Кездесуді ашқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев бүгінде қоғамымызда әлеуметтік, экономикалық, халықаралық жағдайларға байланысты түрлі мәселелер бар екеніне тоқталды.
– Қазіргі қоғам өзекті мәселелерге қатысты нақты әрі әділ жауапқа мұқтаж. Осыған байланысты «Нұр Отан» партиясы аталған түйткілдер бойынша жүйелі жұмыс жүргізуді жалғастыра береді. Біздің бүгінгі мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-әрекетті жандандыру мәселесін көтеру үшін жиналуымыздың өзі партияның осы бағыттағы жұмысының нәтижесі екені сөзсіз, – деді М.Әшімбаев.
Сонымен қатар партия Төрағасының бірінші орынбасары қоғам мен билік арасында диалог мәдениетін қалыптастыру мәселесіне назар аударды.
– Мұндай диалог тек бір-бірімізді тыңдаумен ғана шектелмей, қоғамды алаңдатқан мәселелерді шешудің тиімді тетіктерін қарастыратын басқосу болуы тиіс. Қазіргі таңда елімізде экономика, саясат, руханият және әлеуметтік саланы қамтитын кешенді жаңғыру жөнінде нақты күн тәртібі бар. Сондықтан аталған диалог барысында Қазақстанды жаңғырту және қордаланып қалған мәселелерді шешу жолдарын талқылауымыз керек, – деді М.Әшімбаев. Сондай-ақ ол осы мәселе бойынша бірнеше бағыттарға тоқталды.
– Біріншіден, барлық мемлекеттік орган қызметтерінің ашықтығын қамтамасыз ететін Open Government Partnership бағдарламасын енгізуіміз керек. Бүгінде қандай да бір маңызды мемлекеттік бағдарлама мен бастаманы қабылдар алдында қоғамның талқысына салу дәстүрге айналды. Open Government Partnership аясында осы механизмдерді жандандырып, басқа да тетіктерді қарастыру керек. Қоғамның жай талқылап қана қоймай, әлеуметтік салада тиімді ұсыныстар дайындауға белсенді қатысуын қамтамасыз етуіміз қажет. Ал мемлекет оларды ескеруі тиіс. Диалогтің екінші механизмі мен бағыты – қоғамдық кеңестердің жұмысы. Бұл жөнінде Қоғамдық даму министрлігінің тиісті заңға өзгерістер енгізуді қолға алуы көңіл қуантады. Бұл дер кезінде жүзеге асырылған жұмыс деп есептеймін. Осы бағытта бәріміз жұмыс істеуіміз керек. Сол заңға табан тіреген тиімді қоғамдық кеңестер құруымыз керек. Үшінші бағыт – «Нұр Отан» партиясы. Партия талқылаулар мен пікірталас алаңы болуға және түрлі мәселелерді шешу жолдарын Үкімет, мемлекеттік органдар және әкімдіктердің алдына қоюға дайын. Сондықтан өзекті мәселелерді партия алаңында талқылаудың берері мол деп есептеймін, – деді ол.
Осы іспеттес трендтер Қазақстанда өзекті болып табылады. Әлеуметтік желілердегі танымал лидерлердің аудиторияны қамтуы көптеген дәстүрлі БАҚ-тан асып кетуі мүмкін. Позитив сияқты, айла-шарғылық сипаттағы ықпал етудің үлгілері де пайда болуда. Өзара әрекет етудің дәстүрлі үлгілері ескіруде. Бүгінгі қоғам өзара әрекет етудің заманауи тәсілдеріне мұқтаж.
Пікірталас қорытындысы бойынша, нақты ұсыныстар пысықталып, олар Үкімет, Парламент және жергілікті атқарушы органдарға жолданады.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»