Күрес • 20 Қыркүйек, 2018

Бакуде дзюдодан әлем чемпионаты басталды

513 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Әзірбайжанның бас шаһары – Бакуде дзюдодан әлем чемпионаты басталды. Бұл жарыста 125 мемлекеттен келген 758 (460 ерлер+298 әйелдер) балуан күш сынасуда. Алты күн бойы олар 14 салмақ дәрежелерінің жүлделерін сарапқа салады. Ал жарыстың соңғы күні аралас командалық сайыс өтеді.

Бакуде дзюдодан әлем чемпионаты басталды

Ерлер арасында жарысты 60 кило салмақ дәрежесіндегі балуандар бастайды. Қазақстанның намысын қорғайтын Ғұсман Қырғызбаев тунистік Ахмет Сахин Қабамен күреседі. 66 кило салмақтағы Ерлан Серікжанов мозамбиктік Джуниор Карлоспен белдеседі. 73 кило салмақта қос спортшымыз өнер көрсетеді. Жансай Смағұлов алғашқы айналымда бос болды. Екінші кезеңде ол перулік Алонсо Вонг пен швейцариялық Нил Стамп арасындағы бәсекенің жеңімпазымен күш сынасады. Бекәділ Шәймерденов франциялық Бенжамин Аксуспен айқасады. 81 кило салмақта да қос жерлесіміз боз кілемге шығады. Әзиз Қалқаманұлы кореялық Сеунсу Лимен, Дидар Хамза камерундық Мойо Нгоезеумен шеберлік байқасады. 90 кило салмақтағы Ислам Бозбаевтың қарсыласы – венгриялық Кристиан Тот. 100 кило салмақ дәрежесіндегі Виктор Демьяненко мысырлық Рамадан Дарвишпен күреседі. Бірден айта кету керек, Ислам мен Виктордың қарсыластары өте азулы. Олар талай дүбірлі додаларда дараланған дзюдошылар. Ал аса ауыр салмақтағы Ерасыл Қажыбаев чилилік Франсиско Солиспен сайысқа түседі.

Әйелдер арасындағы жарыстың тұсаукесер кездесулері төменде есімдері аталған дзюдошылар арасында өтеді:

48 кило: Галбадрах Отгонцэцэг – Габрэла Чибана (Бразилия) немесе Жоанай Вхитебол (ОАР).

57 кило: Севара Нышанбаева – Ивелина Илиева (Болгария).

63 кило: Ақниет Тұрдан – Екатерина Валькова (Ресей) немесе Надя Базински (Германия).

70 кило: Аэлита Щербакова – Мария Бернабеу (Испания), Ажар Салықова – Сара Родригес (Испания).

78 кило: Зарина Райфова – Мамадана Сюлла (Гвинея).

+78 кило: Гүлжан Исанова – Мелисса Мохика (Пуэрто-Рико),

Камила Берліқаш – Елизавета Каланина (Украина).

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше