20 Ақпан, 2010

АСТАНАНЫ КӨРІП МӘЗ БОЛДЫҚ

1106 рет
көрсетілді
36 мин
оқу үшін
Адам баласының арманы таусылмасын деңіз. Қоларбаға таңылып, сыртқа шығудың өзі мұң болып қалғанда менің көкірегімде Астананы бір көрсем деген арман күмбірлеп тұрып алды. Елорда туралы газеттерден оқып, теледидардан көрген сайын бұл арманым үдей түсті. Ашығын айтсам, дағдарыс келіп киліккенде “қалайда Астананы көремін” деген ойым іске аспайтын қиялдай болып қалғаны белгілі. Сөйтіп жүргенде Елбасының “тікелей желісі” өтетінін естіп, Нұрсұлтан Әбішұлына хат жолдадым. Арманымды айттым, қарттық қиялым үшін, жұмыс уақытын алғаным үшін кешірім сұрадым. Мен секілді кемтар жанды түсінгеніне рахмет. Бізге көмектесуді айтып, хатымызды облыс әкіміне жолдапты. Содан мен секілді бес қамкөңіл жанды Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықов қасымызға арнайы адамдар қосып, Астанаға аттандырды. Қаңтардың аязында келсек те Астана бізді жылы шыраймен қарсы алды. Арманымның іске асқаны үшін Елбасына шексіз ризамын. Біздің сапарымызды ұйымдастырған облыс әкіміне де рахметтен басқа айтарымыз жоқ. М.ЖЕТЕСОВ, Ақтөбе. ПРЕЗИДЕНТКЕ АЛҒЫСЫМ ШЕКСІЗ Мемлекет басшысының халықпен “тікелей желі” арқылы тілдесуі баршамыз күтетін елеулі оқиға. Еліміз тұрғындары­мен емен-жарқын әңгімелесудің әсері бәрімізге зор. Соның бір мысалы ретінде менің өмірімдегі өзгерісті айтуға болады. Көпшілік азаматтардай Президентімізге өз өтінішімді жеткізе алуым соған сеп болды. Бұдан біраз жыл бұрын жұмыстан қыс­қартылып, үйде қол қусырып отырып қалуға мәжбүр болған едім. Мамандығым қандай да өндіріске қажеттілігіне әрі тә­жіри­бем жеткіліктігіне орай жұмыс та­былу­ға үмітім ақталмады. Ашық айтылма­са да сондағы сылтау жасымның 56-дан ас­қандығына байланысты екенін байқа­дым. Осындай қиындық үстінде жүргенде Елбасымен тікелей тілдесуге сәті түсуін айтсаңызшы. Басымдағы жағдайды жет­кіздім. Көзбе-көз облыс басшыларына тіле­гім орындалуы жөнінде тапсырма берілді. Сөйтіп, талай жыл еңбек еткен кен техникаларын жөндеу зауытына жұмысқа орналасып, әріптестеріммен қайта табыстым. Қазір сонда еңбек етемін, өзімнің, от­басымның тыныс-тіршілігіне еш алаң­даушылығым жоқ. Кәсіпорын индустрия­лық-инновациялық даму бойынша өңірлік бес жылдық жоспарға қамтылып, үлкен өрлеу жолын бастағалы тұр. Оған үлес қоса алатындығыма қуаныштымын. Жергілікті баспасөзден білгенімдей, біз­дің аймақтан Елбасына 1500-ге жуық сұрақ қой­ылып, ұсыныс-тілектер жеткізіліпті. Соларға қатысты мәселелердің дені шешім тап­қандығын облыс әкімінің есебінен естіп, разы болдым. Қалың қауыммен бұлайша тілдесіп-сөй­лесу өте игілікті шара деп ойлаймын. Ол жылына екі рет өткізілсе тіпті құба-құп. Облыс басшыларының да осынау үрдісті үлгі тұтуын тілеймін. Александр ТРОТНО, Қарағанды кен техникаларын жөндеу зауытының жұмысшысы. ӘРДАЙЫМ ЖІТІ НАЗАРДАҒЫ АЙМАҚ Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың елмен етенелігі өткен жылдың 13 қарашасындағы ті­ке­лей желіде тағы да айқын кө­рінді. Елбасы қалың бұқарамен тікелей желі арқылы байланысқа шығып, көптің сан сауалына жан-жақты жауап берген уақытта бәрекелді дескенбіз. Сол жолы Арал теңізі мен аралдықтар жағдайы да сөз болған еді. 2005 жылдың сәуір айында теңіз аттас аймаққа арнайы са­пар­мен келген Президент Нұр­сұлтан Назарбаев көптеген әлеу­меттік мәселелердің шешімін табуына септігін тигізді. Жаһан кереметтерінің біріне баланған Көкарал бөгетін салдыртқан Ел­басы “Арал халқына көмектес­сем деген ойымның жүзеге ас­қа­нына қуаныштымын”, деп арал­дықтардың баянды болашаққа деген үмітін маздатты. Өркениетке көш түзеген нұрлы Отанымызды даму жо­лы­на жетелеген Президент Назар­баевтың Аралға деген назары ерекше. Кенересі кеуіп, кемесі қайырлаған теңіз ұлтанын қайта суға толтырған да осындай ықы­лас. Ұдайы экологиялық апат аймағы саналған Арал алқабы әлем­дік деңгейде назарға алы­нуы­нда Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі ерен. Дүниежүзілік банкпен екі жақты келісім-шарт жасалып, “Арал­ды қорғау қорының” жұ­мы­сы жанданды. Әйгілі САРАТС жобасы дүниеге келіп, оның бірінші кезеңі ойдағыдай тәмам­далды. Балықшылықты кәсіп еткен жамағаттың салған торы май­ланып, тереңнен маржан сүзгендердің айы оңынан туды. Сөйтіп, Кіші Арал теңізін жаға­лай қоныстанған балықшылар­дың жағдайы жақсарды. Аралдың тартылу зардапта­рын жоюға барынша атсалысқан Елбасы өміршең жобаның ай­мақтағы ахуалды айтарлықтай түзететініне бек сенім білдірген. Солай болды да. Жалпы, бір кездердегі күмән сейіліп, тарихи атауға ие Арал­дың келбеті көріктене түсті. Ақ­жал толқынды теңізіміздің Арал қаласының жағалауын суымен шаяр күндер жақын екенін уа­қыт білдіргендей. Бұл анау айтқандай аңызға емес, ақиқатқа жанасатын көзқарас. Себебі, Арал жұрты Елбасы қамқор­лы­ғын жете сезініп, ертеңге сеніммен көз тастайды. Алдаберген ЖОЛАНОВ, “Нұр Отан” ХДП Арал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары. МӘСЕЛЕ КӨТЕРІЛДІ, ШЕШІМІ ТАБЫЛУДА Елбасының “тікелей желісі” кезінде Жамбыл облысы тұр­ғын­дарынан 867 сауал мен ұсыныс түсті. Ол сауалдар мен ұсыныс­тар­дың көбісінде өңірдің эконо­микалық және әлеуметтік өмірі­не алаңдаушылық білдірілген. Мысалы, Бақыткүл Бекқұ­лова­ның Қордай ауданындағы Отар поселкесін жарықтандыру мен су құбырларын жаңарту ту­ра­лы сауалы өңірдегі 2010 жылға арналған “Жол картасы” шең­беріндегі инвестициялық жобаға енгізілді. Демек, бұл ауыл тұрғы­ны көтерген мәселе биыл ше­шімін табатын болады. Сондай-ақ Жамбыл ауданын­дағы Гродиково ауылының ата-аналары сәбилерінің балабақ­ша­ға деген зәрулігін жеткізген бо­ла­тын. Гродиково орта мек­те­бінің базасы­нан 25 орындық шағын орталық ашу арқылы бұл өзекті мәселе де жақында ше­шімін таппақ. Тараз қаласында заман тала­бына сай үлкен спорт кешені әлі күнге дейін жоқ екендігі көп­ші­лікті алаңдатып жүргені рас. Осы­ған байланысты облыс орта­лы­ғының тұрғындары Елбасы­нан мәселенің шешілуіне өтініш білдірген болатын. Соның арқа­сында 2010-2012 жылдары қазіргі заман талаптарына сай Спорт са­райы мен спорт кешені салы­на­тын болып жоспарланды. Ал Меркі ауылынан еліміздің ұлт­тық құрама командасы мен об­лыстың белгілі спортшылары шы­нығып-демалатын оқу-жат­тығу базасы қолға алынғалы отыр. Әлбетте, Елбасына жолдан­ған сауалдар мен ұсыныстардың ішінде жеке бастарының жағ­дай­ларына бай­ланысты мәселелер де баршы­лық. Олардың ішінде 15 өтініштің иесіне материалдық көмек көрсетілді. Басқа сауал иелірінің де көтерген мәселелері қаралып, тексеріліп, тиісті шешімдерін тапты. Қанатбек МӘДІБЕК, Жамбыл облысы әкімдігінің ұйымдастыру-инспекторлық және кадрлық жұмыс бөлімінің меңгерушісі. ҚҰНДЫ ЖОБА ҚУАТЫ Елбасының халықпен “тікелей желідегі” жүздесуі қоғамдық пі­кір­ді зерттеудің, бүгінгі дамуы­мыз­дың қан тамырын дөп басып, алда атқарылатын жұмыстарға баға беру мен билік арасындағы байланысқа негіз болды дер едім. Жетісу жерінде жаһандық дағ­дарыстың алдын алудағы бағалы бастамаларды жүзеге асыруда нәтижелі жұмыс қолға алынғанын көреміз. Облыс орталығынан шалғайда орналасқан Үлкен кенті бүгінде құнды инвестициялық жобаның басталу алдындағы ұйымдастыру жұмыстарын басынан өткеріп, ертеңіне берік сенімдерін қалып­тастырған. Энергетика – халықтың тұрмыс-тіршілігінің қайнар көзі. Оның бүгінгі күнгі қажеттілігі де басым. Елбасының биылғы және өткен жылғы халыққа арнаған Жол­дауларында, “тікелей желі­дегі” тапсырмаларында Балқаш жылу электр стансасын салуды жеделдету айтылған еді. Қазіргі кезде оның техникалық-эконо­микалық негіздемесі аяқталғанын айтуға болады. Ағымдағы жылы жұмысы қызу басталып, қуат көзі тапшылығын болдырмау мақса­тын­дағы құрылыс қарқын алады. Инвестиция құйған Корея Рес­публикасының компаниялары келісімге қол қойып, тұрғындар серпінді жобаның ертеңіне сенім­мен қарап, оның қуаты өңір эко­номикасын көтереді деп күтілуде. Бүгінгі күні Балқаш көлінен ауыз су құбырын салу, темір жол стансасын кеңейту, реконструк­циялау және тұрмыстық жүйе мен су жинағышты қайта жаңғырту, тоған салу жұмыстары қолға алы­нып отыр. Үлкен ауылдық окру­гінің тұрғындары халыққа жасал­ған қамқорлықты ерекше сезіне отырып, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып келеді. Көптеген кәсіпкерлер сапа стандарты бойынша жұмыс істеп, ауланған “су маржанын” өңдеп, шетелдерге шығаруда. Кентке келіп қоныстанып, жобаның толық жүзеге асуын күткен маман кадрлар қатары да өсу үстінде. Үлкендіктер осы күнді тағат­сыздана күтсе, Елбасы тарапынан тікелей желіде айрықша баға берілгенін қуанышпен қабылдады. Жаңа ғасыр – қазақ­стан­дықтар үшін жетістіктер дәуірі. Демек, Отанымыздың қарыштап алға басуына баршамыздың қажырлы қимылымыз қажет. Үлкендіктер осыны терең түсініп отыр. Болатай РАХИМОВ, Үлкен ауылдық округінің әкімі. Алматы облысы. ТАБИҒАТ БАЙЛЫҒЫНА МҰҚИЯТТЫҚ ҚАЖЕТ Қазақстанның Президентін миллиондаған отандастармен байланыстырған телекөпір маған ұмытылмас әсер етті. Біріншіден, Президенттің барлық ой-өрістеріндегі және пікірлеріндегі табиғилықтың және еркіндіктің ерекше деңгейін, үнқатысу жүргізудің мәнерлі үлгісі мен шынайы адамгершілік жарқындығын, екіншіден, әр саясатшыға, басшыға, ғалымға, жалпы кімге болсын баға беріп, жауап қатудағы нақтылығын бағалай білгеніміз жөн. Оны on lіne режімде Мемлекет басшысымен бір­неше минөт пікірлесу мысалынан әбден аң­ға­руға болады. Шығыс Қазақстанға, біздің елімізге, жалпы адамзатқа өте маңызды ядролық полигон мә­селелерін қозғайтын Елбасының әрдайымғы ба­тыл қадамдарына мұндағы қалың жұртшылық аты­нан алғыс білдіре келіп, мен Ертіс өңіріндегі ке­лесі бір өте маңызды экологиялық мәселені қозғадым. Онда Ертіс жағалауындағы жүздеген километрге созылып жатқан қарағайлы орманның тоқсаныншы жылдары тағылықпен құртыла бастаған қилы тағдыры туралы сөз болды. Мені ғана емес, барлық семейліктерді Елбасының бұл мәселенің басты себептерінен және зардаптарынан кеңінен хабардар екендігі таңғалдырды. Мемлекет басшысының жауабынан мыңдаған аумақтың тұрғындары бұл мәселенің жергілікті ғана емес, жалпы мемлекеттік маңызын, табиғатты қорғау баршаның абзал борыш екендігін түсінді. Нұрсұлтан Әбішұлы орманды қорғаудың келелі мәселелерінен жете хабардар екенін аңғарта келіп, қарағайлы орманды қайтадан қалпына келтіру үшін жергілікті ресурстардың жеткілікті пайдаланылып отырмағандығын да ашық айтты. Қазақстан Президентінің отандастарымен жүргізген эфирдегі үнқатысуы біздің мемлекетте Үкіметтің және басқарудың барлық деңгейіндегі қарым-қатынастарда демократизмнің үлгісі және нормасы болады деп сенемін. Билік және әкімшілік инстанцияларына Президент Назарбаевтың беделді пікірлерінің және білікті жөн сілтеулерінің негізінде көптеген маңызды мәселелердің жедел шешіліп жатуы – оған айқын мысал. Ендігі жерде басшымыз бар, қосшымыз бар, табиғатты қорғау ісінен сырт қалуға еш хақымыз жоқ. Өйткені, табиғат байлығына әлі де мұқият болмасақ, оны келер ұрпақ кешпейді. Михаил ПАНИН, Семей мемлекеттік педагогикалық институтының проректоры. ПРОКУРОР ЖЕКЕ КӘСІПКЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАДЫ Орал қаласы прокурорының талабы бойынша Батыс Қазақ­стан облыстық ауданаралық эко­номикалық сотының шешімімен жеке кәсіпкер Н.В.Прищепаға шағын дүкен салу үшін жер телімін бөлуден бас тарту туралы Орал қаласы әкімдігінің 2009 жылғы 17 қыркүйектегі №2409 қаулысының күші жойылды. 2009 жылдың 31 наурызында жер комиссиясы азаматша Н.В.При­­­щепаға 2 жыл мерзімге уа­қытша пайдалануға жер телі­мін бөлуді ұсынған. Содан кейін 28 тамызда комиссия жер те­лі­мін 1 жыл мерзімге бөлу туралы шешім қабылдаған. 8 қыркүйекте жер комиссия­сы жердің ортақ қолданыста бо­луына байланысты Н.В.При­ще­па­ға жер телімін бөлуден бас тартуды ұсынған. Сонымен қатар, Жер кодексі­нің 43-бабының 3-бөлігіне сәйкес жер теліміне құқық беру туралы арызды ол түскеннен соң екі айға дейін, ал шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жер теліміне құқық беруді үш апталық мерзімде қарастыру көзделген. Бірақ, 6 ай бойына Орал қала­сы әкімдігінің жер комиссиясы бір-біріне қарама-қайшы келетін 3 шешім қабылдаған. Соны­мен, прокуратура заңды­лықтың орнығуына ықпал етті. ӨНЕГЕЛІ ӨМІР ӨРНЕКТЕРІ Еліміз өмірінің әр күні қауырт оқиғаларға, үлкен жаңалықтарға толы. Қазақстанның бір қиырында қыстың аязы қақап тұрғанда, бір қиырында көктемнің алғашқы бәй­шешегі бүр жарып жатады. Ұлан-байтақ жерінің асты қазба байлық­тарға толы болса, үсті де кенде емес. Елбасы еліміздің басты бай­лы­ғы – адамдары деп, жасалып жат­қан жақсылықтардың бәрі солар­дың игілігі үшін деп орынды айтқан. Қазақстандықтарды бір мақсат­қа жұмылдырып, барлық күш-қайратын бір іске шоғырландыру үлкен күш-жігерді қажет ететіні анық. Бұл үшін жұмылдырушының өзі барлық жағынан өнеге болып, сөзі мен ісі ұштасып, халықтың орасан зор сеніміне ие болғаны басты шарт болса керек. Мен, қарапайым еңбек адамы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан сондай өнегелі өмір өрнектерін көремін. Елінің даму болашағын айқындай білетін стратег, соған қол жеткізудің ең қолайлы жолдарын таңдай алатын тактик болумен қатар көшбасшының бойында елге, жерге деген шексіз сүйіспеншілік болғаны жөн. Өзінің елін, халқын бәрінен артық көретін адам ғана сол елі мен халқы үшін күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалып, жан аямай жұмыс істейтін болады. Мен үшін Нұрсұлтан Назарбаев сондай адам. Былтыр қоңыр күзде Нұрсұлтан Әбішұлының “тікелей желідегі” әңгімесін, сұрақтарға жауабын тыңдап, қайран қалып едім. Қолында биліктің болғаны аз, Нұрекеңдей өмірді терең білетін адам ғана халықтың ең мұқтаж жәйттерін дөп басып айта алады. Еліміз түсіріп жатқан пайда аз емес екенін сеземін. Ал сол пайданың қиналған кезде елге көмекке жарағаны қандай жақсы болды. Біз небір дамыған елдер төтеп бере алмаған дағдарыстан қиналмастан шығып келеміз. Өзіміздің ауданның, облыстың мысалынан жақсы білемін, “тікелей желіде” айтылған міндеттер, берілген тапсырмалар ойдағыдай орындалып жатыр. Ал нақты жүзеге асқаны қаншама десеңізші. “Тікелей желі” елімізде үлкен серпіліс туғызды, билік тармақтарының бәрін қозғалысқа келтірді. Өмірлік өнеге өзгелер үшін үйренерлік тағылым болуы тиіс. Біздің жергілікті және орталықтағы басшылар Елбасының бүкіл іс-әрекетінен өнеге ала білгені жөн. Тұрсынбек ҚАНАЕВ, мақташы. Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданы. ТІЛЕГІМ ЕСКЕРІЛДІ, КЕМТАРЛЫҒЫМДЫ ҰМЫТҚАНДАЙМЫН Өткен жылдың 13 қараша­сын­да мүгедектігімді ұмытып, екі қол­ты­ғымнан қанат байланғандай болды. Президенттің “тікелей же­лісіне” біздің Ақмола облысынан түскен 1200-ден астам сұрақтар­дың бірі менікі еді. Шынын ай­тсам, менің жағдайымды Елбасы­мыздың білгені маған айрықша қуат берді. Мем­лекетті басқару­дың қат-қабат ісінен мен туралы ойлауға мұрсат тап­қа­нының өзі қуаныш емес пе. Маған Ақмола облыс­тық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарлама­ларды үй­лес­тіру басқармасының бастығы Ә.Мадияров Елбасының атынан мүгедектер арбасын әкеліп тап­сыр­ды. Қатты толқыдым. Елба­сы­ның өзі отбасыма келгендей сезіндім. Мұндай қуанышқа Домбыралы ауылының 79 жасар кейуанасы Балқия Бисембаева да кенеліпті. Оның үйіне су жүйесі тартылып, қарт ананы қуанышқа бөлепті. Әсіресе, біздің Қоянды ауылының 5-сынып оқушысы Бәкір Бауыр­жан­ның Елбасынан жеке компью­тер сұрағаны теледидар алдындағы көпшілігімізді толғандырған еді. Ата-анасымен туған жерге оралған Бауыржан балам бүгінде тақиясын аспанға атып жүрген көрінеді. “Егеменнің” тілшісінен білдім. Ол Елбасына ризашылық хатында былай деген екен: “Аудан әкімі Марат Мыңжанов “Елбасы атаң саған әдемі компьютер беріп жіберді. Үлкен азамат болсын деген сәлемін айтты” дегенін естігенде қуанғаннан жылап жіберіппін...” Ғалым ПІШЕНБАЕВ, Көкшетау қаласының тұрғыны, І топтағы мүгедек. ТАБЫСТЫ САЛАНЫҢ САЛМАҒЫ Елбасы дағдарыстан кейінгі даму жолдарын үнемі айтып келеді. Бірыңғай шикізатқа тәуелділікті жойып, өңдеу өнеркәсібіне инвес­ти­циялар тарту – басты талап­тар­дың бірі. Ақжар ауданы табиғи пай­далы қазбаларға бай. Жер қой­науы­нан кеннің мол қорының та­былуы тау-кен өндірісімен түбе­гейлі шұғылдануға үлкен мүмкіндік берді. Әсіресе, әйнек, сазбалшық жасауға кеңінен қолдануға болатын әрі экологиялық жағынан таза кварц құмының қоры жеткілікті. Табиғаттың мол байлығын иге­руге алғашқылардың бірі болып Шығыс энергетикалық компания­сы кірісіп, ірі жобаны қолға алды. Инвестициялық қаржы құйды. Содан бері оның “Диорит-LTD” деп аталатын еншілес кәсіпорны Ленинград ауылдық округінде қиыр­шық тастар өңдеумен айналы­сып келеді. Мұнда “Дәуіт-1”, “Дәуіт-2” кен орындары орналас­қан. Осылардан алынған жақпар тастар төте жолмен өңделіп, тұрғын үй, жол, өнеркәсіп құрылыстарына пайдаланылады. Еліміздің басқа өңірлеріне де жөнелтіледі. Ресейдің Омбы облысынан да сұраныс түсіп отыр. Осылайша тау-кен өнеркәсі­бі­мен қатар құрылыс индустриясы жандана түсті. Құны 3 миллион еуроға түскен тас уататын екі фин қондырғысы сатып алынды. Тех­но­логиялық базаны жаңартудың ар­қа­сында жылдық өнім өндіру қуаты 90 мың текше метрге дейін артты. 113 адам әртүрлі жұмыстарға тар­тыл­ған. Алдағы уақытта өндірістің жылдық қуатын 800 мың текше метрге жеткізу міндеті тұр. Бұл мақ­сат үшін 424 миллион теңгенің тағы бір жобасын іске қосу көзделген. Бұл салада бірталай тәжірибе жинақтағаннан кейін Айсары кен орнын игеру мақсатымен жалпы құны 1,2 миллиард тағы бір жоба қолға алынды. Оған “Ақтөбе-GLASS” ЖШС қаржы салды. Бү­гін­де жылына 340 мың тонна кварц құмын байытатын фабрика құры­лы­сы аяқталып қалды. 43 адам тұ­рақты жұмыспен қамтылды. 1 шілдеде толық іске қосылады. Сонда қосымша жүз адам жұмысқа орналасатын болады. Біз көптен бері “Богби” ЖШС-мен іскерлік байланыстамыз. Фир­ма ауданда 235 мың гектар ауыл­шаруашылық жерлерін игеріп, ас­тық өндірісін дамытуға айтарлық­тай үлес қосып келеді. Енді, міне, серіктестік үлкен жо­балардың бірі – сыйымдылығы 60 мың тонналық элеватор салуға 750 миллион теңге қаржы тартты. Қазір 648 миллион теңге игеріліп, канадалық озық қондырғылар орнатылды. Астық қабылдау пункті күзгі орақ басталғанға дейін пайдалануға беріледі. Алда да біз үшін жаңа өндіріс ошағы болып табылатын тау-кен өнеркәсібін жандандырудың бар­лық мүмкіндіктерін қарастыратын боламыз. Зиядден МОЛДАҒАНАПОВ,  Ақжар ауданы әкімінің орынбасары. Солтүстік Қазақстан облысы. “НҰРЛЫ КӨШТЕН” ҮМІТ КӨП Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “тікелей желі” арқылы халықпен қоян-қолтық тілдескенде жергілікті жерлердегі шешімін күткен өткір мәселелер де сорпаның бетіндегі майдай қалқып шығады. Былтыр 13 қарашада Президенттің қатысуымен өткен “тікелей желіде” біздің облыстан да көптеген сұрақтар түсті. Олардың мағынасы да сан алуан еді. Өйткені, өзін толғантқан өткір мәселелерді Президентке жеткізу үшін адамдар осы “тікелей желіні” асыға күткені рас. Солардың арасында атажұртқа қоныс аударып жатқан ағайындар да 12 сұрақ жолдаған болатын. Олардың барлығы дерлік негізінен баспана мәселесін қозғайды. Бұрнағы жылдары ата қонысқа келгендерді мемлекет тегін баспанамен қамтамасыз еткені белгілі. Бірақ кейінгі жылдары инфляцияның күшеюіне байланысты үй қымбаттап кетті де, оларға нарықтық бағамен баспана сатып әперу мүмкін болмай қалды. Бір реттік көмек ақшаға және отбасының әр мүшесіне арнап бөлінген қаржыға баспана келмеді. Оған дағдарыс келіп килікті. Соның салдарынан баспана мәселесінің оралғандар арасында өткір тұрғаны рас. Кейінгі жылдары Қостанай облысына көбіне Өзбекстанда тұратын туысқандар қоныс аударып, олар облыс орталығының іргесіндегі Қостанай ауданы мен Рудный қаласына орналасты. Өткен жылы қатарымызды 293 отбасы немесе 1166 адам толықтырды. Олардың басым көпшілігі Өзбекстанның кенді аймағынан келгендіктен, Рудныйдағы Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігіне жұмысқа тұрды. Еліміздегі “Нұрлы көш” бағдарламасынан елге алушылардың күтер үміті көп. Бұл іс біздің облыста да басталып кетті. Облыстық мәслихат 2010-2011 жылдарға арналған бұл бағдарламаның аймақтық атқарылатын жұмыстары туралы шешімін шығарып та қойды. Қостанай қаласының іргесіндегі Заречный және Затобол кенттерінің арасынан 2010 жылы оралғандар қалашығы салынып, онда 130 үй бой көтермек. Осы орасан зор жұмыс үшін республика бюджетінен 915 миллион 800 мың теңге, жергілікті бюджеттен 38 миллион теңге бөлінді. Облыс қазынасының қаржысы болашақ елді мекеннің сметалық-жобалық және мемлекеттік сараптама жұмыстарына жұмсалуда. Қалашықтың іргетасын қалай беретіндей, құжаттардың барлығы да дайын. Қазір осы құрылысты салатын мердігер кәсіпорынды таңдау, келісім жасау жұмыстары жүруде. Енді Қостанайда жер тоңы кетіп, күн жылысымен қалашық үйлерінің іргетасы қалана бастайды. Атажұртқа келген ағайындарды баспанамен қамту ісі мұнымен аяқталмайды, “Нұрлы көш” шеңберінде 130 үй 2011 жылы да тұрғызылмақ. Бұл үйлердің барлығы да жеңілдікпен сатып беріледі. 