Бизнес • 19 Қыркүйек, 2018

Гектарына – 62,5 центнер!

94 реткөрсетілді

Тамыз айының соңғы күндері толассыз жауған жауын бітік өскен астықты орып, бастыруға біршама қолбайлау туғызып еді, қоңыр күз жайма-шуақтық танытып тұр. Диқан қауымына керегі – осы, ауа райының қолайлы болуы. Сәл-пәл баяулап қалған науқан қайтадан қызып сала берді. Қазір еш кідіріс жоқ. 4,2 миллион гектар алқаптың өнімдерін жинап алуға 10 мыңға жуық әртүрлі маркалы техникалар жұмылдырылған. Жанар-жағар май, жұмыс күші жеткілікті. Айыртау ауданына барған жұмыс сапарында облыс әкімі Құмар Ақсақалов бидай танаптарының әр гектарынан 62,5 центнер ел ризығы жиналып жатқан алқапты аралап, күзгі орақтың барысымен танысты. Бұрынғы рекорд 55 центнер болса, биыл жаңартылып, көрсеткіш 7,5 центнерге асып түскен. Осындай мол өнімге қалай қол жеткіздіңіздер деген сауалға «Бабық-Бұрлық» ЖШС-нің директоры Сейілбек Махметов Жер-ананы мәпелеп күте білсе, жомарттығында шек жоқ деп қыс­қа ғана жауап қайырды. Сөзге сараң, іске мығым еңбек адамына тән қасиет дер­сің. 

Өңір басшысы Қызылжар, Есіл аудандарының егіс танаптарын аралау кезінде бабықбұрлықтардың тәжірибесін үлгі етті. Мемлекет аграрлық салаға жүйелі қолдау көрсетіп келеді. Еңбекақының өсуі, басқа да әлеуметтік көрсеткіштердің жақсаруы астық өндірісінің рентабельділігіне тікелей байланысты. Жұмыс нәтижелігі жергілікті биліктен де сұралады.

Расында да, Төменгі Бұрлық ауылының тұрғындарына барлық жағдай жасалған. Орташа еңбекақы 115 мың теңгені құрайды. Биыл әр үйге орталықтандырылған жылу жүйесі тартылып, жұмысшыларға арналған баспаналар салынуда. «Сырымбет–1» агроқұрылымының басшысы Манат Ғабдуллиннің айтуынша, биыл өнім өте берекелі. 6 мың гектар алқаптың үштен біріне майлы дақылдар себіліпті. Гектар берекесі 18 центнерге жетеғабыл. 

Айыртау – ірі астықты аудандардың бірі. 370 мың гектар жердің өнімін жинап алу үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Ірі қара малы 52 мың басқа жуықтайды. «Молдекенов» шаруа қожалығының басшысы Жомарт Молдекенов табынды молайту мақсатында жеңілдікпен 10 миллион теңге несие рәсімдепті. Елордалық кәсіпкер Нұрлан Мұхамеджанов сүтті бағыттағы симментал сиырын өсірумен айналысады. Енді 200 бас қазақтың ақбас сиырларын сатып алмақшы. Ойы – 17 тұрғыны ғана бар Красногорка ауылын түлету. Бұл үшін жылыжай, тұрғын үй салып, оңтүстік жақтан қоныстанушыларды көшіріп әкелмек. 

Аудан активімен өткен жиында 280-ге жуық шаруашылықтың бірсыпырасы минералды тыңайтқыш қолданбайтыны, субсидияның тиімді пайдаланылмайтыны айтылды. Мал басы мен жалақыны арттыру, ет, сүт өнімдерінің экспортын ұлғайту тиісті орындарға тапсырылды. 

Өңір бойынша дәнді дақылдардың жартысынан астамы бастырылып, орташа өнімділік 15 центнерден айналуда.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Біз - «BIRGE»!

Сайлау • 24 Мамыр, 2019

Мергендер Мюнхенде жүр

Спорт • 24 Мамыр, 2019

Мас араны омартаға кіргізбейді

Экология • 24 Мамыр, 2019

Сексеуіл, тораңғы және ілбіс

Экология • 24 Мамыр, 2019

Ұқсас жаңалықтар