Қазақстан • 24 Қыркүйек, 2018

Солтүстік Қазақстанда Жансүгір батырға еңселі кесене тұрғызылды

1172 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кіндік кесіп, топырағына аунап өскен туған жеріне қамқорлық жасауды қалыпты және шынайы патриоттық  борышқа айналдырған, кәдуілгі міндетті іс санайтын азаматтар Қызылжар өңірінде аз емес.

Солтүстік Қазақстанда Жансүгір батырға еңселі кесене тұрғызылды

Аққайың ауданында орналасқан «Дайындық» және «Полтавка» агроқұрылымдарының басшылары Біржан Шаймерденов пен Елтай Зікірин атамекенін түлетіп,  мәдениеті мен салт-дәстүрінің жаңғыруына,тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға белсене  атсалысып келеді. Бұл екі азаматтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында да атқарған елеулі істері қыруар. Солардың бірі– 28 миллион теңге қаражат бөліп, бабалары Жансүгір батырға арнап биіктігі 15 метрге жетеғабыл зәулім кесене тұрғызуы. Саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаз Молдахмет Сұрағанов көз майын тауысып Қожаберген, Бөгенбай батырлардың жасағы құрамында қалмақтарға қарсы жорықтарға қатысып, мыңбасы болған, ержүректілігімен, шешендігімен көзге түскен Жансүгір Баубекұлы жайлы көптеген деректер жинаған екен. Көзі тірісінде зиратын түзеп, көрнекті белгі орнату ойында болғанымен ол арманына жете алмай кеткен. Ауыл ақсақалының  аманатын  жүзеге асыруға Біржан және Елтай белсене кірісіп, Аралағаш ауылына тақау тұста Астана-Петропавл күре жолының бойына алыстан мен мұндалап көрінетін аппақ кесенені бас-аяғы төрт айдың ішінде тұрғызып берді. Мәрмәр тастар да, құрыш қолды шеберлер де Ақтаудан арнайы алдыртылды.

Нысанның ашылу салтанатында аудан әкімі Дәурен Байтөлешов, облыстың өкіл имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы, ауданның құрметті азаматы Әбу Әбілмәжінов, келелі  шараны ұйымдастырушылардың бірі Сансызбай Жұмабеков, тағы басқалары сөйлеген сөздеріне «Бір адамның батылдығы мың адамға жол салған, Бір адамның батырлығы тұтас халықтың атын шығарған» деген тарихи мағынасы терең пайымды алға тарта отырып жаугершілік заманда ел қорғаны бола білген, алыс-жақын ағайынның татулығын ойлаған тұлғаның  жұртшылық біле бермейтін ел басқару,билік айтқан қасиеттері жайлы тебірене әңгімеледі. Қызыл империяның солақай саясаты кезінінің өзінде Сексен, Ескендір секілді ақсақалдар үлкен обаның басына белгі орнатқан. Парламент Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов құрастырған «Есімдері ел есінде» жинақта да Жансүгір батырдың есімі ерекше аталады.

Бабамыздың рухына құран бағышталып, ас берілді. Бәйге, палуандар белдесуі ұйымдастырылды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

 Солтүстік Қазақстан облысы

 Аққайың ауданы.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше