Үш жылда 20 көркем фильм түсірілді
Кинематография саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін дербес салалық заңды қабылдау ұлттық фильмдердің сапасын және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, кино көрсетілім қызметінің халыққа қолжетімді болуына, киноиндустрияның ашықтығы мен инвестициялық тартымдылығына, шетелде қазақстандық кино мәртебесінің өсуіне және мойындалуына заңнамалық деңгейде жағдайлар жасау үшін қажет.
Сонымен қатар жекелеген заңды тұлғалардың жұмыс істеуі арқылы ұлттық мәдени игіліктің ажырамас бөлігі ретінде ұлттық фильмдерді және олардың бастапқы материалдарын сақтау жолымен ұлттық кинематографияны қолдау да көзделеді.
Кинематография саласына түбегейлі өзгеріс әкелуі тиіс заң жобасы бойынша баяндама жасаған Мәдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бұл саланың тынысын ашатын алғашқы заңның қабылдануы маңызды оқиға болатынына сенімді екенін айтты.
– Әрине бұл – өте күрделі де ауқымды заң. Ол ұлттық киноның әрі қарай дамуы жолында түбегейлі өзгерістер алып келеді және үш негізгі міндетті шешуге бағыт алады. Біріншіден – ұлттық фильмдер өндірісіне қолдау, екіншіден – ұлттық киноның кең таралуын қамтамасыз ету, үшіншіден – қазақстандық киноның халықаралық нарыққа шығуы, оның ішінде бірлескен кинофильмдер және әлемнің жетекші кинокомпанияларымен бірлескен өнімдер жасау, – деді министр.
А.Мұхамедиұлының айтуынша, бірнеше жыл ішінде прокаттағы ұлттық киноның үлесі 2014 жылғы 6%-тен 12,5%-ке екі есе өскен. Соңғы үш жылда министрліктің тапсырысы бойынша 20 көркем, 67 деректі, 4 анимациялық картина шығарылған. Олардың барлығы еліміздің тарихы, мәдениеті, дәстүрі, қазіргі жетістіктері, тарихи тұлғалары, «біздің заманымыздың қаһармандары» сияқты тақырыптарды қамтыған.
– «Елбасы жолы», «Қазақ Елі» – «Алмас Қылыш», «Анаға апарар жол», «Оралман», «Құнанбай», «Аманат» сияқты ауқымды тарихи жобалар қазақстандық прокаттың сөзсіз көшбасшысы болды. «Елбасы жолы» – «Астана» киноэпопеясының жалғасы, «Қазақ Елі» тарихи картинасының келесі фильмі, «Томирис» тарихи фильмі, «Балуан Шолақ», «Жеңімпаз» көркем фильмдерінің, «Күлтегін», «Мұзбалақ» анимациялық картиналарының және басқа да көптеген жобалардың тұсаукесерлері күтілуде. Қазақстан киносы тарихта алғаш рет халықаралық прокатқа шықты. Жасыратыны жоқ, бұрын біз тек халықаралық фестивальдар мен байқаулардағы бір жолғы көрсеткіштермен шектелетінбіз, бүгінгі күні бірлескен өнімнің арқасында 2017 жылы ресейлік прокаттың көшбасшысы болған қазақстандық-ресейлік «28 панфиловшылар» кинокартинасы әлемдік деңгейде мойындалды, голливудтық компаниялармен бірлесіп түсірілген «Әміре» картинасы үлкен жетістікпен өтіп, 4 апта бойы прокатта жетекші орынға ие болды, – деп атап өтті Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Министрдің баяндауына қарағанда, Мемлекеттер басшыларының бастамасымен түсірілген алғашқы Қазақстан-Қытай бірлескен «Композитор» фильмі әлемнің барлық жетекші кинокомпаниялары армандайтын Қытай кинопрокатының кең нарығына шығады. Сондай-ақ жақында «TokyoNewCinema» компаниясының қатысуымен Алматы облысында Қазақстан-Жапония бірлескен өнімі – «Конокрады» толық метражды көркем фильмінің түсірілімі басталып кеткен.
Ұлттық кинематография тарихында 2017 жылдың елеулі жетістіктерінің бірі ретінде қалатын Канн фестивалінде қазақстандық павильонның ашылуын айтуға болады. Аталған фестивальда «Үздік әйел рөлі үшін» бас жүлдені иеленген отандасымыз Самал Еслямованың жеңісіне әлем жұртшылығы қол соқты.
Ал биылғы жылдың басты оқиғасы 75-ші Венеция халықаралық кинофестивалінің «Горизонт» бөлімі бойынша «Үздік режиссура» сыйлығын министрліктің тапсырысы бойынша түсірген қазақстандық режиссер Эмир Байғазиннің «Өзен» фильмінің алуы болып отыр.
Айта кетерлігі, заң жобасын әзірлеу барысында АҚШ, Франция, Германия, Қытай, Жаңа Зеландия, Ұлыбритания, Канада, Ресей, Корея, Румыния тәрізді кино шығарудағы жетекші мемлекеттердің озық тәжірибелері мен заңнамалары зерделенген.
– Елбасының АҚШ-қа жасаған сапары барысында америкалық бизнес «капитандармен» өткен кездесуде Америка кино өндірісі қауымдастығы, Голливуд және тағы да басқа америкалық компаниялардың Қазақстанда түсірілім жасауға қызығушылық білдіргені өздеріңізге мәлім. Бүгінгі таңда біз «Warner Bros. Entertainment», «Motion picture», «20th Century Fox», «NBC Universal», «The Walt Disney Company», «Paramount Pictures Corporation» және тағы басқа компанияларының басшылықтарымен кеңесіп, келіссөздер жүргізудеміз, – деді министр.
Кейбір ірі қалаларда кинотеатр жоқ
Заң жобасы талқыланған жалпы отырыста Палата Төрағасы киноиндустрияны дамыту үшін жағдай жасап, оның инвестициялық тартымдылығын арттыру қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ Н.Нығматулин кино өндірісі бизнес желілерінде болса, бюджетке айтарлықтай кіріс әкелуі мүмкін екендігін жеткізді. Кинематография саласындағы басты проблемаларға тоқталған Мәжіліс Төрағасы бүгінгі күннің өзінде кейбір ірі қалаларда бірде-бір кинотеатр жоқ екендігіне назар аударды.
Кинематография туралы заң жобасын әзірлеу барысында депутаттар тарапынан біршама ұсыныстар енгізілген. Олардың қатарында балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы заңға сәйкестендіріп, фильмдердің жасқа қатысты классификациясы бойынша, сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кинематография туралы заңнаманы ұстану бойынша мемлекеттік бақылауды жүргізу жөнінде толықтыру және қазақ тілінің тазалығын сақтау, оның дамуына ықпал ету, қолдану аясын кеңейту мақсатында, фильмдердің прокаттау тілі жөніндегі нормаларға да толықтырулар және басқа да бірқатар түзетулер енгізілгенін айтуға болады.
Заң жобасы депутаттар тарапынан қолдау тапты. Осы ретте Мәжіліс Төрағасы еліміздің кинематография саласын мемлекеттік қолдау алғаш рет құқықтық негізге ие болғанын, бұл қазақ киносының дамуы мен сапасын және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап айтты.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»