Қазақстан • 14 Қыркүйек, 2018

«7 – 20 – 25» бойынша берілетін үйлер тапшы

626 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«7 – 20 – 25» бағдарлама­сының шартына сәйкес толық аяқталып біт­кен, құжаттары дайын жаңа баспаналарға ғана ипотека берілуі тиіс. Көп жағ­дайда құрылысы аяқ­талмаған пәтерлер­дің бағасы арзанға түс­кен­діктен, ерте сатылып кетеді. Сөйтіп «7 – 20 – 25» ипотекалық бағ­дарламасына берілетін баспаналар саны жет­кі­ліксіз болып отыр. Бұл мәселені шешу үшін бағ­дарлама аясында арнайы тұрғын үйлер салу жос­парлануда. 

«7 – 20 – 25» бойынша берілетін үйлер тапшы

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «Баспана» ипотекалық компа­ния­сының басшысы Қайрат Алтынбеков «7 – 20 – 25» ипоте­ка­лық бағдарламасының іске асырылу барысына тоқталды.

− Бүгінде Солтүстік Қазақ­стан мен Түркістан облыстарында «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша берілген ипотеканың көлемі тым аз. Себебі аталған өңірлерде жаңа тұрғын үйлер саны жеткіліксіз. Осыған байланысты Ұлттық банк «Баспана» ипотекалық компаниясы­­мен бірлесе отырып, «7 – 20 – 25» бағ­­дарламасына өзгеріс енгізді. Оған сәйкес, біз бағдарлама аясында салынатын жаңа үйлерді арттыру үшін шамамен 150 млрд теңге бөлуге әзірміз, – деді Қ.Алтынбеков.

Оның сөзіне қарағанда, жаңа бағдарламаға сұраныс жоғары болғанымен, банктер барлық өтінішті қабылдауға асықпай отыр. Мәселен, осы уақытқа дейін екінші деңгейлі банктерге 26 млрд теңгеге өтінімдер түсіп, соның ішінде 18 млрд теңгенің ипотекасы мақұлданған. Бұл – шамамен 1 500 пәтер.

Айта кетерлігі, бүгіннен бастап «7 – 20 – 25»-ке қосым­ша «Баспана-Хит» атты жаңа ипоте­калық бағдарлама іске қосыл­ды. Онда алғашқы жарна­ның көлемі өзгермейді. Алайда проценттік мөлшерлеме Ұлттық банктің ставкасына байланысты болмақ.

− Мәселен, Ұлттық банктің базалық ставкасы 9 процентті құрайды. Оған тағы 1,7 процент қосылады. Осылайша, «Баспана-Хит» бағдарламасы бойынша проценттік мөлшерлеме 10,7 болады. Ипотеканың мерзімі – 15 жыл. Ал бастапқы жарнаның мөлшері 20 процент болып қала береді, – дейді Қ.Алтынбеков.

«7 – 20 – 25» ипотекалық бағдар­ламасына қатысушылар саны бойынша Алматы, Астана қала­лары, сонымен қатар Маң­ғыс­тау облысы көш бастап келе­ді. Ақ­төбе, Шығыс Қазақ­стан және Ақ­мола облыстарында да несие беру қарқыны өсуде.

Осы жиында айтылғандай, аталған бағдарлама шеңберінде жас отбасылар мен бюджеттік сала қызметкерлері үшін «Жас арман» және «Қамқор баспана» жобалары әзірленіпті. Жергілікті атқарушы органдар жоғарыда аталған санаттағы азаматтарға бастапқы жарнаны қысқарту үшін субсидия қарастыруда. Бұл ретте үй кезегінің тізімін жасау, өнімге қатысу үшін азамат­тар­ды іріктеу әкімдіктердің еркіне берілген. Таяуда «Баспана» ұйымы Шымкент қаласы әкім­дігімен бірге алғашқы жобаны іске қосты. Жоба бойынша Шымкент әкімдігі 2 мыңға жуық тұр­ғынға қолдау көрсету үшін 2 млрд теңге субсидия бөлген.

Бұған дейін аталған бағдар­лама негізінде Центркредит банкі, АТФ Банк, Цеснабанк, BankRBK, Евразиялық банк арқылы несие рәсімделетін болса, 11 қыр­күйектен бас­тап, Қазақстан Халық Банкі және ForteBank те осы тізімге қосы­лып отыр.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақсан»