Әдебиет • 21 Қыркүйек, 2018

Ректор Мәлік Ғабдуллин

1196 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Бай да байтақ тарихы 1918 жылы сонау Ташкенттен бастау алатын қазіргі Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 1928 жылы қазақтың жаңа астанасы Алматыда қайта ту тіккеніне де, міне, биыл 90 жыл толып отыр. Жиыны бір ғасырлық мерзімді қамтитын оқу ордасының ғұмырында телегей тарих тұнып жатыр. 

Ректор Мәлік Ғабдуллин

«Көргені жақсы көш бастар» деп атам қазақ айтпақшы, білім ордасының осынау 90 жылдық тарихында бүгінге дейін 15 адам ректорлық (алғашқы кезде дирек­тор деп аталған – Б.С.) қыз­мет атқарыпты. Атап айтқанда, олар – Санжар Асфендияров, Бәй­мен Алманов, Шәміл Сақаев, Шай­хислам Бекжанов, Серғали Толы­беков (үш рет), Халел Әділ­гереев, Ахмеди Ысқақов, Асқар Закарин, Мәлік Ғабдуллин, Жүніс­бек Жұмабеков, Құлжабай Қа­сымов, Тоқмұхамед Садықов, Се­рік Пірәлиев және бүгінгі ректор Такир Балықбаев.

Міне, осы шоғыр арасында менің университеттегі қадірмен­ді ұстазым – Мәлік Ғабдулиннің жұл­­дызы да ерекше жарқырап көрі­­неді. Өйткені аса көрнек­ті ға­­лым-ұстаз ғұмырының табаны күректей он жылын өзі түлеп ұшқан ҚазПИ-дің ректоры қыз­метіне арнады. Ол республика Оқу министрлігінің 1953 жылғы 8 мау­сымдағы №446 бұйрығымен С.М.Киров атын­дағы ҚазМУ-ге рек­тор­лық­­қа тағайындалған Асқар Закарин­нің орнына Абай атын­дағы Қазақ педагогикалық институтына ректор болып келді. 

Бұл оның қырықтың қырқасы­на жақындап, өмірдің барлық май­данында әбден пісіп-жетілген, нағыз ысылған шағы болатын. Ол тұста оқу орны «Абай атын­дағы Қазақ педагогикалық және мұға­лім­дер институты» деп аталды. Содан Мәкең институтты 1963 жылдың 17 қаңтарына дейін абыроймен басқарды. 

Оқу орнын өркендетіп дамы­ту­­дағы келелі шаруаларды жүзе­ге асырумен бірге батыр-рек­тор­­­дың араласуы нәтижесін­де бір­­қатар зия­лы азаматтар қу­ғын­­­нан құтылып, ажалдан аман қал­ды. Олардың көбісі ақта­лып, өз қыз­меттеріне қайта орал­ды. Мәселен, өзінің досы, тарлан­боз тарихшы Ермұхан Бек­маханов, майталман әдебиетші Мұха­мет­жан Қаратаев, әйгілі тарихшы, институттың бұрынғы ректоры, профессор Халел Әділ­гереев, тағы басқалар Мәлік Ғаб­дулин­нің қамқорлығының арқа­сын­да қайта қатарға қосылды. Бұл да ерлік іспеттес шаруа болды.

Мәселен «Халық жауы» атанып 17 жылға айдалған Мұхамет­жан Қаратаев 1955 жылы Ал­ма­тыға оралады. Оны естіген рек­тор Мәкең академик Қажым Жұма­лиевті ертіп, екеуі үйіне барып, Мұхаңды ҚазПИ-ге оқыту­шы­­лыққа шақырып, орналастырады. 

 

– Сонымен мен Мәліктің қам­қорлығының арқасында 17 жыл бұрын қол үзген ҚазПИ-мен қайта табыстым, – дейтін Мұхаметжан Қаратаев.
Ал ауылдас құрдасы, көп жылдар бойы Көкшетау облысының бірқатар аудандарын басқарған Социалистік Еңбек Ері Баян Жанғалов ағамыз:

– 50-ші жылдардың ішінде Алматыдағы темір жол вокзалына келдім. Мәлік те сонда жүр екен. Күн ми қайнатар ыстық бо­ла­тын. Әбден қан сорпасы шы­ғып терлеген. Зыр жүгіріп жүріп, бірден төрт тарапқа төрт билет сатып алыпты. Мен аң-таң қалып, «мұның не» деппін. Сөйтсем, ҚазПИ-де оқитын төрт студент бірнеше күн бойы билет ала алмай, ақшалары таусылып, тауы ша­ғылып, қайырым-мейірімі мол инс­титут ректоры Мәлікке көмек сұрап барыпты ғой, – деген естелік айтатын. 

Мәлік Ғабдуллин басқарған жылдары оқу орны білім сапасын көтеруде, ғылыми зерттеу­лер­ді, әсіресе педагогика және пси­хо­логия ғылымдары саласын өр­кендетуде, тәрбие жұмыс­тары­ның тиімділігін арттыру мен институтты материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуде елеулі табыстарға жетті. Білім ордасы атына заты сай бола отырып, елі­міздегі барлық жоғары оқу орын­дары арасында жоғары білік­ті (ғы­лым кандидаттары мен ғы­лым докторларын) мұғалім ма­ман­­дар даярлайтын, орта және жо­ға­ры мектептерге арналған тип­­тік оқу бағдарламаларын, со­ған сай оқулықтар, оқу-әдісте­ме­лік еңбектер әзірлейтін, педаго­гикалық іргелі ғылыми зерттеулер жүр­гізетін басты және бірден-бір негізгі оқу орнына айналды. Бұл кездерде студенттер саны да жылдан-жылға артып отырды. Айталық 1946 жылы күндізгі бөлімге бірінші курсқа 362 студент қабылданса, 1956 жылы – 567 талапкер студент атанды. Сол сияқты сыртқы бөлімді 1946 жылы 60 түлек бітірген болса, 1956 жылы 594 адам институтты сырттай оқып тәмамдады. Ал алпысыншы жылдардан бастап, жылына орташа есеппен 500 түлек оқу орнының сыртқы бөлімін бітіріп отырған.

1957 жылдың 1 маусымынан бастап ректор М.Ғабдуллиннің ұсынысы бойынша оқу орнының «Педагог» (қазіргі «Абай уни­верситеті») атты көптаралымдық газеті шыға бастайды. Оған бел­гілі әдебиетші ғалым, қаламгер аға­мыз Төкен Әбдірахманов ре­дак­т­орлық етті.
Мәкең ректор болған тұста институттың республикамыздағы, қала берді бүкіл Кеңес Ода­ғын­дағы абырой-беделі өсті. Соны­мен бірге басшы ретінде оның өзінің де, оқу орны профессор-оқы­ту­шы­лар құрамының да ғы­лыми-шы­ғар­машылық әлеуеті көтерілді, ғы­лыми атақ-дәрежелері артты. Ректорға елдің сый-құрметі бұ­рынғыдан да жоғарылады. Мәлік ағай осы жылдары филология ғы­лымдарының докторы, профес­сор атанды. Қатарынан үш дүр­кін КСРО Жоғарғы Кеңесі­не де­путат болып сайланды. Омырауына Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерін тақты. «Қазақ КСР-інің ғылымына еңбегі сіңген қайраткер» деген құрметті атаққа ие болды. 

Ол Василий Сухомлинский, Агния Барто, Сергей Михалков сынды аса көрнекті педагог, ақын-жазушылармен, Кеңес Ода­ғындағы небір азуын айға білеген айтулы қайраткерлермен бірге Қазақстаннан тұңғыш рет РСФСР, кейіннен КСРО Педаго­гика ғы­лымдары академия­сы­­ның ака­демигі болып бірауыздан сайланып, аталған академияның Төралқа мүшесі болды.

Мәлік Ғабдоллаұлы ректор­лық қыз­метіндегі мың-сан ұйым­дас­тырушылық жұмысын ат­қара жүріп, орта және жоғары оқу орындарына арналған оқу бағдарламаларын, оқулықтар жазуға да уақыт тапты. Мысалы, 8-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығы 1953 жылы жарық көріп, одан соң жыл сайын он рет қайта басылды. 1958 жылы жоғары дәрежелі оқу орындарына арналған «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» оқу құралын шы­ғарып, 1959 жылы аталған оқу құ­ра­лының хрестоматиясы жа­рық көрді. Осы жылы көркем әдебиет баспасынан «Майдан очерктері» атты кітабы шықты. 1966 жылы жарық көрген «Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес» атты кітабы да ұлағатты ұстаздың ректор кезіндегі көңілге түйген педагогикалық ой-пікірлерінің қорытылған толық нұсқасы десе де болғандай.

Ұлы ұстаздың бұл игі қасиет­терінің шет жағасын ҚазМУ-де қолында оқып жүргенде өзіміз де молынан көріп, мейлінше қанығып өстік. Шынында да Мәлік ағайдың тұла бойы тұнып тұрған ұлағат өнегесі болатын. Бұл 1968 жыл болатын. Ағай бізге қазақтың халық ауыз әдебиеті пәнінен сабақ береді. Батыр-ұстаздың әрбір оқыған дәрісі бейне бір өмір сабақтарындай аса мазмұнды, өте әсерлі өтетін. Ол кісі шебер ұстаз, тамаша тәр­биеші, үлкен әдіскер болды. Оған қоса Мәлік ағайдың жүр­гізе­тін пәнінің өзі кілең ди­дак­тика­лық шығармалардан, халық ауыз әдебиетінің інжу-маржан­дары­нан студент-жастарға үлгі-өнеге етуге, ақыл-кеңес беруге, ой салуға лайықты, танымдық-тәрбиелік мәні жоғары туындылардан тұратын. Оның үстіне пәннің бүкіл білім мазмұны, бітім-болмысы ұстазды сондай ізгі мақсаттарға, ұлттық мүдде, елдік-елжандылық мұраттарға жетелейтіндей толған дидактика еді. Бұл сабақ барысында берілетін тәрбиелік жұмыстармен қат-қабат астасып жататын.

Ағай өте мәдениетті, керемет кішіпейіл, көпшіл, аса қара­пайым адам еді. Ол кісінің студент­тері­мен ұтымды юморы, астарлы әзіл-қалжыңдары, қызықты әңгі­ме­лері, өмірден көрген-білген, көкейге түйген терең сырлары майдан естеліктері әсерлі болатын. Кейде кешке сабақтан соң біздің Мәкен Әлібаев, Мұхтар Пернеқұлов сынды курстастарымызбен шахмат ойнауға бізбен бірге жатақханамызға келгенде бөлмеміздің «қалқозының» (бөлме студенттері колхоз ұйым­дас­тырып тамақ жасайтын – Б.С.) көжесінен «...Әй, жігіттер, сендердің мына тамақтарың нағыз қызыл әскерлердің похлебкасы ғой» деп жорыта мақтап дәм та­та­тыны, шахмат ойыны арасын­да бөлмедегі студенттердің төсегіне шалқасынан керіліп жатып: «...Ой-хой, шіркін, бойдақтардың төсегі қандай рахат! Қошқарлардың иісі бұрқырап жатыр... Қиялыңа қанат бі­тіреді ғой...» – деп төбеге қарап жа­­татыны, немесе бізбен бірге үл­кен қырлы стақанмен қою қара, өзі айт­­пақшы, «бойдақ шайдан» там­­сана ішетіні еш ұмытылар емес.

Мәкеңнің әдемі әзілі, жеңіл қалжыңы дегеннен шығады, бірде мынадай жағдай болды. Сол 1968 жыл. ҚазМУ-дің филология факультетінің бірінші курсына түскенбіз. Алматының Никольск базарының түбіндегі №1 жатақханаға орналастық. Бұл жазушы Әзілхан Нұршайықовтың баяғы «Махаббат қызық, мол жылдар» романының оқиғалары өтетін Виноградов көшесіндегі тарихи 88-үй.

Қыс ерте басталды. Қар қалың жауған. Күн өте суық. Мәлік ағай­дың 90 минуттық сабағының бі­рінші жартысы аяқтала берген. Бізден 6-7 жастай үлкен бір қызы­мыз қолын көтерді. Батыр-ұстаз:

– Иә, айта ғой, – деді ойында ештеңе жоқ. Біз де не айтар екен деп аң-таңбыз.

– Мәлік ағай, біздің бөлмеміз өте суық, – деп бастады әлгі қыз сөзін әрі қарай жалғап, – үшінші қабат­та тұрамыз. Бөлмеде 7-8 қыз жатамыз. Түнде жаураймыз. Содан екеу-екеуден жата­мыз, ағай. Көмектесіңізші, – деді. Өзі өжет қыз болатын. Педучи­ли­ще­ден соң 2-3 жыл жұмыс істеп оқуға түскен.

Әрі ағаймен жерлестігі де бар. Көкшетаулық.

Сонда Мәлік ағай аудитория­дағы біздерге естіртіп:

Е-е, айналайындар, осы бас­тан екеуден жатып үйрене берің­дер... Жылы жатасыңдар... Ертең отбасылы боласыңдар, – деді де үзіліске дәлізге шығып бара жатты. Бәріміз ду күлдік. (Біздіңше ағай қалжыңмен болса да дұрыс айтты. Өйткені қақаған қыстың ортасында бүкіл көне жатақхана­ның жылу жүйелерін кім ауыстырып бере қояды? Бұл бәріміздің де басымыздағы жағдай.) 

Мұның бәрін шынайы педагог ғалымның еліміздің әр қиы­рынан келген қазақ жастары­­ның – студенттердің тұрмыс жағ­дайы­мен жақын танысу үшін, мән-жайдан хабардар болып отыру ниетінен туындаған жанашырлық іс-әрекеттері деп ұқтық. Сөйтсек, бұл ұстазымыздың соғыс жылдарында әскердегі саяси жетекші, бөлім басшысы, институттағы оқытушы, кафедра меңгерушісі, проректор, ректор болып жүрген жылдарында берік қалыптасқан, дағдыға айналған әдеті екен.

Мәлік ағай біз университет бітіретін 1973 жылдың 2 қаң­тарында 58 жасында өмірден озды. Зымырап өтіп бара жат­қан уақыт. Биыл оған да 45 жыл то­лыпты. Мәкеңнің есімін есте қал­­дыру мақсатында оның ту­ған­ына 100 жыл, Ұлы Жеңіске 70 жыл толуына орай, өзі оқып, ұзақ жылдар ректорлық қызмет ат­қарған білім ордасы бас ғи­ма­ратының қабырғасына мемо­риалдық тақта қойылды. Қосалқы авторлықпен «Мәлік Ғабдуллиннің мұралары» атты екі томдық тарихи-танымдық кітап шығарылды. Университеттің «Тұлғатану» орталығына Кеңес Одағының Батыры, академик М.Ғабдул­линнің аты берілді. «Поэтика және өлеңтану мәселе­лері» тақырыбында мерейтойлық Халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізілді. Оған АҚШ, Швеция, Швейцария, Поль­ша, Болгария, Израиль, Ресей, Латвия, Эстония, Өзбек­стан сия­қты оннан аса шетелден ға­лым­дар қатысып, терең мазмұн­ды баяндамалар жасады. Пікір алмасты.

Қорыта айтқанда, ұстазымыз Мәлік Ғабдоллаұлының өмірі мен шығармашылық жолы жөніндегі жаз­ба­ларды қарастырғанда оның рек­торлық қызметі жай ғана, жал­ғыз-жарым сөйлеммен аталып, арнайы сөз етілмегені байқалады. Біз сол мәселенің орнын аз-кем болса да толтыруды мақсат тұттық.

Бақтияр Сманов,
ҰҒА академигі, 
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі, профессор