2018

Еурокомиссия Амазонға қатысты антимонополиялық тексерулерін бастауы мүмкін

20.09.2018

Әлеуметтік мәртебесі рәсімделеді

20.09.2018

Көкірек көзіміз қайтсек ашылады?

20.09.2018

Оралда бұқаралық домбыра тартудан рекорд жасалды

20.09.2018

Ұлттық ұлан командирлері біліктілігін шыңдады

20.09.2018

Қызылордада «Үздік анықтаушы» анықталды

20.09.2018

Балуандар Бухаресте бақ сынайды

20.09.2018

Кенияда жаттығып жүрген қазақ қызы

20.09.2018

Ақын Сараның 165 жылдығына арналған айтыс өтті

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Minez adamnyń taǵdyry ma?

Qazir Elbasynyń «Bolashaqqa baǵdar: rýhanı jańǵyrý» baǵdarlamasy týraly jıi áńgime qozǵalýda. Jańa turpatty jańǵyrýdyń eń basty sharty – ulttyq kodyńdy saqtaı bilý, ıaǵnı zaman jańalyqtaryn qabyldaı, oǵan ún qosa otyryp, basqa ulttardan árdaıym erekshelendirip turatyn ózińniń ulttyq bolmysyńdy, qazaqy qalybyńdy damyta bilý ekendigi aıtylýda.

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Esti men eski

Elektrondy aqparat quraldaryn qosa qalsań-aq jarq etip shyǵa keletin ánshilerdiń bitim-bolmystarynan syr aýlaı uzaq qadalatynyń bar. Qyz-jigitterdiń arasynda burynnan biletiniń ıa qatarǵa jańa-jańa ilingenderiniń oryndaǵan ánderine qulaı elikpeseń de – beker obaldary káne, beıjaı tyńdap otyrǵyzbaıtyn izdenisteriniń qýaty barshylyq. Bul salanyń jetik bilgiri sanalmasań da, tańdaǵan repertýaryna ózińshe kóńil aýdaryp, naqyshyn ishki tarazyńmen ólshep, órnek ıirimin oısha saraptaısyń ǵoı, baıaǵy. 

Ермухамед Мәулен, «Егемен Қазақстан»

Boljam aıtyp baıyǵandar

Sport bızneske aınalǵaly qashan. Árıne bul sózben qazir eshkim daýlasa almaıdy. Álemdegi eń baı adamdar sportshylar ekeni anyq. Alaıda osy sport bıznesi salasynda alaıaqtyq ta joq emes. Ásirese bás tigip aqsha tabatyndar men qandaı báske qoıý kerektigin usynatyndardan aıaq alyp júre almaısyz. Keńes beretin keń­seler men aqyl aıtyp otyratyn saıttar qap­tady. Aldaǵy ýaqytta alaıaqtardyń arbaýyna túspes úshin bul júıeniń qalaı áreket etetinin aıtyp óteıin. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Naǵyz Báıterek

Qazirgi baspasóz betterinde, buqaralyq aqparat quraldarynda «Báıterek» degen sóz teńeý retinde kóbinese qoǵamǵa eńbegi sińgen nemese ómir jolynda jeke basy jaqsy tabystarǵa jetken, sodan halyqtyń kózine túsken adamdarǵa qatysty qoldanylyp júr. Durys-aq. Ondaı adamdardyń eńbegi halyq ıgiligine jarap jatsa, sol ıgilikten kóptegen adamdar nár alyp, turmysyn jaqsartsa nemese sol adamnan úlgi alý arqyly urpaǵyna durys tárbıe, baǵyt-baǵdar berse, tipti basqany bylaı qoıǵanda, et jaqyn týystary, aýyldastary sonyń saıasynan pana taýyp, sol arqyly ómirin durys arnada jalǵastyryp jatsa, nege qoldanbasqa. Rasynda da, mundaı adamdar «Báıterek» degen atqa ábden laıyq qoı.

Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»

Tо́relik qyzmetke tо́r qashan beriledi?

Abaı atamyz: «Burynǵy qazaq jaıyn jaqsy bilgen adamdar: «bı ekeý bolsa, daý tórteý bolady» dep aıtypty», deıdi. Rasynda, bul sózdiń ómir tájirıbesinen alynǵanyna esh kúmán joq. О́ıtkeni bul arada hakim bıdiń sany emes, sapasy daýdy azaıtatynyna mán bergeni anyq. Al endi bul búgingi kúni de elimiz aýmaǵyndaǵy tórelik qyzmet prosesinde týyndaıtyn qoǵamdyq qatynastardy sheshýde eń basty eskerer jaıt bolyp tur. Sebebi azamattyq daýlardy qaraýda qara qyldy qaq jaratyn ádil sheshimge qol jetkizý áli de arman.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу