Қазақстан • 14 Қыркүйек, 2018

Алматыда халықаралық жастар форумы  өтті

59 реткөрсетілді

Алматыда ел жастарын қанаттандыруға бағытталған халықаралық жастар форумы өтті.  Аталған форумды ұтымды идеясымен көзге түскендер  үшін өз армандарын іске асырудың таптырмас мүмкіндігі деп атауға болады.   

Қай елдің де жарқын болашағы жан-жақты білімді, ұшқыр ойлы талантты жастар. Аталған жобаның  басты мақсаты әр саладағы дарынды жастардың басын қосып, олардың арман-мақсаттарына жол  ашу дейді ұйымдастырушылар. Форум жұмысына  Әзербайжан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстан жастар ұйымдарының мүшелері, мемлекеттік органдардың өкілдері, жас кәсіпкерлер мен еріктілер  қатысты.

 Шараның ресми ашылу салтанатында ТМД елдерінен келген делегация жетекшілері сөз сөйлеп, еліміздің қонақжайлығына алғыстарын білдірді. Өзара тәжірибе алмасып, тың идеяларымен бөліскен жетекші жастар экономика, әлеумет, білім, мәдениет, спорт салаларындағы  жетістіктерді саралап, осы бағыттар бойынша әлі де шешімін таба алмай келе жатқан ортақ проблемалармен күресудің оңтайлы жолын қалыптастыру мәселесіне тоқталды. Ғаламға ортақ мәселелердің түйткілді тұстарын сараптап, білім мен білік, еңбек пен табыс құпиялары төңірегінде ой бөлісті. Басқосу аясында «Заманауи туризмнің трендтері», «Волонтерлік өмір салты бейнесі», «Жастар және бизнес», «Ақпарат ағымындағы жастар» тақырыптарында сұхбат алаңдары өтті. Білікті жастар өз тәжірибе жолы мен жетістіктерінің құпияларын ортаға салды.

Жастар ісі жөніндегі федералдық агенттіктің халықаралық қызмет бөлімінің басшысы Дмитрий Иванов өз сөзінде Ресей Федерациясы үшін ТМД кеңістігіндегі өзара ықпалдастықта жастар арасындағы  өзара іс-қимылды дамыту басым бағыт болып табылатынын атап өтті. 

«Біз өз тарапымыздан әр түрлі бастамаларды конструктивті түрде қолдауға дайынбыз. Бізде гранттық қолдауды жүзеге асыратын мүмкіндіктер  бар. Форумға қатысушылардың алған тәжірибелері болашақта өз жемісін береді деп үміттенеміз», - дейді ол.  Ресей делегациясының басшысы ұсынылған жобаларды жүзеге асыру үшін Жол картасын әзірлеуді ұсынды. Ал Әзірбайжан жастар ұйымдарының Ұлттық кеңесінің төрайымы  М. Меджидова жастар кәсіпкерлігі мен еріктілік қызметті дамытудың тың тетіктері, жастар ұйымдары мен жобаларының өзектілігі жайлы ой өрбітті. Оның сөзінше,  соңғы жылдары әлем жастарының бизнеске деген құлшынысы артқан. Сондықтан әр мемлекет жастар ұсынған ұтымды жобаларға демеу көрсету қажет.

Одан бөлек  Қырғыз Республикасы Үкіметі жанындағы Жастар ісі, дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік агенттігінің жастар саясаты бөлімінің бас маманы А. Адамалиев, Беларусь Республикасы Білім министрлігінің «Балалар мен жастардың көркем шығармашылығы ұлттық орталығы» Республикалық жастар білім беру орталығы мекемесінің меңгерушісі Д. Туронок, Өзбекстанның Бүкіләлемдік жастар қауымдастығының төрағасы М. Әлімбаев, «Масис»  «Қазақстандық армян қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары  А. Навасардян форумда қамтылған тақырыптар  төңірегінде өз ұсыныстарын ортаға салды.

Форум қорытындысы бойынша қатысушылардың ұсыныстары негізінде тиісті ұсынымдар қабылданатын болады.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар