27 Қыркүйек, 2018

Оқушы миллион алып, мұғалім Оксфордқа аттанады

797 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен 6-10 сынып оқушылары арасында батырлар жырын жатқа айтудан «Тұлпар мініп, ту алған» әдеби және тарихи танымдық байқауы мәресіне жетіп, Оқушылар сарайында ақтық сын өткізілді. Бұған дейін Алматының 8 ауданында іріктеу сайыстары өтті. 

Оқушы миллион алып, мұғалім Оксфордқа аттанады

«Алпамыс батыр» жырын жатқа айтып, жеңімпаз атануға 1300-ден аса үміткер тілек білдірді. Әр ауданнан үш жеңімпаздан іріктеліп, оза шауып келген 24  жүлдегер оқушы қалалық сынның қаталдау болатынын қазылар алқасының құрамына қарап-ақ байқады. Ұлттық жобаны қолдап, ерте көктемнен бастап жыр жаттап жүзден жүйрік атанып келген талапты оқушылардың өнеріне академик Өмірзақ Айтбаев, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан, профессор, әдебиетші-ғалымдар Тынысбек Қоңыратбаев, Темірхан Тебегенов, Серік Қорабайұлы, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай төрелік жасады.

«Тұлпар мініп, ту алған» ұлттық жобасы несімен құнды? Эпостық жыр-дастандар – қағазбен қатталмаған, жылнамасы жоқ тарихымыздың ауызша жеткен сипаттамасы, ұлттық құндылығымыздың ауқымды бір бөлігі. Бүгінгідей бала санасының әр талшығын бүкілғаламдық тор шеңгелдеп тұрып шырмап алған кезеңде оның тарихи, көркем, пәлсапалық маңызын ұмыттырмай, бабалар аманаттап кеткен жәдігердің әр жолын көздің қарашығынай сақтап, бойға сіңіруге әр қазақ құмбыл болуы тиіс. Ерлікке, отансүйгіштікке баулитын батырлар жырының мазмұнын ғана емес, маңызын да біліп өсу әр жеткіншекке міндет дейміз. Алайда ағыл-тегіл ақпарат заманы батырлар жырын жаттап өспек түгілі, оның бар екенін де ұмыттырып бара жатқандай. Мектеп бағдарламасы аясында ғана амалсыз оқып, басқа уақытта оның рухани байлықтың бастауында тұрған қуатын сезінбейтіндер көп. Тегеурінді технологияның тасасында қалып бара жатқан ауыз әдебиетінің інжу-маржаны ендігі жерде ешкімге де қажет емес деп қарайтындар бар. Ендеше эпостық жырға, батырлар жырына құрметті арттыру үшін ынталандырып жаттатудың, қызықтырып оқытудың әдіс-амалдары қарастырылса, құба-құп. «Тұлпар мініп, ту алған» ұлттық жобасының осындай пайым тұрғысынан қолға алынғаны анық. Жоба жетекшісі, ақын Серік Сейтманның айтуынша, «Тұлпар мініп, ту алған» байқауы оқушылар арасында кітап оқуды, оның ішінде қазақ халқының батырлық эпостарын насихаттау, өскелең ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік қабілетін дамытуға жағдай жасау, оқушыларды халық поэзиясына, асыл мұраға деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу, намысшылдық, қайсарлық қасиеттерге баулу, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің беделін көтеруді мақсат тұтады. 

Алғаш рет ұйымдастырылып отырған ұлттық жоба 1-орын алған жеңімпаз балаға бірден 1 500 000 теңге жүлде тағайындады. Мұншама қомақты жүлде қоры бұрын-соңды білімге қатысты байқауларда болған емес. Өзге сыныптастары ала жаздай доп теуіп, думанды жаздың қызығына тоймай, сейіл-серуеннен қолдары тимей жүргенде бұл балалар 110 беттен тұратын «Алпамыс батырды» жаттады. Рас, аудандық деңгейдегі жарыстарда анық байқалған, жыр жаттаған оқушылардың қарым-қабілеті, білім деңгейі, мүмкіндігі бірдей емес,  әртүрлі. Кей мектептің оқушысы жаттап алған он бетті де малданып тұрды, онымен салыстырғанда, елу бет жаттағандарға елжірей қарадық, бала жетістігі желпінтпей қойсын ба, кейбіреуі «70 бет жаттадым» дегенде, делебесі қызған жұрт нағыз дарабозды көргендей дабырласып қалды. Мысалы, іріктеу сынында Әуезов ауданынан қатысып, жеңімпаз болған Нұртұлға Әділұлы байқау туралы ести сала, қолына түскен «Алпамыс батыр» жырының 30 бетін жаттап алған соң ғана талап бойынша Сұлтанбек Аққожаевтың нұсқасымен жаттау керегін білгеннен кейін жаңа нұсқамен жалғастырып әкеткен. Бұрынырақта әдеби байқауларға қатысып жүрген балалардың мәнерлеп оқудың шебері екені байқалғанымен, «Алпамыс батырды» айтуға келгенде ол мақамның жарамайтыны білініп тұрды. «Бұрынғы өткен заманда, Жиделібайсын жерінде, Қоңырат деген елінде, Байбөрі деген бай шықты ...» деген алғашқы шумақ басталғанда-ақ бірінің таңдайы тақылдап тақпақтатып шықса, бірі баяғының биінің образына кіріп, байсалды әуезбен әндете жөнеледі. Бір мектептен оннан аса бала келсе, енді бір мектептен бар-жоғы екі-үш бала ғана қатысты. Қолына қамшы ұстап, қалқан асынып, ұлтық киім киіп «түпнұсқаға» жақындап келгендерге мектеп формасымен тұрғандардың жеңісті қолдан әлден беріп қойғандай жасқана қарайтын қалыптары күлкі шақырмай қоймады. Үш-төрт шумағын айтқан соң төрешілердің бірі үзіп жіберіп, орта тұсынан жаңа шумақты оқып «жалғастыр» десе, «кешіріңіз, ағай, мен ол бетін жаттағам жоқ» дейді. «Қанша бет жаттадың?» «Он бет». Жыр құдіреті деген сол, бауыры жазылып шапқан жүйріктердің жарысын тамашалағандай арқаланып отырған тыңдаушы жанкүйер он беттің өзіне де мәз болып қалады. Баяғыда жыр-дастандарды таңды таңға ұрып жатқа соққандар мен құлақ құйқасы шымырлап, кірпік ілмей тыңдағандардың күйін шамалап түсінгендей күй кешесің. Халық әдебиетінің бастауынан қанып ішкен мықты жазушымыз Мұхтар Мағауин «Бекет батыр» жырын мектепке бармай тұрғанда-ақ жатқа айтқанын мақтанышпен жеткізіп еді. Ал мынау байқау өшкен өнердің заманауи сипатпен көрінген жаңа жарқылы ғана.

«Алпамысты» айтып, жүлдеге таласқандардың арасында орыс та, кәріс те, ұйғыр да болды. Алпыс бет жырды жатқа айтқан Наурызбай ауданының оқушысы Николай Шут әлеуметтік желінің күшімен әп-сәтте тұтас қазақ ұлтына ұнап қалды. Міне, осындай қызығы мен шыжығы қатар жүрген  жарыс алпыс түгілі «сексен, тоқсан беттерді» шаң қаптырып, шашасына шаң жұқтырмай жүз бет жырды толық жаттағандарды ғана мәреге топтастырды. Тайжарысқа тайсалмай келгендердің бар ықылас-ынтасы күндіз-түні қолынан кітабы түспей жаттаған ұзын-сонар жолдарды ұмытып қалмауға бағытталғандай. Бала болса да ұстазының үмітін, мектебінің алдындағы жауапкершілікті сезінеді. Ұстаз демекші, «Тұлпар мініп, ту алған» байқауының басты ерекшелігі – миллионды қанжығасына байлаған жеңімпаз оқушыны баптаған тәлімгері Англияның Оксфорд қаласында үш ай тіл білімін жетілдіру орталығынан ағылшын тілін терең меңгеріп қайтаруға жіберіледі. Екінші орын алған оқушының мұғалімі – екі ай, үшінші орын – бір ай тіл үйренуге мүмкіндік алады. Жалпы білім беретін мектептерде ағылшын тілін меңгеру міндеттеліп жатқан кезеңде бұл мұғалім үшін де таптырмас мүмкіндік екені сөзсіз.

Сонымен, байқаудың үш жеңімпазы да Алматы қаласының бір ғана ауданынан – қазағы қалың қоныстанған Алатау ауданынан шықты. Енді бір ауданнан үш бірдей ұстаз Оксфордтқа аттанады. Жеңімпаз оқушылар мен ұстаздар: 1-орын Аружан Әбсаттар (тәлімгері Майра Айыпханқызы), 2-орын Абылай Бердашев (Айжан Оспанбекова), 3-орын Бекзат Шардарбек (Фарида Сүлейменова) биылғы байқаудың мықтылары болды. Ал ынталандыру сыйлығының иегерлері болып Шыңғысхан Армия, Мәншүк Арыстанбек, Санат Ғизатұлы танылды.

Ендігі жерде жырды жүлде үшін емес, өзі үшін жаттайтындардың қатары көбейіп, ауқымы кеңейсе, көмескі тартқан өнердің шоғын маздатуды көздеген байқау мақсатының орындалғаны.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