«Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша, елімізде жыл басынан бері 138 мың тонна қант өндіріліп, 121 мың тоннасы импортталған. Облыстардың, Астана мен Алматы қалалары әкімдіктерінің деректері бойынша, тұрақтандыру қорларында қазір қанттың жеткілікті қоры сақталған. 2018 жылғы өнім жинау жүзеге асырылып жатқанын атап айтсақ, бұл да қант өндіру үшін шикізаттың мол болуына ықпал етпек. Сондықтан өнім тапшылығы және оның бағасының өсуі туралы айтуға негіз жоқ. Қазақстан қантты импорттауға және өндіруге қажет шикізатқа ешқандай тыйым енгізген жоқ. 2010 жылы Кеден одағы құрылған сәттен бастап, барлық ЕАЭО-ға мүше елдерге қатысты, үшінші елдерден импортталатын ақ қанттың тоннасына 340 АҚШ доллары көлемінде Бірыңғай кедендік тариф қолданылады. Одақ елдерінің арасындағы өзара сауда аясындағы қант айналымына баж салығы салынбайды. Қазақстандағы қант өндірушілер, оның ішінде «Raimbek» компаниясы да 2010 жылдан бері ЕАЭО аясындағы кедендік баж салығынсыз қант және оны өндіру үшін шикізат тасымалдауда уақытша жеңілдікті преференцияларды пайдаланып келді. Ағымдағы жылғы 27 шілдеде Ауыл шаруашылығы министрлігінің ЕАЭО ұлттық міндеттемелерді имплементациялау аясындағы ұсынысы негізіндегі Үкіметтің қаулысымен аталған жеңілдікті преференциялар жойылды» деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігі.
Сонымен «бақсақ, бақа екен» дегендей бұл жолғы шудың гәбі басқа болып шықты. Ол – қанттың дүрбелеңі емес, оны өндірушілер мен жеткізушілерге берілетін жеңілдік үшін тартыс екен.
Дегенмен қант туралы әңгіменің астарына тағы бір үңілуге тура келеді. Егер еліміздің Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика министрліктері секілді мүдделі тараптар бұл мәселеге жіті қарап, алдағы уақыттары оның шешімін дұрыстап белгілемесе, мәселе мұнымен тынбауы мүмкін. Себебі, осы кикілжіңнің өзі бұдан 15-20 жыл бұрын басталған қант тапшылығы секілді созылмалы сырқаттан Қазақстанның әлі де толық айығып кете алмай отырғанын көрсететіндей. Мәселен, алысқа бармай-ақ екі-үш жыл бұрын болған бір оқиғаны қаперге тағы бір салып өтейік.
2016 жылдың жазында өңірлерде қанттың 1 килосының бағасы 240 теңгеден 400 теңгеге дейін қымбаттап, тұтынушылар арасында нағыз дүрбелең пайда болған еді. Ол жолы да мәселеге байланысты Ұлттық экономика министрлігіне түсініктеме беруге тура келген. Жергілікті билік өкілдері мен халық болса осы оқиғаға орай көп жағдайда дүкендер мен алыпсатарларды кінәлаумен шектелген. «Халықтың жаппай жеміс-жидектен тосап қайнататын уақытын пайдаланып, пайда табу мақсатында қант бағасын әдейілеп көтеріп отыр» дескен. Мұның арты дереу дүкендерге тексерулер ұйымдастырып, заңға сәйкес әкімшілік жазалау шараларын қолдануға ұласқан.
Егер елімізде қант жеткілікті болса, оны орынсыз қымбаттатудың қандай негізі бар деген сұрақ сол жолы туындап еді. Әдетте еркін нарықта тауарлардың бағасы сұраныс пен ұсыныстың арасында алшақтықтың пайда болуынан көтерілетіндігін білеміз. Демек, бұл жерде басты мәселе қант өндірісіне қатысты деп ойлаған едік.
Осы тұжырымның дұрыстығын Еуразиялық экономикалық комиссияның статистикалық деректері анықтап берді. Деректер бойынша 2015 жылдың қорытындысында Ресейде 34 417 мың тонна, Беларусь елінде 3 300 мың тонна, Қырғызстанда 183 мың тонна қант қызылшасы өндірілгенде, Қазақстанда бар болғаны 174 мың тонна өндіріліпті. Соның салдарынан қант қызылшасының әр адамға шаққандағы үлесі Беларусь елінде 348, Ресейде 235, Қырғызстанда 30 килодан айналғанда, Қазақстанда бар болғаны 10 килодан келген. Сонда ауыл шаруашылығы өнеркәсіптік негізде дамыған Ресей мен Белоруссияны былай қойғанда бізден жері де, халқы да, жаңа технологияларды сатып алудағы мүмкіндіктері де аз қырғыз бауырларымыздан қалып кеткендігіміз анық көрінді.
Отандық рынокта қант жеткілікті болуы үшін бұл кемінде бір адамға жылына 27 килодан айналуы керек. Бұл, әрине медициналық норма емес, елімізде жылма-жыл жан басына шаққанда тұтынылып келе жатқан қант мөлшері, яғни қантты халықтың қажет ету деңгейі. Ал 1 кило қант өндіру үшін кемінде 5-6 кило жоғары сапалы қант қызылшасы қажет. Сонда Қазақстан өзін қантпен жеткілікті қамтамасыз етемін десе, жылына 2 210 мың тонна қант қызылшасын өндіруі тиіс екен. Ал отандық зауыттардың көпшілігі еліміздің сапалы да денсаулыққа зияны жоқ шикізатын пайдаланудың орнына алыстағы Бразилия секілді елдердің арзан тұратын қант құрақтарын тұтынуға көшкен. Қант құрағын экспорттаушы елдер өнімдерінің бағасын күрт қымбаттатқан кезде осы шикізаттан қант дайындайтын отандық зауыттар бірден тақырға отырып, өздері шығаратын қанттың бағасын күрт қымбаттатуға мәжбүр болған. Онымен де қоймай қызылша егушілер тиісті шикізат көлемімен қамтамасыз ете алмай отыр деп шу шығарған. Қызылша өсірушілер оларды шикізатпен қалай қамтамасыз етпек, олар әзірлеген тәтті түбірді зауыттар сатып алмаса, сөйтіп еліміздегі қызылша өндірісін мүлде тұралатып тастаса. Осы келеңсіздіктің ақыры тұтынушыларға тиіп, оқиға қарапайым халықтың зардап шегуімен аяқталған.
Дегенмен, Үкімет сол жолы бұл тығырықтан шығудың амалын тауып, қызылша өндірушілерге едәуір жеңілдіктер жасаған еді. Екі-үш жылда еліміздегі қызылша өндірісінің көлемі еселеп дамып, жағдай оңалғандай болған. Енді міне, ай мен күннің аманында қант үшін тартыс қайтадан туындап отыр. Бірақ Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика министрліктері атап көрсеткендей, бұл жолғы шудың бір шеті қантты сыртан әкелетін жеткізушілерге үстіміздегі жылдың 27 шілдесінен бастап қанттың 1 тоннасы үшін 340 АҚШ доллары көлемінде кедендік баж салығының белгіленуі де себеп болып отырған секілді. Ал бұл Еуразиялық экономикалық одақтағы ортақ келісімге сәйкес туындап отырған талап. Оның үстіне еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі отандық ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерді қолдай отырып, ел рыногының импортқа тәуелділігін азайту мақсатында бірқатар батыл қадамдарға баруды жөн деп шешті. «Кедендік баждарды енгізу – бұл ірі экспорттаушылар үшін ұнамды емес, бірақ нәтижесінде ішкі өндірістің қарқынды дамуына, ішкі нарықта отандық кәсіпорындардың қайта өңделген тауарларының ұлғаюына әкелетін қажетті шара. Ауызсу оңай болмайды, бірақ оны ең алдымен мемлекеттің азық-түліктік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірлесе іске асыруымыз қажет. Себебі, бұл модель шикізат өндіруден қантты іске асыруға дейінгі салааралық және шаруашылықаралық байланысты дамытуды көздейді. Бұл қызылша – қант өнімдері құнының төмендеуіне және тұтынушылық сұранысты қанағаттандыруға, бүкіл ауылшаруашылық тауар өндірушілер тізбегінің дамуына оң әсер етеді. Сонымен қатар импорттық қант құнының өсуі, тереңдетіп қайта өңдеу ісімен шұғылданатын қант алмастырушы өндірістің дамуына әкелетінін ескеру қажет» делінген бұл жөнінде Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан мәліметте.
Осы мәселелерден түсінгеніміз, Ауыл шаруашылығы министрлігі ендігі кезекте қант зауыттары мен қантты сырттан жеткізуші компанияларға жасайтын қолдауын тоқтатып, тіпті кейбір жағдайларда кедендік баж салығын күшейте отырып, отандық ішкі өндірісті дамытуға екпін түсірмек. Бұл мәселенің тосап қайнату мерзімі басталатын кезде қолға алынуы ішкі рыноктағы қант бағасының қымбаттауына әкелмей ме? Министрлік өкілдерінің бұл сауалға да беретін жауабы бар екен: «Бүгінде, қантты тұтынуы жоғарылаған маусымның алыпсатарлық көңіл күйін, сонымен қатар қазан айында басталатын қант қызылшасының жаңа өнімін жинастыруға дайындықтың басталғанын да қоса ескеруіміз керек. Осындай жағдайға байланысты қант бағасының шамалы қымбаттауы мүмкін. Дегенмен, бағалар маусымдық ауытқу шегінде болады деп түсінеміз.
Оның үстіне, саланың негізгі көрсеткіштері аса қатты тапшылықтың жоқ екенін, мемлекетте қант қорының сарқылмағанын көрсетеді. 2018 жылдың қаңтар-маусым айларындағы статистика мәліметтеріне қарағанда, ақ қанттың өндірісі 138,6 мың тоннаны, экспорт – 50,7 мың тоннаны, импорт – 121 мың тоннаны құрады. Нәтижесінде алты ай ішіндегі тұтыну көлемі 209 мың тонна деңгейінде қалыптасты. Бұл былтырғы көрсеткішке қарағанда 32 мың тоннаға аз. Қазір өңірлік тұрақтандыру қорларында тұрғындарға сатылуға арналған қант қоры жеткілікті. Мұның сыртында, қантты көтерме саудалаушылар және сауда желілері қоймаларында қанттың біраз қорын ұстайтындығы белгілі.
Осы жағдайды ескере отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігі тұтынушыларды қант төңірегінде болуы мүмкін қолдан жасалған дүрбелеңге берілмеуге шақырады. Өйткені оған жол беру – әрқашан бағаның жоғарылауына әкеледі» дейді Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері.
Сонымен, бұл жолы пайда болған қантқа қатысты дүрбелеңге тұтынушылардың қатысы жоқ. Әзірге әңгіме мемлекеттік органдар, қант зауыттары мен жеткізушілер арасында жүріп жатыр. Біз де оның әсері қарапайым тұтынушыға жетпеуін тілейміз. Бұл үшін тұтынушылар тарапынан сабыр да керек секілді. Сонда істің соңы халық үшін қайырлы болатындығына қызылша және қант өндірісі саласындағы жеңілдіктерді қайта реттеуге кіріскен Ауыл шаруашылығы министрлігі уәде беріп отыр.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»