2008-2009 жылдары қаржылық дағдарыс кезінде келген және үстіміздегі жылдың квотасымен қоныс аударғандарға жаңа үйлер ұсынылады. Енді жұмыссыздық та сырттан келген ағайынға қиындық тудырмай қойған жоқ. Әсіресе, ауылдық жерлерге қоныс тепкендердің барлығы бірдей жұмыс істеп отыр десек, шындыққа сай келмейді. Өзбекстаннан келген қандастардың басым көпшілігінің кеншілер екенін айттық. Ауылдық округтерге, кәсіпорындарға, аудандар мен қалалардағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерімен байланыс жасап, оларға жұмыс берілуін, керек жағдайда кәсіптік қайта даярлықтан өтуге жазылуын да қадағалаймыз. Өзбекстаннан келген ағайындар жергілікті жердің жағдайына тез бейімделіп келеді, өйткені солтүстік облыстардың ерекшелігіне қарай олар да орыс тілін біледі. Мұның өзі олардың ата жұртқа сіңіп, үйреніп кетудегі көптеген қиындықтарды жеңуге септігі тиеді. Ал “Нұрлы көш” бағдарламасы алыстан келген ағайындар керуенінің жүгін аудармайтын болады. Алмабек ШӘМШИЕВ, Қостанай облыстық көші-қон және  демография басқармасының бастығы. ҚАМҚОРЛЫҚ ҚАЖЕТ, ҚАМҚОРЛЫҚ ЖАСАЛАДЫ Елбасымен “тікелей желі” ке­зінде Маңғыстау облысы тұрғын­дары­ның тарапынан берілген сауал­дардың ең көбі халықты әлеуметтік қолдау, зей­неткерлікке, мүгедектік­ке, балаларға бір жолғы берілетін төлемақылар, оралмандар мен жас отбасыларға көмек және халықты жұмыспен қам­туға байланысты болды. Соған орай біздің басқарма тікелей 58 сауалға, қосымша, яғни бас­қармалар мен аудан, қала әкім­діктерімен бірлесе, ақыл­даса отырып 72 сауалға жауап бердік. Сол сауал­дар арасында 15 жас отбасының жас отбасыларға Үкімет тарапынан қан­дай көмек көрсетіледі, балалар бақ­шасына бала орналастыру неге қиын деген, жалпы жұмысқа орналастыру жайлы сауал­дарына нақты жауап бе­рілді. Онда Қазақстан Республика­сы­ның қолда­ныс­тағы заңнамаларын­да кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларға мемлекеттік атаулы кө­мек және 18 жасқа дейінгі балалары бар табысы төмен отбасыларына ба­лалар жәр­дем­ақысы төленетіні айтылды. Ал еңбекке орналастыру жайлы өңірде осы жылы 74 жоба іске асып, 3555 жаңа жұмыс орны ашылатынын, сон­дай-ақ 400 әлеуметтік жұмыс орны болатындығын назарға бердік. 2009 жылы 295 кә­сіпорында 800-ден астам жас мамандар практикасын ұйымдастыр­ған­быз. Ол жұмысты одан әрі жал­ғастыру көзделуде. Және де еңбек­ақыны екі есе өсіру қолға алынды. Яғни, осы жылдан бастап мемле­кет­тік бюджет қаража­ты­на қосымша жұмыс беруші кәсіп­орындар есебінен сондай ақша қосу шаралары алынды. Осы тұста биыл тойланатын Ұлы Жеңістің 65 жыл­ды­ғына орай біраз сауалдар түсті. Жеке азаматтардың арыз­дарын ал­дық. Онда тыл арда­герлері мәрте­бе­сін беру туралы сауал-ұсыныс бар бо­латын. Бұл мәселеге орай жер­гі­лікті әкімдіктер жанындағы арнайы комиссиялармен бірлесе жұмыс жасау оң шешімін береді деп отырмыз. Жалпы, Елбасымен “тікелей желі” маңызды мәселелер қозғауы­мен құнды болып, халық үшін пайдалы да қажет екендігін көрсетті. Әсіресе, халыққа әлеуметтік көмек көрсетуде жергілікті органдардың әрқашан бірлесе, ақылдаса жұмыс жасауының берері мол екендігін байқатты деуге әбден болады. Гүлмира ҚАЛМҰРАТОВА, Маңғыстау облыстық халықты жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар  басқармасының бастығы. СҰРАҚ ҚОЙЫЛДЫ, ДЕМЕК МӘСЕЛЕ БАР Елбасының “тікелей желі” арқылы жұрт­шы­лықпен жүздесуі кезінде облыс орталы­ғы­нан 135 сұрақ, ұсыныс түскен болатын. Мұ­ның барлығы қала әкімдігінде қаралды. Елба­сына сұрақ қойған адамдардың дені соғыс арда­герлері және тыл еңбеккерлері, зейнет­керлер, денсаулығына байланысты мүгедектер, көп балалы отбасылар, елге оралғандар, жетім жасөсіпірімдер, мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік мекемелердің қызметшілері. Сұрақ­тардың жалпы сипаты мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үй алу және же­ке­ше­лендіру, сондай-ақ тұрмыс жағдайын жақ­сарту шарттары, тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық (аулаларды көріктендіру, ПИК жұмысы, жылумен, электрмен қамту, апаттық жағдайдағы автотұрақтар және жарамсыз тұрғын үйлер); Павлодар қаласы және Пав­лодар облысының атауын ауыстыру, әлеу­меттік орта, сондай-ақ, балаларды балабақ­шаға орналастыру мәселелері бойынша қойылды. Ұлы Отан соғысына қатысқан Андрей Григорьевич Двойносқа оның 2009 жылғы 25 қарашада берілген өтініші негізінде Ледовский көшесі, 179/4 үйден №7 пәтер ақысыз меншік иелігіне берілді, ал азамат Марат Смағұловтың жиеніне 2009 жылдың 23 қарашасында Павлодар қаласының №17 бала­бақшасына жолдама берілді, азаматша Лариса Алексан­дров­на Киселеваның өтініші бойынша, Сибирский көшесі, 89 үй жанындағы автобус­тар мен маршрутты таксилердің апаттық жағ­дайдағы аялдамасын алып тастау мақсатымен “Остановка запрещена” жол белгісі орна­тылған. Сол сияқты, қазір Ұлы Отан соғысына қатысқан Ф.Шариповтің өзіне берілген пәтерді жекешелендіру жайында өтініші орындалды. Облыс орталығында тұратын азаматша А.К.Сить­калованың балконына пандус орна­тылады. Әселдің өтініші бойынша Ломов к-сі, 179/4 үйінде жөндеу жүргізген “Ремстрой” ЖШС кәсіпорнына №56, №59, №74 №75 пәтерлердің қабырғаларын жөндеудегі сапасыз ат­қарылған жұмыстарды жөндеу туралы ұй­ғарым жолданды Алмагүл Наурызбаеваның өтініші бойынша Кенжекөл ауылын электр қуатымен қамтамасыз ету торабының құрылы­сын, оның ішінде аталған ауылға 3 кіреберіс жо­лын салу және 2010 жылы болашақта ЭҚЖ тарту бойынша сметалық жобалық құжаттар әзірленуде республикалық бюджеттен 15 мил­лион теңге бөлінді. Азаматша Г.Ф.Рахманова­ның қызы Ж.К.Өтелбаеваның оқуын аяқта­ғаннан кейін жұмысқа қабылдау мәселесі оң шешімін табатын болады. Натальяның өтініші бойынша 2010 жылға арналған Павлодар қа­ласының ішкі аулаларын көріктендіру жос­пары­на сәйкес Гагарин к-сі, 87 үйдің ауласына жөндеу жұмыстары 2010 жылға жоспарланды. Істен шыққан газ тарату қондырғыларына (ГРУ СУГ) демонтаж жасау және осы мақсаттарға 2010 жылы 46 миллион 450 мың теңге қаражат бөлінді, Екатерина Урбанның өтініші бойын­ша, 2-ші Павлодардың көшелері мен жаяу жол­дарын асфальттау “Павлодар қаласының көлік инфрақұрылымын дамыту” жоспарына сәйкес 2015 жылға дейінгі болашақ жоспарға енгізілді, көшелерге жарық тарту 2010 жылдың бюд­жетінде қаралады. Ольганың өтініші бойынша, 2010 жылдың 1-ші жарты жылдығына бел­гіленген “Алюминстрой” ауданы жоспарының жобасы әзірленгеннен кейін, ескі тұрғын үйлерді бұзу тетігі анықталады және тұрғындарды көшіру мәселелері шешіледі. Облыс орталығындағы Я.Геринг көшесінің жолы 2010 жылға арналған жоспарға алынды. Жұлдыз Қалиеваның өтініші бойынша, Ген. Дүйсенов, Естай-Горький көшелерінің ас­фальт­бетон жабындысын жөндеу, оның ішінде Мир және Лермонтов көшелерінің Крупская көшесімен қиылысында орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша ҚазЖЗИ “Изыскатель” ЖШС қайта құру жобасын әзірледі және ол жобаны қаржыландыру 2010 жылғы бюджеттің қосымша шығындар бөлігіне енгізілді. Ал қалған сұрақтар бойынша қазір бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бақытжан ЖОЛАМАНОВ,  Павлодар қаласының әкімі.