Президент • 28 Қыркүйек, 2018

Елбасы: ТМД аясында экономикалық ынтымақтастықты нығайту қажет

382 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Душанбеде өтіп жатқан Тәуелсіз мемлекеттер достастығына (ТМД) мүше мемлекеттер басшыларының кезекті отырысында сөйлеген сөзінде ТМД аясындағы қарым-қатынастарды нығайту мен дамыту үшін атқарылған жұмыстардың нәтижелеріне тоқталды.

Елбасы: ТМД аясында экономикалық ынтымақтастықты нығайту қажет

Мемлекет басшысы ұйымды реформалау және Достастықтың тұжырымдамалық құжаттарын жаңарту жолында қолға алынып жатқан шаралардың тиімділігін атап өтті. Сондай-ақ мемлекетаралық қатынастарды одан әрі тереңдетуге септігін тигізетін бірқатар перспективті бағыттарға назар аударды. Атап айтар болсақ, ТМД-ның экономикалық негізін нығайту және елдер арасындағы сауда кедергілерін жоюға бағытталған шаралар қабылдау қажеттігін жеткізді.

Сонымен қатар Елбасы сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту және ТМД-ға мүше барлық елдердің көлік-транзит әлеуетін пайдалану жөніндегі мәселелерге тоқталды. 

Бұдан бөлек, Н.Назарбаев ғылым және ғарыш саласында, цифрландыру және туризмді дамыту бойынша бірлескен жобаларды жүргізуге назар аударды. Мемлекет басшысы Қазақстанда құрылған «Астана» халықаралық қаржы орталығының ерекшеліктері жөнінде әңгімелеп, ТМД-ға мүше мемлекеттерді орталық жұмысына белсене араласуға шақырды.

Айта кету керек, Душанбеде ТМД мемлекеттері басшыларының кезекті отырысы өтіп жатыр. Жиынға Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Әзербайжан Президенті Ильхам Алиев, Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Молдова Президенті Игорь Додон және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Пурли Агамурадов келді.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Душанбеден