Аймақтар • 29 Қыркүйек, 2018

Түркістанда мұнай өңдеу зауыты салынады

182 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістанда өткен «Көне Түркістан – жаңа мүмкіндіктер» атты Халықаралық инвестициялық жəне туристік форум аясында құны 1,7 млрд. АҚШ долларын құрайтын 19 меморандумға қол қойылды.

Түркістанда мұнай өңдеу зауыты салынады

Шетелдік инвесторлар алдағы уақытта Түркістан қаласы мен облыс аумағында өз жұмыстарын бастайды. Тарата айтсақ, Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Иранның «Ardabil Petrochemical Co» компаниясымен жалпы құны 205 млн. доллар болатын онкологиялық орталық пен мұнай өңдеу зауытын салу жөнінде меморандумға қол қойды.

Ал қытайлық «Changchun Longyuan Power Equipment Co. LTD» компаниясы 648 млн. АҚШ доллар қаржыны энергетикалық құрылғылар мен бұйымдар жасауға жұмсауға ниет білдірді. Ресейдің «Green Land Alatau» ЖШС-і 180 млн. АҚШ долларына жылыжай кешенінің құрылысын жүргізетін болды. Сондай-ақ, форум барысында түзілген меморандумқа сәйкес, қытайлық «Shanghai Lianfu New Energy Science & Technology Group» компаниясымен 340 млн.

АҚШ долларына күн энергиясымен жүретін электоавтобустар шығаратын зауыт құрылысын салу бойынша келісім түзілді. Туркиядан келген «Dogus Insaat ve Ticaret A.S.» өндіріс орны жалпы құны 100 млн. АҚШ долларына инфрақұрылым саласындағы жобаларды жүзеге асыруда әріптестік танытса, ирандық «Faradid Meehan» компаниясы 5 млн. АҚШ долларына кірпіш зауытының құрылысын жүргізетін болды.

Малайзиялық «Nagasteel Equipment Sdn. Bhd.» компаниясы 100 млн. АҚШ долларына өңірде инфрақұрылымды және өнеркәсіп саласында ірі жобаларды жүзеге асырмақ. Түркиялық «Sallyr Bey Group» корпорациясы жалпы құны 15 млн. АҚШ доларына қой шаруашылығын өркендетуге бағытталған ферманың құрылысын жүргізбек. Ал қытайлық «Jiangsu Huale Electric Co., ltd» компаниясы қуаттылығы 50 мВт-тық күн электр станциясының құрылысына 50 млн. АҚШ долларын бағыттайтын болады. Сондай-ақ, Чехия, Италия, елдерінің компаниялары Түркістан облысына инвестиция құюға қызығышулық танытып, нақты келісімдер жасалды.

Ғалымжан ЕЛШБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы