Ауыл • 26 Қыркүйек, 2018

Қасиетті мекенге қастерлі сезім

508 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қасиетті мекенге қастерлі сезім

Кіндік кесіп, топырағына аунап өскен туған жеріне қамқорлық жасауды қалыпты және шынайы патриоттық борышқа айнал­дырған, кәдуілгі міндетті іс санайтын азаматтар Қызылжар өңірінде аз емес. Аққайың ауданында орналасқан «Дайындық» және «Полтавка» агроқұрылымдарының басшылары Біржан Шаймерденов пен Елтай Зікірин атамекенін түлетіп, мәдениеті мен салт-дәстүрінің жаңғыруына,тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға белсене атсалысып келеді. Бұл екі азаматтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында да атқарған істері қыруар. Солардың бірі 28 миллион теңге қаражат бөліп, Жансүгір батырға арнап биіктігі 15 метрге жетеғабыл зәулім кесене тұрғызуы дер едік. Саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаз Молдахмет Сұрағанов көз майын тауысып Қожаберген, Бөгенбай батырлардың жасағы құрамында қалмақтарға қарсы жорықтарға қатысып, мыңбасы болған, ержүректілімен, шешендігімен көзге түскен Жансүгір Баубекұлы жайлы көптеген дерек­тер жинаған екен. Көзі тірісінде зиратын түзеп, көрнекті белгі орнату ойында болғанымен ол арманына жете алмай кеткен. Ауыл ақсақалы­ның аманатын жүзеге асыруға Біржан және Елтай белсене кірісіп, Аралағаш ауылына тақау тұста Астана-Петро­павл күре жолының бо­йына алыстан менмұндалап көрінетін аппақ кесе­нені бас-аяғы төрт айдың ішінде тұрғызып берді. Мәрмар тастар да, құрыш қолды шеберлер де Ақтаудан арнайы алдыртылды.

 Нысанның ашылу салтанатында аудан әкімі Дәурен Байтөлешов, облыстың өкіл имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы, ауданның құрметті азаматы Әбу Әбілмәжінов, келелі шараны ұйымдастырушылардың бірі Сан­сыз­бай Жұмабеков, тағы басқалары сөйлеген сөз­деріне «Бір адамның батылдығы мың адам­ға жол салған, Бір адамның батыр­лығы тұ­тас халықтың атын шығарған» деген та­рихи мағынасы терең пайымды алға тар­та отырып жаугершілік заманда ел қорға­ны бо­ла білген, алыс-жақын ағайынның татулы­ғын ойлаған тұлғаның жұртшылық біле бер­мей­тін ел басқару, билік айтқан қасиет­­тері жайлы тебірене әңгімеледі. Қы­зыл им­перия­ның солақай саясаты кезі­нің өзінде Сексен, Ескендір секілді ақсақалдар үлкен оба­ның басына белгі орнатқан. Парла­мент Мәжі­лісінің депутаты Абай Тасболатов құрас­тырған «Есімдері ел есінде» жинақта да Жансүгір батырдың есімі ерекше аталады. 

Бабамыздың рухына Құран бағышталып, ас берілді. Бәйге, палуандар белдесуі ұйым­дастырылды. 

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан» 

Солтүстік Қазақстан облысы,

Аққайың ауданы