24 Ақпан, 2010

“ЕРКЕКТЕРДІҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ” БАҒДАРЛАМАСЫ ЕЛГЕ ДЕ, МЕМЛЕКЕТКЕ ДЕ КЕРЕК

1366 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Қазақ ер-азаматтарын айтпағанда, әлемдегі еркек қауымның 10 пайызы ғана өз репродукциялық денсаулығын ойлайды екен. Алматыдағы Б.Жарбосынов атындағы урологиялық ғылыми орталығы “Еркектердің денсаулығы” деген үш жылдық бағдарламаны міне, осы себептен қолға алып отыр. Аталмыш шараның отағасыларға септігі тиді ме? Және ол жалғасын таба ма? Бұл сұрақтарды біз аталмыш орталықтың директоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан урологтары қауымдастығының төрағасы және еліміздің бас урологы Мырзакәрім АЛШЫНБАЕВҚА қойғанда әңгіме иесі сөзін былай деп бастады. – Бағдарламаны 2008 жылы бастаған едік. Ол Президент жанындағы Әйелдер ісі және гендерлік саясат жөніндегі ко­митетте, Денсаулық сақтау министрлігінің ғылыми кеңесінде, Парламент оты­рысында, Урологтар қауымдастығының басқосуларында әлденеше рет талқы­ланғаны бар. Сөйтіп, оның жұрттың бәріне керек екендігіне көз жеткіздік те өз тарапымыздан қолымыздан келетін жұмыстың бәрін жасадық. Олай дейтінім, бағдарлама қолға алынғаннан бері 24 мыңнан астам еркектердің денсаулығын жан-жақты тексеруден өткізіппіз. Дәрігерлердің қолынан не келеді, соның бәрін жасаппыз. Осының нәтижесінде республикалық Еркектер денсаулығының орталығы болу керек деген қорытындыға келіп отырмыз. Мұнда экстракорпоральды ұрықтандыру, белсіздікті емдеу, шәует сақтайтын криобанк болу керек. Ауа райының қолайсыздығына қарамай, қысы-жазы ауыр еңбек етіп, өзінің өмірге ұрпақ әкелетін денсаулығын әлсіретіп алатын жас адамдар көп. Міне, осы мәселенің бәрін реттеп, зерттеп, емдейтін орталық ашуымыз қажет. Сонда ғана біздің жоғарыдағы бағдарлама өзінің міндетін дұрыс атқарып, миссиясын толық ақтады деп есептеуге болады. Мұндай ірі жобалар қаржы арқылы жүзеге асады. Егер Үкімет осы орталықты ашуға арнайы қаражат бөлсе, бұл ұлт болашағына жасалған үлкен қамқорлық болар еді. Сонда ғана еліміздегі демографиялық та, басқа да түйткілдерді оң шеше аламыз. – Мырзакәрім Кәрімұлы! Сіздер осыдан 3 ай бұрын “Еркектер денсаулығы күні” деген жоба жасап, 3 күн бойы ер-азаматтарды тегін тексеруден өткізген едіңіздер. Осы шара барысында ер-азаматтарымыз урологтарға қаралуға құлықты болды ма? – Үш күннің ішінде 800-ге жуық адам келді. Бұрын-соңды біздің орталықта мұндай оқиға болған емес, шырағым. Олар, яғни, еркек заты: “Еліміз біздің де денсаулығымызды ойлайды екен-ау”,– деп таңғалды. Риза болысты. Осы 3 күн бойы 3 профессор: профессор-уролог мен, профессор-кардиолог Б.Түкешов, про­фессор-эндокринолог М.Зельцер орта­лыққа келгендерді жан-жақты тексеріп, диагнозын қойып, қандай ем, дәрі-дәрмектер қабылдау керектігі жөнінде жан-жақты кеңес бердік. Тағы да айтайын, азаматтарымыз бізге де көңіл бөлінген екен-ау, деген сөздерді қайта-қайта айта берді. Расында да олар: “Денсаулық сақтау саласы бұған дейін әйелдерді ойлайды, балаларды ойлайды, туберкулезді ойлайды, СПИД-ті, қант диабетімен ауыратындарды және жүрегі науқастарды ойлайды. Осыларға арнап арнаулы бағдарламалар жасалынады, қаражат бөлінеді. Ал еркектерге ол тиісті емес”, – деген сияқты түсініксіз пікірде болған ғой. – Кәсіби маман ретінде айтыңызшы? Осы шара кезінде мұнда қай ұлт өкілдері көбірек келді деп ойлайсыз? Қазақ жігіттері денсаулығын ойлай ма екен? – Біз тексерілуге келген адамдарды ұлтына бөлген жоқпыз. Қазіргі заманда еркектердің урологиялық сырқаты мәселесін екі түрлі жағдайда түсінуге болады. Бірі – ежелден күтінетін, аурудың алдын алуға тырысатын жандар. Екіншісі – қаралу уақытын өткізіп алып, азап шеккен соң дәрігерге амалсыз жүгінетіндер. Оны айтып отырғаным, статистикалық есеп жүргізбесек те қандастарымыз, өзіміздің ағайын­да­рымыз көп болды. Шамасы 80-85 пайыздай бар-ау. Бұл неден? Бұл баяғы:”Е,қойшы... Кейін көрерміз”,– деген әдетпен жүре беріп, қиналған соң бізге көмек сұрап келген жігіттер. – Сіздер бастапқыда-ақ, 3 күн ішінде бүкіл елдегі еркектердің денсаулығын тексеріп те, түзеп те үлгермейтіндеріңізді білдіңіздер ғой... – Әрине! Дегенмен, осы акция арқылы бірқатар міндеттерімізді атқарып, талай жайтты анықтап отыр емеспіз бе?! Ер-азаматтар арасындағы бастапқы уроан­дро­логиялық патологияны анықтау үшін түрлі сауалдамалар жүргіздік. Уроандрологиялық ауытқулар әсерінен болатын жүрек-қан-тамырлары мен эндокриндік патоло­гиялардың деңгейін анықтадық. УДЗ диагностикасы әдісімен еркектер арасындағы уроандрологиялық науқастың белең алуы қай деңгейде екенін шамалауға қол жеткіздік. Мәселен, тексерілуге келгендердің 329-ының қанындағы тестерон деңгейін зерттегенімізде, оның 84-інде тестерон жеткіліксіз екендігі мәлім болды. Оған қоса эректильді әрекетсіздік пен гипогона­диз­м­нің таралуын анықтап отырмыз. – Сонымен, қандай қорытындыға келдіңіздер? – Пациенттеріміздің 480-і скрининг-сауалдамаға қатысты. Нәтижесінде, бұлардың арасындағы кеңінен тараған уроандрологиялық патология – созылмалы простатит 280 адамда бар екендігіне көз жеткіздік. Қаралғандардың арасындағы 160 науқасқа ДГПЖ диагнозы қойылды. Урологиялық дертке шалдыққандардың 43 пайызы артериалдық гипертензия мен 56 пайызы қант диабетінен зардап шегеді екен. Ал гипертониялық ауруға ұшырағандардың 96,7 пайызына, қант диабетімен ауыра­тын­дардың 94,2 пайызына эректильдік қыз­меттің әртүрлі деңгейде бұзылуы мен гипо­гонадизм диагнозы қойылды. Мұндай статистика еркектерді ойлантуы керек. – Қуанатын көрсеткіш емес екен. Бүгінде елімізде отау құрғандардың 16 пайызы перзент қуанышын көрмеу қасіретіне душар болып отыр... – Бедеулік мәселесі еркектер арасында да көп. Оның белең алып отырғанын қазір бүркемелеудің қажеті жоқ. Бүгінде бұл фактор еркектер арасында 50 пайызға жетті. Демек, қаншама әйел дүниеге бала әкеле алмаса, соншама еркектің репродукциялық қабілетінде үлкен мәселе туындап тұр. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының өлшемдері бойынша барлық некелердегі баласыздық 15 пайыздан асса бұл көрсеткіш демографиялық өсімге елеулі түрде кері әсерін тигізеді. Ал біздің жоғарыдағы жағдай 16 пайыздан асып кетті. Ендігі жерде ол мемлекеттік мәселе болып тұрғанын байқап отырған боларсыз? Қазір респубикада андрологиялық аурулардың деңгейі өте жоғары. Біз осы жағдайға объективті баға беру үшін жоғарыдағыдай қадамдарға бардық. Сөйтіп, еркектер денсаулығы күні сияқты қанатқақты зерттеулерді қолға алдық. – Медицинада баласы жоқтарға бала жасап беретін балама әдістер бар емес пе? – Қазір республикамызда экстра­корпоральдық әдіспен ұрықтандыратын 8 лаборатория бар. Оның 6-ы жеке меншік. Алайда, олардың көпшілігі әйелдердің бедеулігін емдеуге икемделген. Белсіздік әйел мен ерлердің арасында бірдей белең алып тұрғанда, экстракор­по­ральдық лабораторияларды жасақтай отырып, еркектердің де белсіздігін қоса емдеуді басты бағыт етіп алатын уақыт келіп жетті. Өйткені, қолданылатын микрома­ни­пуляциондық әдістер техникалық жағынан болсын, шәуетті алу әдісінде болсын өзіндік ерекшеліктерге ие. Ең бастысы елімізде донорлық шәует­терді сақтайтын бірегей криобанк жоқ. Бұл ұрықсыздықтан зардап шегетін еркектерге одан әрі микроманипуляциондық әдіспен ем жүргізуге және химиялық терапиядан өтетін азаматтардан алдын-ала ұрық алуға керек. Шәуеттердің бірегей криобанкінің жоқтығы экстракорпоральдық жолмен ұрықтандыруда донор таңдауға көп кедергі келтіреді. – “Еркектердің денсаулығы” бағдарла­масы жай жұмыс болмайтындығын өзіңіз айтып отырсыз. Әйелдердің әйелдік ден­саулығы гинекологтардың қолында болса, ер азаматтардың денсаулығына андрологтар жауапты болуы қажет екен. Оған жағдай бар ма? – Бұл мәселені үш кезеңге бөліп қарастырып отырмыз. Әрбір емханада дәрігер-гинеколог сияқты андрологтар да отыруы керек. Бұл бірінші кезеңде еліміздің барлық емханаларын 100 пайыз қамтуы тиіс. Екінші, облыстық деңгейдегі барлық күр­делі операциялар жүргізілетін медициналық ауруханаларда мықты уролог-андролог мамандар даярлау. Үшінші, біздің ғылыми орталықтың базасында жоғары деңгейде, аса озық технологияларды қолдана отырып, еркектерге ем жүргізу. Қазір осы мақсат жолында арнаулы жұмыстар қолға алынып жатыр. Құдайға шүкір, бізде білікті, тәжірибелі мамандар бар. Олар кез келген жағдайда көмек көрсете алады. Егер мемлекет: “Мықты андролог мамандарды бүгіннен бастап даярлаңдар!” деп пәрмен берсе, біз оған қазір-ақ дайынбыз. Бірақ, ол үшін Үкімет арнаулы қаражат бөлуі керек. Мәселен, республикаға мыңдаған дәрігер-гинеколог қажет болса, соған Денсаулық сақтау министрлігінен жалақы, кабинет, медициналық жабдықтарға қаражат бөлінеді ғой. Сондай қаржыны андрологтарға да қарастыратын уақыт жетті. Әйтпесе, қазір ер-азаматтардың денсаулығы мәз емес. Дү­ниежүзілік статистика бойынша 10 пайыз еркек қана өз денсаулығына қарайды екен. Иә, 10-ақ пайыз! – 10 пайыз? – Сеніңіз-сенбеңіз солай. Себебі, ұялады. Мен ер-азаматтардың жалпы денсаулығын айтып отырғаным жоқ. Еркектік мәселесін айтып отырмын. Сіз мені түсініп отырсыз ба? – Иә... – Әйел адамдар аяғы ауыр болады, тағысын тағы, бәрібір гинекологқа қаралып тұрады. Ал біздің азаматтарымыздың өзінің денсаулығын тексертуге “уақыты жоқ”. Ең бастысы, бүгінде олардың психологиясын өзгерту қажет болып тұр. Бұл мәселе де жоғарыдағы бағдарламада қарастырылған. Ол үшін, газет, теледидар арқылы сұхбаттар беріп, арнаулы бюллетеньдер шығарып осы мәселені насихаттау аса қажет екендігіне әбден көзіміз жетті. – Егер дүние жүзіндегі ерлердің 10 пайызы ғана өз денсаулығын ойлайтын болса... – Бұл ер-азамат атаулы дәрігерлердің есігін мүлде ашпайды деген сөз емес. Барады олар дәрігерлерге. Басы ауырып, балтыры сыздайды дегендей... Бірақ урология мәселесіне келгенде, кежегесі кейін тартады деген сөз ғой жоғарыдағы мысал. – Қазір ер-азаматтардың арасында бедеулік жасарып келе жатқандығы туралы мамандар мәселе көтеріп жүр ғой? – Оның да себептері жеткілікті. Қазір бедеулікті хирургиялық басқа да әдістермен 90 пайыз емдеп алуға болады. Аса тиімді дәрі-дәрмектер бар. Тек көп жігіттеріміз жалған намысқа берілмей, дер кезінде дәрігердің есігін ашуы керек. – Қазір өзіңіз басқарып отырған орта­лықта озық технологиялар, медицина­лық құрал-жабдықтар бар. Бүгінде сіздердің пациенттеріңізді емдеу тиімді нәтиже беріп жатқандығынан нақты мысалдарды көптеп келтіруге болады. Біздің қазақстандық профессор-урологтар білімі жағынан шетел­дік мамандардан кем емес. Осыны бөрікті қауым біле жүрсін дейміз ғой. Сондықтан... – Қазір біздің орталық, басқа да ірі емханалар мен ауруханалар озық меди­циналық урологиялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда да еуропалық деңгейдегі зерттеулер мен ем жүргізіледі. Қазақстандағы урология ғылымының дең­гейі өте жоғары. Мына біздің орталыққа бе­рілген дипломға қараңыз. Қабырғадағы ілулі тұрған “Ең үздік медицина мекемелерінің бірі” деген құжат Еуропалық урология Ассамблеясынан келген. Олар оңайлықпен кез келген медициналық орталыққа мұндай атақты бере салмайды. Турасын айтсақ, біздің институттың деңгейі еуропалық стандартқа жақындап келеді деген сөз. – Қолға алған бағдарламаларыңыз өте жақсы. Алайда, сіздердің науқас­тарыңыздың басым көпшілігі алыс ауылдарда жүрген жоқ па? Келіп қаралайын десе қаражаты жоқ, қаражаты болса қай есікті қағарын білмей жүрген азаматтарымыз жетіп артылады. Қыс­қасы, алыстан келген ағайындардың медициналық жағынан жақсы жабдық­талған дейтін сіздің орталықта емделуге мүмкіндігі бар ма? – Проблема жоқ! Жыл сайын Үкіметтің квотасымен Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі 2200 адамға тегін медициналық қызмет көрсетеміз. Денсаулығы мазалап жүрген адамдар ауданға, облысқа келіп, біздің институтқа жолдама алуға қақылары бар. Квота алып, бізге келуге болады. – Сіз Мемлекеттік сыйлықтың лауреатысыз. Медицина саласы бойынша ол қандай негізге сүйеніп, қалай беріледі? – Біздің саланың Мемлекеттік сыйлығын алу оңай емес. Қазіргідей озық технологиялар атымен жоқ болып, қайта құру жылдарында медицина ақсамақ түгілі қирап жатқанда нарықтық эко­номикаға осы саланы бейімдеу міндеті тұрды. Мамандарды сақтап қалу, жас­тарды бұған тарту, жүйені қайта жасақтау сияқты қыруар қажеттілік бар еді. Біз мемлекеттік бұл сыйлықты өтпелі кезең­дегі осындай күрделі міндеттерді оңтайлы шешіп, үлкен ғылыми орталықты аман сақтап қалғанымыз үшін бір топ медицина мамандары болып алғанбыз. – Еліміздің бас урологысыз. Осы саланың мәселесін сізден артық білетін ешкім жоқ. Кәсіби маман ретінде қазір басыңызды қатыратын басты мәселе не? – Ерсілеу естілсе де айтайын. Адам тү­гілі малды да асыл тұқымды етуді ойлап бас қатырамыз... Ұлтты асыл­дандыру үшін еркектердің денсау­лығын жақсарту керек. Жоғарыда да сізге айтқанмын. Бізде медицинада түрлі науқастарға байланысты бағ­дарламалар бар. Еркектердің денсау­лығы мәселесі солардың басында тұр­маса да ұдайы назарда болуы қажет-ақ. Азаматтардың денсаулығы... Тағы да нені меңзеп отыр­ғаныма мән беріңіз. Еркектердің репро­дукциялық денсау­лығы жақсы болса – басқа мүшелері, қаны, қанты, қан қы­сы­мы, бәрі дұрыс болады. Еңбекті де жақсы атқарады. Үйде береке, ерлі-зайы­п­ты­лардың арасында түсіністік орнайды. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ.