Қазақстан • 14 Қыркүйек, 2018

Жылу маусымына дайындық барысын баяндады

1135 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, вице-министр Болат Ақшолақов, министрліктің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы Сұңғат Есімхановтың қатысуымен «Жылыту маусымына дайындық барысына арналған баспасөз мәслихаты өтті.

Жылу маусымына дайындық барысын баяндады

Баспасөз мәслихатын өткі­зу­шілердің мәлімдеуінше, жыл басынан бері республикада электр энергиясын өндіру көлемі 74 млрд КВт/сағ құрады, ал тұтыну көлемі 70 млрд КВт/сағат болды. Бұл – өткен жылдың осы мер­зіміндегіден 6%-ке жоғары.

Алдағы жылыту маусымына дайындық барысы туралы әңгіме қозғаған Қ. Бозымбаев бұл мәселенің министрліктің тұрақты бақылауында болатындығын атап көрсетті. Бұл іске Үкімет тара­пынан да жіті көңіл бөлінуде. 22 тамызда Үкімет отырысында және 27 тамызда Премьер-Ми­нис­тр­дің бірінші орынбасары А.Ма­мин­нің төрағалық етуімен өткен ке­ңесте осы мәселе арнайы қаралған.

Энергетика мен Инвес­ти­циялар және даму министрлерінің бірлескен бұйрығымен 2018-2019 жылдардағы жылу бе­ру маусымының тұрақты өтуін қам­тамасыз ету үшін дайын­дықты бақылау, жылу маусымын өткізу, электр стансаларын, ком­муналдық секторды және халықты көмірмен қамтамасыз етуді қадағалап, істі үйлестіру шта­бы құрылды. Штаб құрамына министрліктер мен әкімдіктердің жауапты тұлғалары енгізілді. Бұйрық шеңберінде Энергетика министрлігіне күзгі-қысқы кезең­ге дайындалу мен өту мони­торингін жүргізу және елдің электр стансаларында отынның нор­мативтік қорын жинақтауды күн­делікті қамтамасыз ету бекі­тілген. Инвестициялар және даму ми­нистрлігі апталық негізде көмір өндіретін ұйымдардан кө­мір өндіру мен тиеуге, көмірді ком­му­налдық-тұрмыстық сектор­ға және халыққа тиеп-жөнел­туге, ұсынылған өтінімдерге сәй­кес көмір тиеу вагондарымен қамтамасыз ету бойынша жұ­мыс­тар жүргізуі тиіс.

Бұдан басқа Энергетика ми­нис­трлігі Инвестициялар және даму министрлігімен, әкім­дік­термен және «KEGOC», «Қазақстан темір жолы», «Са­мұрық-Энерго», «ҚазТрансГаз» ұлттық компания­ларымен бір­лесе отырып ай сайын барлық энергетикалық кә­сіпорындармен селекторлық ке­ңес өткізу жөнінде ұйғарым жа­салды.

Алдағы 2018-2019 жыл­дар­дағы күзгі-қысқы кезеңде еліміз­дің тұтынушыларын тұрақты энергиямен жабдықтау үшін 8 энергоблокты, 56 энергетикалық қазанды және 45 турбинаны күрделі және кеңейтілген ағым­дағы жөндеу жоспарланған болатын. Қазір электр стансаларында 4 энергоблок (жылдық көлемнің 50%-і), 32 қазандық (57%) және 24 турбина (53%) жөнделді. Бұл ретте турбиналар мен қазан­дықтар бойынша жұмыс қарқыны өткен жылғы деңгейден 10%-ке жоғары екендігін атап өткен жөн.

Сонымен қатар еліміздің бір­тұтас электр энергетикалық жүйе­сін 2018-2019 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге дайындау үшін жалпы ұзындығы 28 477 шақырым электр желілерін жөн­деу жоспарланса, соның 24 мың ша­қырым желісі жөнделді. Бұл жыл­дық жоспардың 85%-ін құрай­ды. Мұның сыртында 4,5 мың қосалқы станса да жөндеу­ден өткізіліп отыр. Орталық­тан­дырылған жылумен жабдықтау аймағында 500 қазандықтың 439-ы (жылдық жоспардың 88%-і) жөнделді. Жалпы жөндеу жұ­мыстарын орындау кесте бойынша жүзеге асырылуда.

Электр стансаларының отын қоймаларында 3,3 млн тонна көмір мен 78 мың тонна мазут жиналған, бұл жалпы норма­тивтік көлемге сәйкес келеді. Жы­лыту маусымы басталғанға дейін көмір бойынша норматив Көкшетау қаласының МКК «Көкшетау Жылу» №2 қазанды­ғында (20 тәулік норма ішінде 7 тәулік қалған) жасалатын болды.

Орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағындағы қазандықтарында 1,1 млн тон­на көмір жинақталды. Бұл жос­пардың 84%-і. Ал жинақталған мазут көлемі 25 мың тоннаны құрады. Бұл жоспардың 18%-і
ғана. Осыған орай Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыс­тарында көмір, ал Ақмола және Қарағанды облыстарында мазут дайындау қарқынын арттыру қажеттігі атап көрсетілді.

Баспасөз мәслихатына қаты­сушылар Қазақстанда 8 айда шамамен 70 млн тонна көмір өндірілгендігін, бұл өткен жыл­дың осы кезеңімен салыстыр­ғанда 4,6%-ке артық екендігін мәлімдеді.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан»