24 Ақпан, 2010

АЛДЫМЕН АҚТАЙДЫ, АРТЫНАН СОТТАЙДЫ

1307 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
Сонда жәбірленуші кім, жәбірлеуші кім? Ет сасыса тұз себіледі. Ал тұз сасыса не болады? Ешкім де білмейді. Өйткені тұз бұзылмауы керек. Бірақ ғайыптан тайып бұзылды дейік, онда өмір төмендегідей болады. Бір айта кетерлік жәйт, мақалада бірін-бірі сотқа берген, жанжал­дасқан екі тараптың біріне де біздің жағымыздан кінә артылмайды. Иә, олардың бірі кінәлі болмаса, айыпты кім дерсіз. Бар мәселе осында. Өйткені қудалаушы, айыптаушы және соттаушы жақтар да осы іске нүкте қоюға үлестерін қосатындығын ұмытпау керек. Сондықтан бізге әділдіктің соңғы сатысы деп арызын арқалап келген Нұрлан Көшкин: “Бар болашағы алда, желкілдеп енді жетіліп келе жатқан жас баламның тағдырын олар бүлдіріп қана қоймай, сол арқылы бүкіл бір әулетті қара жерге қаратып, қара аспанды төндірді. Алматы қаласындағы Қазақ-Британ университетінде оқып жүрген балам Қуаныш Сайлау аяқ астынан жала құрбандығына айналып, үш жылға сотталып кете барды”, – дейді. Дүйім қазақ жеріне қонақжай­лы­­лығымен танылған Оңтүстік Қазақстан облысының жері де, суы да шипалы Сарыағаш ауданын білмейтін жан жоқ. Сондағы емі кез келген ауруға дәрі шипажайда бірі – батыстан, енді бірі – шығыстан жеткен бозбалалар кездесіп қалады. Жастықтың бұла күші бойларына сыймаған, кәме­лет жасына толмаған балалар асып, тасыған қуатты қайда жіберерін білмейді. Сондай бір кезекті ойын­ның арты бір-бірін келемеждеуге, ақыры ерегеске айна­лып кеткенін өздері де аңғармай қалады. Сөйтіп, ойыннан өрт шы­ғады дегендей, ойларында ештеңе жоқ ойнақтаған балалар ісі үлкендердің жетектеуі­мен бірін-бірі жауапқа тартуға, түрмеге жабуға ұласады. Бұл 2005 жылдың 30 науры­зында орын алған оқиға еді. Қуат Мәуленов пен Камал Сабиров шекісіп, жанжалды бастайды. Мұны көрген Қуат Мәуленовтің нағашы ағасы Қуаныш Сайлау ара­ға түседі. Үшеуі жұлқысып тұрғанда бірінің қолы Камал Сабировтің көзәйнегіне тиіп, оның сынығы көзіне қадалады. Содан айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылады дегендей, жұлқысқан екеуі шетте қалып, араша түскен Қуаныш Сайлау Оң­түстік Қазақстан облысындағы Сарыағаш аудандық сотының үкі­мі­мен үш жылға бас бостан­дығы­нан айырылып, сотталады. “Нелік­тен, кім кінәлі?” – дейсіз ғой. Әрине, біз бұл арада үкім не дұрыс, не дұрыс емес деп пікір тақпаймыз. Арызданушының арызы бойынша болған оқиғаны ғана талдауды мақсат тұттық. Сарығаш аудандық сотының шешімінде жасы кәмелетке толмаған Қуаныш Сайлау жәбір­ленушінің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру үшін бұл қылмысты төмендегіше жасағаны айтылады. Онда сотталушы Қуаныш Сайлау сол күні “Сары­ағаш” шипажайының алдында жиен інісі Қуат Мәуленовті ірі денелі әрі жасы да үлкен Камал Сабиров ұрмақшы болып жағасы­нан ұстап, жұлқылап жатқанын көреді. Інісін арашаламаққа ұмтылған Қуаныш Сайлау жеке бас араздықтың салдарынан өзінің әрекетінен жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келуі мүмкін екенін біле тұра К.Са­бировке қол жұмсаған. Осының салдарынан К.Сабиров­тың көзілдірігінің шынысы сынып, көзі ауыр жарақаттан көрмей қалыпты дейді. Ал бұл оқиға расында қалай орын алған? Аталған сотта жауап берген сотталушы Қуаныш Сайлау атасы, апасы және жиен інісі Қуат Мәуленов төртеуі демалуға келген­дерін, содан бір күні атасы мен апасы бюветке суға кетіп бара жатып бұларға соңымыздан қуып жетіңдер деп алдымен шығып кеткенін айтады. Осы кезде Қуат Мәуленов холлда Камал Сабиров деген баламен ерегесіп қалады. Ол артынан жеткен Қуаныш Сайлауға Камалмен ұстасып қалғанын және оның өзін ұрғанын айтады. Бұған онша мән бермеген Қуаныш атасы мен апасы кеткен бағытқа жүре береді. Сол кезде кейін қалған інісінің мұны шақырған даусы естіледі. Артына бұрылып қараса, ол жаңағы өзі айтқан Камалмен жұлқысып жатыр екен. Жүгіріп барып араға түседі. Камал Сабиров оны “сен араласпа, бұл өзіміздің шаруамыз” деп бетінен түйіп қалады. Соққы әсерінен Қуаныш шалқалай құлай жаздап барып, құйрығы жер иіскейді. Сол сәтте алысып жатқан екеудің бірі, яғни Камал Сабиров “ойбай, көзім, көзім” деп бетін басқан күйі ішке кіріп кетеді. Ол Камалды танымайды, сондық­тан олардың араларында бір-біріне өшігетіндей бұрын бас араздықтары болмаған еді. Осы оқиғаға басты екі себепшінің бірі яғни Камалмен ерегесіп, ұстасқан Қуат сотта жауап бергенде сол күні холлда шынымен Камалды кездес­тір­генін айтады. Және одан өзі алдымен: “Шахмат ойнайсың ба?” деп сұраған. Бұған Камал болса: “Сенімен шах­мат ойнау - өзіңді сыйламау” деп жауап қайтарыпты. Содан екеуінің арасында бір-бірін кемсіткен “жирный” және “козел” деген сөздер алмасып айтылып, ақыры екеуі айқаса кетеді. Камал өзінен кіші Қуатты мойнынан ұстап, қылғын­дырып, басынан үш мәрте ұрған. Қуат соққыдан есеңгіреп, орындыққа отырып қалғанда бір үлкен адам оларды ажыратып жібереді. Камал қасындағы қарындастарымен сыртқа шығып кетеді. Дәл осы сәтте бөлмесінен холлға Қуаныш кіреді. Қуат ағасына болған жайды айтып береді. Ағасы Қуаныш: “Мүмкін бұған сен өзің кінәлі шығарсың?” деп сыртқа шығып, кете барады. Ағасынан сөз естіген Қуат амал жоқ сүйретіліп ол да тысқа шығады. Есік алдында оны: “Сен неге мені семіз­сің деп мазақтайсың?” деп Камал жетіп келіп, көйлегінен шап беріп ұстайды. Қорыққанынан Қуаттың үні шығып кеткен болуы керек, Қуаныш естіп, жүгіріп жетеді. Келе сала арашалай бергенде Камалдың оны бір ұрғанын, бетіне тиген соққыдан Қуаныштың шалқалап құлап бара жатқанын және өзінің Камалдың қолынан босану үшін артқа қарай шегіне беріп бір тепкенін, сосын екі қолымен ауа қармай жұлқынған кезде бір қолы Камалдың көзіне тиіп кеткенін, одан оның көзәйнегі сынғанын және көзі қанағанын анық байқадым, дейді Қуат Мәуленов. Сөйтіп: “Төбелескенде қолым бай­қау­сызда Камал Сабировтың көзәй­негіне тиіп, сындырып жібердім, содан оның көзі қанады”, – деген алғашқы берген жауабынан Қуат Мәуленов әлі күнге таймай келеді. Бірақ неге екені белгісіз құқық қорғау органдары оның сан мәрте қайта­лаған бұл сөзін есепке алмапты. Кері­­сінше оны сотта куәға айналдырып, ал туысқан адам куәгер болғанда мүдделілік танытады деген желеумен, айтқанын дәлелге сыйғызбаған. Сол сияқты жәбірленуші Камал Сабиров алдын ала тергеуде берген (сот отырысына қатыспаған) жауабында қарындастарымен холда шахмат ойнап отырғанда Қуат келіп шахмат ойнауға ұсыныс жасағанын, бірақ бұл ойнамайтынын айтқанда анау “семізсің” деп мазақтағанын, сосын бұл да қарап тұрмай “заткнись, козел” деп ұстасып қалғанын айтады. Сыртқа шыққаннан кейін бір бала “очкарик” деп мазақтап бір тепкенін, оған бұрылып қарай бергенде тағы бір бала көзіне ұрғанын, содан көзәйнегі сынып, оның шынысы көзіне зақым келтіргенін жайып салыпты. Енді бұлардың сөздеріне екі тарап куәлерінің осы мазмұндас дәлелдерін қосуға болады. Бәрінікін жинақтап түйгендегі анық-қанығы: балалардың төбелескені, Камалдың көзәйнегі соққыдан сынып, жанарына зақым келгені және Қуаныштың бетіне соққы тиюі әсерінен жеңіл дене жарақатын алғаны болып отыр. Бұған дәлел Камал Сабировтың көзіне 2005 жылғы 20 шілдеде жасалған сот-дәрігерлік сараптама. Онда оның сол көзінің тыртық түрінде кесіліп, ауыр дене жарақатын алғаны көрсетілген. Сол сияқты Қуаныш Сайлаудың сол көзінің қызарып қанталап, денсау­лығының қысқа мерзімге бұзылуына әкеп соғатын дене жарақатын алғаны туралы 2005 жылдың наурызында берілген сот-дәрігерлік сараптама. Бұған қоса Қуат Мәуленовке де төбелес кезінде жабық бас-сүйек жарақатын, бас миы зақымданып және қарақұсы қанталаған дене жарақатын алған деген сот-дәрігерлік сараптама берілген. Демек, бұған сүйенсек, алғашқы жұлысқан екі бала бір-біріне қол жұмсағаны анық. Жәбірленуші жақтың куәлары екі бала бір баланы ұрып құлатып, теуіп тастағаны туралы айтады. Ал екінші тарап куәгерлері тепкі туралы ләм деп ауыз ашпайды. Бірақ олар да оқиғаны көзімен көрген соң куә болған еді. Мәселен, куәлар Ж.Атан­таев пен Р.Атантаевалардың және А. Мамашариповтың жауаптарында №6 корпустың алдында көзілдірік таққан бір бала мен кішкентай бір бала алысып қалғанын, сол кезде тағы бір үшінші жас бала келіп оларды ажы­рат­пақшы болғанда, оны көзілдірік таққан бала бір ұрып жерге отыр­ғызып қойғанын, ал қалған екеуі одан әрі алысқанын, содан көзіл­дірікті бала көзін ұстап корпусқа кіріп кеткенін соқырға таяқ ұстат­қандай көрсетеді. Бұл куәлар бала­ларды танымайды да, ата-аналары­ның туысқандары да емес. Бірақ неге екені белгісіз олардың сөздері де дәлелге алынбаған. Себебі, бұлардың дәлелін сот сараптамасы жоққа шығарады дейді. Алайда, алғашқы сот сүйенген сот сарап­тамасындағы жәбір­ленушінің көзіне салынған жарақаты ауыр түріне жатады деген тұжырым кейінгі, яғни ОҚО сот-дәрі­герлік орталығында өткізілген комиссиялық сараптама қорытын­дысында дәлелденбей қалыпты. Сонда о бастағы сарап­шының қандай негізге иек артып, неліктен ауыр жарақат деп тұжырым бергені әзірге белгісіз қалып отыр. Жәбірленушінің қарындастары да сот айтқандай, туысқан, мүдделі адамдар, ендеше олардың сөздері неге дәлел ретінде алынады? Ал сот­талу­шы Қуаныштың жиен інісі Қуаттың сөзі неге дәлелге алынбады? Демек, үлкенді-кішілі екі баланы төбелестірмес үшін араға түскен Қуаныштың жауапты болуы алдын ала тергеу ісінің кемшіліктеріне байланысты ма дейміз. Оның үстіне жиен інісін Камалдан арашаламақшы болғанда Қуаныш та көзіне соққы алады. Егер ол да көзілдірік тағатын болғанда жағдайы не болар еді? Абырой болғанда, көзілдірік таққан жоқ, бірақ көзіне соққы жұмсалды. Ал соққы қандай мақсатпен жұмсал­ды? Жеке бас араздықтың салдары немесе біле тұра денсаулыққа зиян келтіру үшін жұмсалған жоқ па? Өйткені, мұндай айып сотталған Қуанышқа да тағылып отыр ғой. Оны түсіну үшін алдын ала тергеу барысындағы кемшіліктерге тоқталған жөн. Жалпы Нұрлан Көшкин­: “О баста алдын ала тергеу­де дұрыс басталған іс кейін бұр­маланып кетті”, – дейді. Қылмыс­тық істен алынған құжаттарға қарап отырсақ, о баста Сарыағаш АІІБ-нің тергеушісі Н.Дүйсебаев №06515403100064 санды қылмыстық істің құжатын талдау барысында: “Бұл жерде Қуаныш Сайлаудың әрекетінде қылмыс белгілері жоқ. Қуаныш Сайлаудың Камал Сабировқа дене жарақатын салуға еш мүмкіндігі болмаған, оған дене жарақатын Қуат Мәуленовтың абайсызда салғандығы қылмыстық істе жинақталған құжаттармен дәлелденіп отыр”, – дейді. Сон­дықтан ол Қуаныш Сайлауға қатыс­ты қылмыстық қудалау қысқартылды деп қаулы шығарады. 2006 жылдың 29 мамырында шығарылған бұл қаулы әлі бұзылмаған көрінеді. Алайда, бұған қарамастан сол жылдың қыркүйегінде Қуаныш Сайлауға кенеттен ҚК-тің 103-бабының 1-бөлімімен тағы қайтадан айып тағылады. Бұған қоса Қуат Мәуленовтың үстінен қозғалған қылмыстық істі қысқарту туралы Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының басқар­ма аға прокуроры Н.Әлкейдің қау­лысы бұзылып, Сарыағаш аудандық прокуратурасына қайта жолданады. Кейін Жоғарғы Сотқа Нұрлан Көш­кин шағымданған кезде осы аға прокурор Н.Әлкейдің қыл­мыстық іс бойынша қосымша тергеу амал­дарын жүргізу үшін бұзған қаулысы­ның екінші парағы қылмыстық істен жыртылып алынып, оның орнына Қуаныш Сайлауға байланысты қабылдаған қаулыны да бұзу туралы жалған ақпараттар енгізілген жаңа парақ тігіндісі тіркел­гендігі Жоғарғы Сотқа жолданған қылмыстық істен байқалады. “Біз алдында бұл істің толық көшірмесін түсіріп алғанбыз. Егер олар оны сол мезетте өзгертпесе өздері айыптап, түрмеге отырғызған Қуаныш Сай­лау­дың жазықсыздығы анықталып, ақталып шығар еді. Ол ақталып шықса, жазықсыз айып таққандар жауапқа тартылуға тиіс. Тіпті олар­дың мұны асығыс-үсігіс жасағандары сонша, жыртылып алынған екінші беттің қалдығы бастырылған степлердің түбінде қалып қойған. Оны айтасыз, жалған ақпарат енгізілген жаңа екінші бет бірінші бетке степлермен қайта бекітілмеген. Сөйтіп, менің қолымда қазір негізгі қаулымен қатар аға прокурор Н. Әлкейдің атынан қол қойылған тағы екі нұсқа бар. Үшеуін­де қойылған қол үш түрлі. Ішіндегі сөйлемдері әр­түрлі. Негізгі нұсқада тек “Мәу­ленов Қуат Бауыр­жанұлы­ның үстінен” десе, жаңасында оған қоса “және Сайлау Қуаныштың үстері­нен қоз­ғал­ған қылмыстық істі өн­дірістен қысқарту туралы қаулысын бұзуды қаулы еттім” деп өзгер­тілген”, – дейді әді­летсіздіктен ашынған Н.Көшкин. Аталған қылмыстық іс 2005 жылдың 30 наурызында қозғалса да, ол оқиғаға қатысы бар деген Қуаныш Сайлау мен Қуат Мәу­ле­нов­ке ұзақ мерзімді тергеу амал­дары жүргізіліп, бірнеше мәрте олардың әрекеттерінде қылмыс белгілері жоқ деген себептермен іс қысқартылған. Ақыры Қуаныш Сайлау ҚК-нің 103-бабының 1-бөлігімен жауапқа тартылса, Қуат Мәуленовке жәбір­ленушіге ауыр дене жарақатын абайсызда салған деген бап бойын­ша айып тағы­лып, бірақ кәмелет жасына тол­мауына байланысты қудалау қыс­қартылған. Сонда бір іс бойынша екі, яғни, алдын ала тергеу бары­сында бір-біріне қарама-қайшы қаулылар қабылданып, бірін-бірі жоққа шығаратын процессуаль­дық шешімдер пайда болып отыр. Сөйтіп, арада үш жылға жуық уақыт өтсе де тергеу орны жәбір­ленушіге ауыр жарақатты нақты кім салғанын заңды шеше алмай жатып, істі сотқа жолдаған. Сол сияқты алдын-ала тергеуде жауап берген жәбірленушінің куәгерлері бір түсініктерінде “Камал Сабиров­ты көзінен ұрған жасы үлкендеу жігіт” десе, екінші бір жауап­тарында “оны екеуі теуіп жатыр екен” дейді. Бірақ жәбірленушіні нақты кім көзінен ұрғанын айта алмаған. Тағы бір ескеретін жәйт, Нұр­лан Көшкин құжаттарды көрсетуі барысында Оңтүстік Қазақстан облыс прокурорының орынбасары Ж.Оспановтың аталған іс бойынша қылмыстық істі қысқарту туралы қаулыларды бұзу жөніндегі қаулы­сы екі түрлі екенін және олардың қайсысы түпнұсқа екені белгісіз қалып тұрғанын айтады. Сарыағаш АІІБ-нің тер­геу­шісі Н.Дүйсебаев 2008 жылы шы­ғарған қаулысымен Қуат Мәуленовке қатысты қыл­мыс­тық қудалауды қысқарту туралы қабыл­данған қаулы заңсыз ретінде күшін жойған. Осыдан кейін тергеуші бірде-бір тергеу амал­дарын жүргізбей, айыпталу­шы­ның, жәбірленушінің және куә­лардың жауаптарындағы қарама-қайшы­лықтарды жоймай Қуат Мәуленов­­тың әрекеттерінде қыл­мыс құрамының болмауына бай­ланысты қысқартқан. Сол сияқты Оңтүстік Қазақстан облыс­тық прокуратура­сының басқарма аға прокуроры Н. Әлкейдің қолы қойыл­ған Қуат Мәуленов пен Қуаныш Сайлау­дың үстінен қоз­ғалған қылмыстық істі қысқарту мен қылмыстық қуда­лауды қыс­қарту туралы қаулыларын бұзу туралы 2006 жылғы шілдедегі қау­лысын­дағы бірнеше сөздер белгісіз біреу­лермен ауыстырылып толық­ты­рыл­ғаны анықталып отыр. Демек, осы жәйттердің бәрін сара­лай келгенде қылмыстық іс жүргізу заңы елеулі түрде бұзылғандығы байқалады. “Кезінде сарапшы Айтбаев шығарған негізсіз тұжырымдама баламның тағдырын тәлкек етуге әсерін тигізді. Мен ол сарап­шының шешіміне сенбей, ОҚО сот-медициналық орталығы­на жүгіндім. Комиссия Камал Сабиров­т­ың денсаулығына орташа дәрежелі зиян келген деп қоры­тынды берді. Жәбірленуші де, оның туыстары – куәлері де алдын ала тергеуге берген жауаптарынан өзге кейінгі бірде-бір сот оты­рыс­тарына қатысып, кейбір дүдәмәл жәйттерді айқындауға мүдделілік білдірген жоқ. Демек, осы істі қара­ған сот пен про­куратура қыз­меткерлері Жоғарғы Соттың 2006 жылғы 20 сәуірдегі №4 “Қыл­мыс­тық істер бойынша дәлелдемелерді бағалаудың кейбір мәселелері туралы” нормативтік қаулысын ескермеген. Сөйтіп сотта күмәнді нәрселер сотталушының пайдасына шешілмеді. Бірақ оған аталған құқық қорғау органдары назар аудармады. Сондықтан да балам­ның болашағына мүлде балта шап­пас үшін сотталған деген сөзден абыройын ақтап алуына, тағылған жала айыптарды жоюға, сөйтіп құқын қайтаруына көмек беруді сұраймын”, – дейді Н.Көшкин. Енді оның бұл арызында шын­дықтың дәні бар екеніне Жоғарғы Соттың қадағалау алқасы да назар аудара қараған секілді. Өйткені, жоғарыда көрсетілген қайшылық­тарды олар да тап басып, бұрынғы сот қаулылары бұзылуға, қыл­мыстық іс соттың қайта қаралуына жатады деп анықтапты. Бірақ іс осымен аяқталған жоқ. Өйткені, балғын жастың балағына жабысқан сотталған деген сөзден Қуаныш Сайлау әлі заңды түрде құтыла алар емес. Сондықтан, шын­дығын­­да жәбір­ленуші кім және нақты жәбірлеуші кім екенін анықтау үшін құзыр­лы органның жаңа құзыреті қажет-ақ болып тұр