Талапкер жігіт білікті ұстаздардан алған тәлімін аздаған уақытта іске асырды. Ол «Туған жерге – тағзым» бағдарламасы негізінде ауылынан жеке меншік оқу орнын ашты.
Қандай істі бастасаң да қаржыға тірелетіндігі айқын. Қуаныш «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасындағы инновациялық жобаларға арналған байқауға қатысады. Кезінде осы байқау комиссиясының мүшесі болғандықтан бұл жағдайды жақсы білеміз. Мемлекет тарапынан инновациялық жаңалығы бар тың жобаларды қаржыландыруға берілетін тегін грантқа «қоражай салып, бордақылауға мал байлаймын, бассейн қазып балық өсіремін, спорт алаңын саламын болмаса алдыма мал саламын», деген жоспар кірмейді. Бұл мақсатқа жеңілдетілген несие бар. Тегін грант ұту үшін қолға алған кәсібің елге пайдалы әрі тың дүние болу керек. Қуаныш Дәуренбеков байқауда жеңіске жетіп, алғашқы бизнес капиталын құрап алды.
Қызылжарма ауылынан ашылған жекеменшік мектепте 4 мұғалім мен 1 логопед жұмыс істейді.
Оқу орталығында бастауыш және жоғары сынып оқушыларына тереңдетілген математика, ағылшын тілі және ментальді арифметика сабақтары жүргізіледі. Кәсіпкер ауыл тұрғындарының өтінішімен логопед кабинетін ашып, Ақтөбеден арнайы маман шақырған екен. Баланың бәрі қабілетті емес. Араларында сөзді бұзып сөйлейтін немесе кейбір әріптерді дұрыс айта алмайтын тілі мүкіс бүлдіршіндер де бар. Ауылда тұрып қаладағы білікті мамандарға көрсету, оқыту оңай шаруа емес.
Ақтөбеден арнайы келген логопед маман Гүлназ Ерланқызы бірталай баланың тіл мүкісі түзеліп қалғандығын айтады.
Аптасына алты күн сабақ өткізілетін орталықта бүгінде 50-ге жуық оқушы білім алып жатыр. Оқу ақысы да ауылдықтардың қалтасын қаға қоймайды.
Қуаныш Дәуренбеков бұл жетістіктеріне тоқмейілсіп отырған жоқ. Ол болашақта IT паркте резидент болып, виртуалды оқыту жүйесін енгізуге және Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің бизнес-инкубатор оқу орталығымен бірігіп, мобильді жұмыс жүйесін іске қосуға жұмыс істеп жатыр.
«Білікті бірді, білімді мыңды жығады» деген халық мәтелінің түйіні осы. Жаңа жобамен жұмыс істеуге тәуекелі жеткен кәсіпкер осылайша бизнесін өркендетіп қана қоймай, туған ауылының қажетіне жарап келеді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы