Шын мәнісінде бұл көркем фильмге лайықталып жасалған декорация болатын. 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпия ойындарының чемпионы, балуан, бүгінгі Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров жайлы фильмнің негізгі түсіру жұмыстары Талдықорғанда жалғасуда. Жетісуда түсірілген фильм эпизодына балуанның Олимпиада алдындағы дайындық кезеңі мен әлемдік дода үстіндегі теңдессіз жеңіс сәті арқау болған. Үшкемпіровтің жалынды шағын жас актер Олжас Сақ сомдайды.
– Жақсылық ағамыздың рөлін сомдау әрі жеңіл, әрі қиынға соқты. Жеңіл болатыны, өмірі нұрлы, жолы жарқын ғой ол кісінің, өзі де үнемі ақыл кеңесін айтып, қамқор болып қасымда жүр. Қиналғаным, балуанның боз кілемдегі әдіс-айласын айнытпай қайталауға тиіспін. Өзім еркін күреске қатысқан едім, Жақсылық аға классикалық күрестің шебері. Екі ай бойы жаттығу залынан шықпай дайындалуға тура келді, – дейді актер.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы