Технология • 25 Қыркүйек, 2018

Назарбаев Университетінде тың жобалар таныстырылды

549 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Назарбаев Университетінде Demo Day – стартапкомандалар, өнертапқыштар және инноваторларға арналған Astana Business Campus «ABC Quick Start» акселерациялық бағдарламасының қорытындысы бойынша жобалардың таныстырылымы өтті. Demo Day шеңберінде стартаптар инвесторларға және кең аудиторияға ABC Quick Start акселерациялық бағдарламасы бойынша қол жеткізген жұмыс нәтижелерін ортаға салды.

Назарбаев Университетінде тың жобалар таныстырылды

ABC Quick Start – бұл қысқа мерзімде стартапты тиімді дамытуға бағытталған қарқынды акселерация бағдарламасы. Бағдарлама аясында акселерацияға қатысушыларға тәлімгерлік, команданы жиынтықтау, стартап-жобаны ең басынан бастап ілгері жылжытуға үйрету, шетелдік нарықтарға шығу, ABC-I2BF Seed Fund – Назарбаев Университеті қорынан инвестициялар алу мүмкіндігі, Назарбаев Университетінің серіктестеріне қосылу, Назарбаев Университетінің FabLab, DC Lab және басқа зертханаларын, сондай-ақ кеңселерін пайдалану мүмкіндігі қарастырылады.

Осы жылғы шілде айының аяғында бағдарламаға қатысуға келіп түскен 40-тан аса өтінімнің ішінен іріктеуден 13 стартап-жоба өткен. Жобалар энергетика, EdTech, ауыл шаруашылығы, медицина және басқа да технологиялық даму облысындағы анағұрлым өзекті салаларды қамтиды.

ABC Quick Start III акселерациялық бағдарламасына қатысушылардың қатарында мынадай жобалар бар. Олар, AgroGel – құмда және қуаң жерлерде өсімдіктер өсіруге арналған, кіріктірілген тыңайтқышы бар био-деградацияланатын гидрогель. Alfred – ғимараттардың энергоаудитін автоматты жүргізуге арналған сымсыз сенсорлық жүйелер. Apgrooz – ретэйл компанияларға арналған жүк жөнелту үшін автомобильдер іздестіру бойынша онлайн маркет плейс. Blitz – өнеркәсіптік өндірістердің инженерлік персоналын оқытуға арналған сервис. Farmily – супермаркеттерде өсімдіктер өсіруге арналған модульді гидропондық құрылғы. HR.best – үздік үміткерлерді таңдауға арналған HR сервис. IPrep – әлемдік стандартталған тесттерге дайындалу үшін қазақ және орыс тілдеріндегі онлайн платформа. Jaybox – мобильдік контентті үлкен экранда қолдану үшін мини ПК және проекторды біріктіретін құрылғы. MiniPortier - клиенттердің бейілділік мониторингі. Observer – келушілер ағынын талдау жүйесі. Symsyz – соқыр және нашар көретін адамдарға арналған ғимарат ішінде нақты жайғастыру жүйесі. TOP – компьютерлік көру негізінде гербицидтерді нүктелік енгізу жүйесі. ЦиВита – электропунктура және пульстік диагностика құрылғысы.

Назарбаев Университетінің Технопарк базасында 6 апта бойы оқыту кезінде стартапкомпаниялар тәлімгерлер мен сарапшылардың көмегімен жобаларды қарқынды дамытып, ірі коммерциялық келісімдерге қол жеткізді, инвест-ұсыныстар алды, сондай-ақ өз жобаларын әрі қарай табысты іске асыру үшін басты серіктестер тапты. Іс-шара аясында Astana Business Campus инновациялық кластері жобаларының көрмесі мен Стартап-жобаларға арналған келісімдер мен меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Astana Business Campus-та инновациялық ортаны дамыту мақсатында бизнес инкубатор, бизнес акселератор, технопарк, коммерциалау кеңсесі, зерттеулерді сүйемелдеу кеңсесі, Digital Fabrication Laboratory, Digital Creativity Laboratory және «АстанаТехнополис» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»