– Гүлжанат, Сіз 5, 10 шақырым қашықтықтар бойынша қыздар арасында Қазақстанның үш дүркін чемпионы, Гонконгте өткен Азия чемпионатының қола жүлдегерісіз. Рио-де-Жанейро Олимпиадасына да қатыстыңыз. Өскемендік «Altay Athletics» кәсіби жеңіл атлетика клубына қашан шақырту алдыңыз?
– Мен Талдықорған қаласында дүниеге келгенмін. «Altay Athletics» клубымен келісімшарт жасасқалы екі айдан астам уақыт болды. Осы клубқа қабылданғаннан кейін Кенияға барып, сол елдің жеңіл атлеттерімен бірге жаттығу өткізіп келдім.
– Кениядан алған әсеріңіз қандай? Ол жақтың желаяқтары қалай жаттығады екен?
– Екі айдай сол елде болдым. Кения – желаяқтар елі. Қазір біздің елде де жеңіл атлетикаға, бұқаралық спортқа жақсы көңіл бөлініп,«Астана марафоны», «Алматы марафоны», «Шымкент марафоны» секілді жарыстар өткізіліп келеді. Мен 42 шақырымға жүгіретін марафоншымын. Кения маған кәсіби тұрғыдан дамуыма көмектеседі деп ойлаймын.
– Сонда сізді Кенияда жаттығып жүрген алғашқы қазақ деуімізге бола ма?
– Болатын шығар. Кения астанасы Найроби қаласында жаттықтым. Бұл шаһар «чемпиондардың қаласы» деп аталады. Екі дүркін Олимпиада, екі мәрте әлем чемпионы Дэвид Рудиша мен жартылай марафоннан әлемнің үш дүркін чемпионы Мэри Кейтани де осы қалада жаттығады.
– Сіз кімдермен бірге жаттығасыз?
– Бапкерім – Кеннет Ротич. Мен Нора Джеруто, Дэйзи Джипкемей, Каролин Кипкируй, Шэдрак Коеч секілді кениялық желаяқтармен бірге жаттығамын.
– Кенияда екі айдай болдыңыз. Не түйдіңіз? Кениялықтардың желаяқ болуының сыры неде?
– Біріншіден, жүгіру олардың қандарына сіңген қасиет. Біздің елде спорттың бокс, ауыр атлетика, күрес сияқты түрлеріне жақсы көңіл бөлінсе, ол жақта жүгіруге айрықша ден қояды. Қай жерге қарасаң да, жүгіріп жүрген адамдарды көресің. Таңғы 5-те тұрсаң да көшеде жүгіріп бара жатқандарға көзің түседі. Әлемнің көптеген мықты спортшылары осында жаттығады. Бұл жердің ауа райы да өзгеше, теңіз деңгейінен 2500 метр биіктікте орналасқан.
– Екі айда өз нәтижеңізді жақсарта алдыңыз ба?
– Биыл Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистратурасын бітірдім. Сабаққа көбірек көңіл бөліп, емтихан тапсырып, диплом қорғап, жарыстарға дұрыс қатыса алмадым. Біраз уақыт жаттығуды тоқтатуға тура келді. «Altay Athletics» клубына шақырту алғаннан бері жаттығуды қолға алып жатырмын. Нәтиже бірден болмайды ғой. Әуелі Кенияның ауа райына, тамағына бейімделу керек. Келесі жылға дейін нәтижемді жақсартамын деп ойлаймын.
– Кенияға қайта барасыз ба?
– Бірер күнде ұшамыз. Қарашаға дейін сол елде жаттығамын. Осы айда 42 шақырымдық үлкен марафон өтеді. Қазір соған қатысуға әзірленіп жатырмын. Менің жүгірудегі ең жақсы нәтижем – 2 сағат 38 минут. Бұл – Қазақстан бойынша жақсы көрсеткіш. Ал әлемдік деңгейге жету үшін 42 шақырымды
2 сағат 30 минутта жүгіруің қажет. Демек, 8 минут түсіру керек. Олимпиада ойындарында жақсы көрсеткіш – 2 сағат 20 минут.
– Алдағы жоспарыңыз қандай?
– Ендігі жоспар – халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысу. 42 шақырымды 2 сағат 35, 2 сағат 30 минутта жүгіруді мақсат етіп отырмын. Азия ойындарына дейін екі ай Кения спортшыларымен бірге жаттықтым. Олардан үйренеріміз көп. Өкінішке қарай, Қазақстанда ұзақ қашықтыққа кәсіби түрде жүгіретін спортшылар саусақпен санарлық. Бұған білікті жаттықтырушылардың жоқтығы да себеп. Үлкен қашықтыққа жүгіру үшін кемінде 6 ай, 1 жыл көлемінде дайындық керек. Сонда ғана нәтиже шығады. Дегенмен, Токиоға жақсы дайындықпен барамыз деп ойлаймын. Осы мүмкіндікті пайдаланып, шетелде жаттығуыма, тәжірибе жинауыма мүмкіндік берген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовке, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можановқа, «Altay Athletics» кәсіби жеңіл атлетика клубының директоры Асхат Сейсембековке алғысымды білдіргім келеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН
Суретте: Гүлжанат бапкері Кеннет Ротич және желаяқ Каролин Кипкируймен бірге