Дәл қазіргідей жаһандану үрдісі құлашын кеңге жайып, жер бетін бірте-бірте жаулап, әлсіз, аз халықтарды әбіжыландай жұтып келе жатқан, көзге көрінбейтін, бірақ өмір мен өлім үшін болып жатқан ұлы шайқаста қазақ халқының мерейін қашанда үстем болу үшін жасалынған ерлікке баса мән беріп отырсақ, ешқашан ұтылмаймыз. Болашағы кемел, өркениет биігіне көтерілген ел ғана солай жасайды.
Өткен ғасырдың 1978 жылы 18 желтоқсанда – қақаған қыста, қайықтары суға аударылып, ағып бара жатқан он бес баланың он екісін құтқарып, ажал тырнағынан алып қалған Бейсетай Дәуренбеков туралы «Егемен Қазақстан» газеті аз жазған жоқ. «Қазақстан-1», «Хабар», «Жетісу» телеарналары да жасалынған ерліктің мәнін ашып, бірнеше мәрте жақсы, ұлағат боларлық материалдар берді.
Содан бері қырық жыл өтсе де жасалған сол бір ерлік бір сәт те көмескіленіп қалған емес. Жергілікті халық «Батыр» атап кеткені соншалық, ауданға келген басқа ұлт өкілдері де Бейсетай ағаға жиі соғып, сәлем беріп тұрады. Тіпті моторлы қайықтарын сыйлап кеткендері де бар. Ағаның өзі де жаны жайсаң. Ешкімді жатырқамайды. Сәлем бере келгендердің барлығын туған бауырындай қабылдап, қарсы алып жатады...
Биыл Бейсетай аға сексен жасқа толды. Тойды аудан орталығындағы «Іле» мейрамханасында жасады. Бейсетай ағаның жасаған ерлігімен мерейтойға жиналғандардың барлығы мақтанды. Тілек айтқандары бірінен бірі асыра сөйлеп, той иесінің мерейін өсіріп-ақ тастады. Аудан ғана емес-ау, бүкіл Қазақ елі мақтаныш етсе болады. Өйткені адамзат тарихында қақаған қыста, бір-біріне соғылып, ақ көбігін аспанға атып жатқан жатқан сеңнің арасынан ағып бара жатқан он екі баланы ажал тырнағынан құтқарып қалу деген бұрын-соңды болған емес. Жазмыш шығар... Мұндай ерлік тек Бейсетай Дәуренбеков ағаның ғана маңдайына жазылыпты.
Бейсетай ағаның балалары тойды жақсы өткізді. Аға да тойда аңқылдаған қалпы көңілді жүрді. Менің көңіліме сыймағаны тойға аудандағы шақырылған қалталы адамдардың бір де бірі бас сұққан жоқ. Батыр ағаға сексен жасын тойлаған торқалы тойында бір де бір ат мінгізілмеді. Оны көңіліне алған батыр аға жоқ. Жүзінен ерліктің нұры төгіліп, көңілді жүрді.
Есіме Қажымұқан Мұңайтпасов батыр бабам түсті. Өмірінің соңында тұрмыс қиыншылығын көп көріп, Орталық Комитетке де көмек сұрап хат жазған екен. Ол кезде компартия билік құрған заман. Жергілікті басшылар жоғары жаққа қарап, алаңдайды. Ал компартия бұратана халықтан шыққан Қазақ даласының батырын қайтсін?.. Ол кездері қалталы адамдар да болмаған тәрізді. Әрі елім деген ерлердің көкірек көздері ашыла қоймаған кез.
Ал қазір ше? Бейсетай аға тұрмыс тауқыметін тартып отырған жоқ. Бірақ бүкіл қазақ халқы мақтан етуге тұратын адамға сексен жылдық торқалы тойында жергілікті қалталы азаматтар бір автомашина мінгізсе де артық болмас еді. Тіпті бір ат мінгізілмегені менің көңіліме келді.
Кім кінәлі? Көкірек көзіміздің әлі ашылмағанына өзімді өзім кінәладым. Ерлікті жасай алмасақ та, оны зердеміз жетіп бағалай алмағанымыздың өзі көкіректерімізде көздеріміздің болмағанын аңғартады емес пе?
Марат ҚАШҚЫНБАЕВ
Алматы облысы,
Балқаш ауданы,
Бақанас ауылы