1918 жылдан бастап қазіргі Түркістан облысының жерін суландыруға байланысты «ақ алтын» егу жұмыстары қолға алынған-ды. Егістік көлемі ұлғайып, ел экономикасына шаш етектен пайда түскен соң 1924 жылы негізінен мақта өсірумен шұғылданатын Мақтаарал ауданы құрылды.
Уақыт өте келе елімізде жеңіл және тоқыма өнеркәсібі саласы өз алдына министрлік болып құрылды. Шитті-мақтаны өңдеу зауыттары мен тігін фабрикалары көптеп салынды. Одақ көлемінде Өзбекстаннан кейінгі ең ірі мақта-мата талшықтарынан түрлі бұйымдар жасайтын отандық кәсіпорындар алдыңғы қатарлардан көрініп жүрді. Шымкенттегі «Восход» фирмасынан шыққан киімдер дүниежүзілік көрмелерде алдыңғы орындарды иеленді. Мінекей, жеңіл және тоқыма өнеркәсібі саласының дамып келе жатқанына да бір ғасырдан асып барады.
Диқандар үшін мақта бағасының жоғары болғаны тиімді, әрине. Ал барлық тауардың құны Ливерпуль биржасындағы баға коэффициентіне байланысты. Бұл өз кезегінде шитті-мақта өсірумен айналысатын диқандардың да табанақы, маңдай тер еңбегіне әсер етпей қоймайды.
Биыл Жетісай, Мақтаарал, Келес, Сарыағаш, Отырар, Ордабасы, Бәйдібек, Шардара, Арыс аудандары мен Түркістан қалаларының егістік алқаптарын қосқанда диқандар 135 мың гектар алқапқа шитті-мақта еккен. Бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда екі еседей төмен. Оған, біріншіден, шаруалардың бақша дақылдарына көшуі себеп болса, екіншіден биыл мақта егістіктерінің біраз бөлігіне зиянкестер әсерін тигізді. Жоспар бойынша шамамен 333-335 мың тонна көлемінде шитті-мақта жинау көзделуде. Шаруалар гектарынан 33-35 центнерден өнім жинаса, бұл меже де орындалуға тиіс.
Шитті-мақта терімі қыркүйектің басында басталып, қар түскенше жалғасады. Диқандар үшін шитті-мақта гектарына 30 центнерден болған жағдайда қолмен емес, комбайнмен тергізген тиімді. Техника күшімен мақта 2-3 күнде жиналса, қолмен апталап созылады.
Қазіргі таңда шитті-мақтаны қолмен теретін жұмысшыларға әр килосына 35 теңгеден төленетінін айта кетейік. Бұл қарапайым ауыл еңбеккерлері үшін әжептеуір табыс көзі болып есептеледі. Мақтаны комбайнмен ору бағасы біршама қымбат. Комбайншылар гектарына шамамен 45-50 мың теңге көлемінде сұрап отыр екен.
Қазір қабылдау пункттерінде 128 мың тонна бірінші сортты мақта жиналды. Тоннасына бастапқы бағасы 172 мың теңге болып белгіленген. Бұл көрсеткіш жиын-теріннің соңына таман 260 мың теңге болуы да ықтимал. Себебі Ливерпуль биржасындағы баға жыл сайын терім соңына қарай көтеріледі. Оның үстіне Ресей, Иран, Пәкістан, Түркия, Қытай және Балтық теңізі жағалауындағы елдерден біздің шитті-мақтаға деген сұраныс өте жоғары. Еліміз «ақ алтынды» негізінен Ресей, Қытай және Еуропа елдеріне экспорттайды. Мәселен өткен жылы аталған мемлекеттерге елімізден 60 мың тоннадан астам шитті-мақта талшығы экспортталған.
Бір тонна шитті-мақтадан 330-360 кг талшық, 100-110 кг тағамдық, техникалық май, 30-40 кг қысқа талшық, 550-580 кг тұқымдық шит алынады. Тұқымдық шитінің өзінде 20-25% май болады, сондықтан бір тонна тұқымынан 170 кг шитті-мақта майы, 400-420 кг күнжара, 300 кг мақта мамығы, олифа, глицерин, тағы басқа өнімдер алынады.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз», деген болатын.
Шитті-мақтаның мол өнім беруі мен уақтылы жиналуына агротехникалық ережелердің уақытында сақталып, инновациялық технологиялардың қолданысқа енгізілуі көп ықпал етеді. Соның арқасында зауыттарда өңделетін бір тонна таза талшықтың шығымы 32%-ке артып, сапасы да жоғары болмақ. Электр қуатының шығыны 29-31% үнемделіп, талшықтың машиналарда өңделу уақыты 34% қысқаратынын да айта кету керек. Осындай инновациялық технологияларды өндіріске енгізгенде еліміздің жеңіл және тоқыма өнеркәсібі алға жылжыған болар еді.
Шитті-мақтаның ұзын талшықтарынан бәтес, сәтен, маркизат сияқты түрлі маталар тоқылса, қысқа талшықтарынан целлюлоза, пластмасса, фотопленка, дәрілік мақта, жанғыш пілте, жасанды жібек, жіп, тағы басқалары дайындалады. Мақта майы тамақ, парфюмерия өнеркәсіптерінде қолданылады, ал тұқым қалдығынан этил, метил спирттерін, лак, қағаз, органикалық қышқылдар, тағы басқаларын алуға болады. Егер шитті-мақта талшығын өз елімізде өңдеп, дайын тауарлар шығаратын болсақ, бұл ел экономикасының дамуына айтарлықтай әсер етері сөзсіз.
Сүндет КӘРІМОВ