– Сабыр Ахметжанұлы, қоғамдық қор жайлы көпшілік жете біле бермейтін секілді.
– Олай болатын жөні бар. Қордың тұсаукесер рәсімі биыл мамыр айында Астана қаласында өтті. Десек те, оған дейін бірқыдыру дайындық, ұйымдастыру жұмыстары атқарылды. Оның бір мысалына «Қазақстандағы Желтоқсан/1986/ көтерілісінің тарихи және халықаралық маңызы» тақырыбы бойынша халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның өтуін, онда жасалған баяндамалар мен сөйлеген сөздердің жинақ болып жарық көруін айтар едік. Бүгінде бірнеше облыстарда бөлімшелер ашылды. Жергілікті билік орындарымен ынтымақтаса отырып, отарлық саясат пен құлдық езгіге қарсы шыққан ұлттық батырларды іздестіру, табу, олар жайлы әділеттілікті қалпына келтіру, жаңаша көзқарасты орнықтыру, тарихтың «ақтаңдақ» беттерін ашу басты бағдар болып қала береді.
– Қордың «Қаһармандар» аталу себебі неде? Атқаратын қызметі мен алға қойған мақсаты қандай?
– Азаттық жолындағы күрестің, ұлттық саяси бас көтерулердің маңыздылығын Елбасы талай рет атап көрсеткен болатын. Бостандық халқымыздың ғасырлар бойғы арманы еді. Оған жету оңай болған жоқ. Қазақ халқы небір тар жол, тайғақ кешулерді, ауыр қасіреттерді бастан кешіріп, «елім-айлап» өткеніне ұлт тарихынан көптеген мысалдар келтіруге болады. Атамекенін сыртқы жаудан қорғау үшін атқа қонған ата-бабаларымыздың әр күні қас дұшпандармен арыстанша алысқан, жолбарысша жұлқысқан небір арпалыстарға, ерен ерліктерге толы. Өкінішке қарай, қасиетті де қастерлі ұғым саналатын ел тәуелсіздігі үшін күрескен, азап шеккен, жанын пида еткен, солай бола тұра әлі күнге дейін аттары аталмай ұмыт қалған арыстарымыз қаншама! Бұл жағынан Ресей, Балтық жағалауы елдері жақсы үлгі көрсетіп отыр. Оларда ондаған заң актілері қабылданып, жазықсыз жазаланған жандарды ұлттық батыр деңгейіне дейін көтеріп, ақтау миссиясын жүйелі түрде жалғастырып келеді. Бізде ондай тұлғаларды ақтау көбіне бірреттік шаралармен ғана шектеледі, жүйелілік, бірізділік жетіспейді. Қор осындай олқылықтың орнын толтыруды діттейді. Өз тарапымыздан жаппай қуғын-сүргінге ұшыраған отандастарымыздың мәртебесін анықтайтын заң жобасын әзірлеп, Парламент қарауына ұсындық. Солақай саясат есімдерін қанша өшіруге тырысса да, халық санасында жатталып, ұлттық рухтың символы іспеттес ардақтыларымыздың қай-қайсысы болсын «қаһарман» деген атқа әбден лайық.
– Дөңгелек үстел барысында ұтымды ойлар, ұғынықты пікірлер айтылды ма?
– Бірталай аймақтарды аралағанымда әкімдік басшылары жан-жақты қолдау көрсетті. Мұның өзі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылғандай мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс деген талапты терең түсінгендіктің белгісі. Аймақ басшысы Құмар Ақсақаловпен кездесу де осы тұрғыдан өрбіп, біздің тарапымыздан көтеріліп жатқан бастамалар шынайы патриотизмді жастар бойына орнықтырудың маңызды көрінісі ретінде бағаланды. Ал дөңгелек үстелге тоқталатын болсақ, оған қатысушылардың белсенділігі, келелі тақырыптың бейжай қалдырмайтыны ұнады. Қытай мен Ресей архивтерінде XVIII-XIX ғасырларда болған толқулар мен көтерілістер кезінде нақақтан нақақ қорлық көрген боздақтар жайлы құжаттардың аз еместігіне назар аударылды. Көбіне соңында іздеушісі бар тұлғалар ғана ақталып жататыны, қалғандарының тағдыры беймәлім күйде қалатыны, іздестіру жұмыстары негізінен сталиндік репрессия төңірегінен ұзамайтыны, үркіншілік, аштық жылдары шетелге ауған қалың жұрт жайлы білеріміз мардымсыз екені, өткен ғасырдың 20-шы жылдары кеңес өкіметіне қарсы бағытталған Сібір толқулары Қазақстанның теріскейін де қамтығаны, қордың бұл бағыттағы ғылыми-танымдық іс-шараларын кеңінен өрістету қажеттігі ортаға салынды.
– Қордың бір бағыты – 1986 жылғы желтоқсанның ызғарлы күндерінің шынайы тарихын ашу, оған қатысушылардың ерлігіне лайықты бағасын беру. Кеңес империясын тұңғыш рет дүр сілкіндірген қазақ жастарының жаппай батырлығы мен отансүйгіштік сезіміне «оқиға», «толқу», «қақтығыс», «қозғалыс» деген сияқты әртүрлі атау тағылып жүр. Сіз осы мәселемен 35 жылға жуық жүйелі түрде шұғылданып келесіз. Парламентте арнайы комиссияға жетекшілік еттіңіз. Қай тұжырым қисынды?
– Санаға әбден сіңіріліп, таптаурын қағидаға айналдырылған «Желтоқсан оқиғасы» секілді қате түсініктен арылуымыз қажет. «Оқиға» ұғымы тәулік ішінде өтіп жатқан талай шараның, әрекеттің т.б. форматын, атауын ғана бере алады. Ал биік мақсат көзделіп, сол жолда халық біріккен, осы үшін әскер, милиция, сот күшімен қудаланған, азапталған, өлтірілген айрықша бас көтеру мәртебесі – «көтеріліс» болатыны сөзсіз. Біз осы ойды қоғамға үнемі айтып, дәлелдеп келеміз. Тарихи құбылысқа 1996 жылы өткен бірінші ғылыми-практикалық конференция мінбесінен «көтеріліс» деген анықтама берілген болатын. Отандық және шетелдік ғалымдар осы тоқтамның байыптылығына ұйып, әлемге әсер берген Желтоқсан көтерілісіне ден қоя бастағаны байқалады. Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығы, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің, Алаш қозғалысының 100 жылдығы қарсаңында заманға да, ұрпаққа да ой саларлық зерттеулер жүргізілді. Алаш арыстарының азаттықты аңсаған арманын ұран етіп шыққан қазақтың өрімдей ұл-қыздарының ерлігі мен өрлігі ұлт тарихымен терең сабақтастығында.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы