Медицина • 26 Қыркүйек, 2018

Басқарма басшысы неге өтірік айтады?

316 реткөрсетілді

Жақында ғана газетімізде облыстың қысқа дайын­дығы, көмірдің әлеуметтік ны­сандарға қалай жеткі­зіліп жатқандығы жайында жазған едік. Облыс­тық энергетика және тұр­ғын-үй коммуналдық шаруа­шылығы басқар­масының басшысы­ Мұ­рат Мұсатаевпен сөй­лес­кенімізде бұл тарапта ешқандай мәселе жоқ­тығын, өңірдегі мектептер көмірмен 95 процентке қамтылғанын айтып: «Жыл сайын өңірде жылу 15 қазаннан бастап қосылады.  

Дегенмен де, біз 1 қазанда 100 процент дайын болуға тиіспіз. Білім, денсаулық нысандарында көмір жеткілікті. Қаражат бөлінген. Әкімдіктер қада­ғалап отыр. Суық түссе, кез келген уақытта жылуды қосуға даярмыз», деген еді. Алайда бұл мәліметтердің шындыққа жанаспайтыны «Нұр Отан» партиясы облыстық фи­лиалының Саяси кеңес бюросында белгілі болды. Ең алдымен, баяндама жасаған басқарма басшысы сөзін жап-жақсы деректермен тұздықтап, өңірдің жылу жүйелері қыс маусымына 95,6, сумен қамту және арық жүйелері 94, ал бюджеттік саладағы мекемелер 97 процент дайын екендігін (денсаулық сақтау нысандары – 96,1, білім нысандары – 96, әлеуметтік нысандар – 100 %) жеткізген. 

Алайда одан кейін баян­дама жаса­ған облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтановтың аймақтың жылу маусымына дайындығына байланысты есебі өзгеше болып шықты. Өңір бас­шы­сының ком­муналдық шаруа­шылыққа жауапты орынбасары 5 қыркүйектегі жағдай бойынша Риддер қаласы мен Бородулиха және Ұлан аудандарындағы білім нысандарына көмір жеткізілмегенін, Тарбағатай ауданын көмірмен қамту көрсеткіші небәрі 13 про­центті құрағанын, сол уа­қытта Семей қаласы мен Глубокое ауданының ден­саулық нысандары – 37, Көк­пекті ауданы қатты отынмен 44 процент қамтылғанын, ал халыққа көмір жеткізу Күршім мен Зайсан аудандарында – 30, Семейде 31 проценттен аспай отырғанын мәлімдеді. Және бұған об­лыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық ша­руашылығы басқармасы мен кейбір қала-аудан әкім­­дерінің өз жұмысына салғырттық танытқаны себеп бол­ған­дығын да жасырмай айтты.

Облыс әкімі орын­баса­рының кел­тірген дерек­терін Бесқарағай ауда­нының әкімі Дәулет Батыр­баев та шегелей түсіп, аудандағы білім нысандары көмірмен бар болғаны 25 процентке қам­тыл­ғанын тілге тиек ет­ті. Бұл олқылықты жиынды жүр­гізіп отырған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Даниал Ахметов қатты сынға алды. «Энергетика басқармасы мен әкімдердің деректері бір-біріне сәйкес келмейді. Бұл басқарманың бізге жалған мәліметтер беріп отыр­ғандығын көрсе­теді», деген облыс әкімі энер­­гетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқар­масының басшысы Мұрат Мұсатаевқа партия­лық қатаң сөгіс жарияланатынын жеткізді.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Жаны қазақ Виктория

Қоғам • Бүгін, 12:08

Қандастарға қамқорлық

Аймақтар • Бүгін, 10:00

Қытай айнасының құпиясы

Аймақтар • Бүгін, 09:55

Өнер қонған өлке

Аймақтар • Бүгін, 09:48

Музей жаңа залдармен толықты

Руханият • Бүгін, 09:20

Тасқа қашалған жыр

Аймақтар • Бүгін, 09:04

Инфляция ырыққа көне ме?

Экономика • Бүгін, 08:58

Ұқсас жаңалықтар