Қазақстан • 01 Қазан, 2018

Алан Әжібаев: Жаңа маусымдағы жаңа трендтер

101 реткөрсетілді

Қыркүйек айы балалардың мектепке баратын кезі ғана емес, телеарналар үшін жаңа маусымның басталуымен де ерекше. Дәл осы кезде көрермендерді жаңа жобалар, қызықты бағдарламалар, тың туындылар күтеді. Осыған орай біз таяуда ғана «Хабар» Агенттігіне төраға болып тағайындалған Алан Әжібаевпен сұхбаттасқан едік.  

– Алан Ғазизұлы, жаңа маусымда­рыңыз құтты болсын. Күзгі маусымға бөлек тоқ­­таламыз, бірінші сұрағым «Ба­лалар Евровидениесіне» қатыс­ты. Осы жылы Қазақстан тұңғыш рет аталған байқауда бағын санап көреді. Келіс­сөздер қалай жүрді? Еліміз үшін мұндай байқау­лардың қан­шалықты маңызы бар? 

– «Хабар» Агенттігі 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Junior Eurovision Song Contest» ха­лық­аралық ән байқауын ұйым­дастыратын Еуропалық хабар тарату одағының (EBU) қауымдасқан мүшесі. Бұл біз­ге аталған бай­қауға өз мем­ле­кетіміздің атынан үміткерімізді ұсынуға мүмкіндік берді. Сол уақыт­тан бастап келіссөздер жүргізіліп кел­ді. Осы жылдың маусым айында ұйымдас­ты­рушылар рұқсатын берген соң, Қазақ­станның атынан өнер көрсететін баланы іздеуге кірістік. Бір ай бойы (1-31 тамыз аралығында) khabar.kz сайты («Хабар» телеарнасының ресми сайты) арқылы қатысушылардың өтінімдері қабылданған болатын. Шамамен 200-ге жуық өті­німнен талапқа сай келетін 134-і 11 адам­нан құралған әділ­­қазылар алқасына ұсы­ныл­ды. Әділқазылар құрамында Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева, Мейрамбек Бес­паев, Тамара Асар, Бағым Мұхит­денова, Ерке Есмахан, Қайрат Нұр­тас, Ренат Гайсин, Ләйлә Сұл­танқызы, Мәдина Са­дуақасова, Димаш Құдайбергенов сынды музыка саласының майталмандары болды. Қазылар «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей, елі­міздің намысын халықаралық сахнада қорғай алатын талантты деген он баланы іріктеп алған еді. Олар 22 қыркүйек күні «Хабар» телеарнасының тікелей эфирін­де өздерінің әндерімен өнер көр­сетті. 

Ұлттық іріктеудегі әр баланың бойында Минск қаласында өнер көрсетуге лайықты талант болды. Алайда қазылар алқасы мен көрермендердің шешімі бо­йын­ша 12 жасар Данэлия Ту­­лешова жеңімпаз атанды. Кө­рермендер телефонмен хабарласу немесе SMS жолдау ар­­қылы дауыс берген болатын. Қазы­лар алқасы Мейіржан Жи­дебайға бірінші орынды, ал екінші орынды Данэлияға берген еді. Көрермендер болса, Да­нэлия­ға көбірек дауыс беріп, ол қарсыластарын басып озды. 

Сайыста Данэлия «Өзіңе сен» (Seize the Time) деп аталатын жаңа туындысын орындады. Әнін Иван Лопухов, сөзін Камила Даирова мен Артем Кузьменков жазған. Бұл туынды алпыс процент қазақ тілінде, қалған қырық проценті ағылшын тілінде орындалады. Алдағы 25 қарашада Минск қаласында өтетін сайыста да Данэлия дәл осы шығарманы орындайды. Қазіргі уақытта дайын­дықты бас­тап кеттік. Бұл жауапкершілігі мол байқау бол­­ғандықтан, Данэлияның сахналық образы, өзін ұстауы, әртістік қабілеті, жүріс-тұрысы да маңызды. Сонымен қатар психологиялық дайындығын да ескеру керек. Біз бұл дүбірлі до­даға алғаш рет қатысамыз, сон­дықтан аталған байқау мемлекетіміз үшін де, жас әнші үшін де үлкен тәжірибе. Ол жеңсе де, жеңбесе де, осы сайысқа қатысып, өнер көр­сеткенінің өзі жетістік деп білеміз. 

Еліміз үшін маңызына тоқ­талар болсақ, мұндай халық­аралық жобалар мемлекетімізді танытудың бірден-бір құралы. Мұны Димаш Құдайбергенов пен Данэлияның өзі қатысқан жобалар дәлелдеді. Бұл – музыкалық саламыздың дамуы, мыңжылдық руха­ни, мәдени өміріміз бен ән дәстү­рімізді таныту, соны­мен бірге мемлеке­тіміздің халық­аралық аренадағы бе­де­лін, имид­жін одан әрі нығайта түсу, жас­тардың шет мемлекеттегі әріптес­терімен тәжірибе алмасуы. Сондықтан өте маңызды. 

– Жаңа маусымнан бастап қоры­тынды жаңа­лықтардың уақыты өзгеріп, бұрынғы жүр­гі­зушілер қай­тып келді. Бұл немен байланысты? 

– Дұрыс айтасыз, жаңа маусымнан бастап көрермендер кешкі сағат 20.00-ден бастап 21.30-ға дейін ақпараттық-са­рап­­тамалық жобаларды тамашалауда. Біз, аудиторияға қолайлы болу үшін, қорытынды жаңалықтардың уақы­тын 19:00-ден 20:00-ге ауыстырдық. Соны­мен қатар «Хабар» телеарнасында ұзақ жылдар жұмыс істеген майталман теле­жүргізушілер де қайта оралды. Зейін Әліпбек, Марат Мұхамедсалиев жаңа­лықтар эфирінің ажарын аша түскендей. Олардың оралғанын естіген халық әлеуметтік желілер арқылы бізге күн сайын жақсы пікірлерін білдіріп жатыр. Сон­дықтан оң шешім болғанына көзі­міз анық жетті. 

Жыл басынан бастап «Ха­бар» телеарнасында күндізгі жа­ңа­­лықтар эфирге шығып жатыр. Біз ең өзекті, еліміздің сая­си, эко­номикалық өміріндегі ма­ңыз­ды оқиғаларды бірінші болып жан-жақты жеткі­зудеміз. Бүгінгі таңда 16 аймақта елуден аса тілшіміз күннің басты ақ­парат­тарын саралап, егжей-тегжейлі зерт­теуде. Елбасының тапсырысымен құрылған Түркістан облысынан тікелей қосылымдар, қызық­ты материалдар мен та­ным­дық сюжеттер әзірленуде. 

10 қыркүйектен бастап қо­ры­­­тынды жаңалық­тардан кейін 20:30-да «Online» ток-шоуы көрерменге жол тартты. Жүр­гізушісі – Ерлан Игісінов. Апта­сына 3 рет шығатын тікелей эфирдегі бағдар­ламаға қоғамдағы өзекті мәселелер ар­қау болуда. Мәселен, бірінші эфирде Қазақ­стандағы білім беру жүйесі талқыға салы­нып, студияға Білім және ғылым минис­трі Ерлан Сағадиев келді. Сондай-ақ «7 – 20 – 25» бағдарламасы да студияда сөз болып, көкейдегі сауалдарға жауап алынды. Көрермендер сұ­рақ­тарын әлеуметтік желілер, WhatsApp және тіке­лей студияға хабарласу арқылы қоя алады. 

– Теледидардан «Топжарған» деп аталатын жа­ңа вокалдық шоу­дың анон­сын көрдік. Бұл жо­ба­­ның ерекше­лігі қандай? Нелік­тен таңдау осы жобаға түсті? Яғни бізде вокалдық шоу­­лар ­көп қой...

– «The Final Four» жобасы израилдік Armoza Formats компаниясына тиесілі. Қазіргі таңда әлемнің жүздеген мем­лекетінде жарық көруде. Өткен жылы АҚШ-та «The Four: Battle for Stardom», сон­дай-ақ Ресейде «Успех» деген атаумен шықты. 

Қазіргі таңда интернеттің көмегімен танымал болып жатқан қаншама таланттарымыз бар. Оларға продюсер де, қолдаушы да қажет емес, бастысы дарының болса болғаны. Біздің алаң да дәл осы жандарға арналған. Шоудың ережесі бойынша төрт қатысушы анық­талып, олар ерекше дауысын, әртістік қабілетін, дарынын дәлелдеуі керек. Бағдарламаның басты ерекшелігі де осы, бай­қаудың финалистері бірінші күн­­нен белгілі болады. Алайда ап­та сайын жаңа қатысушылар келіп, финалистерді жекпе-жекке шақырып, орнынан ысырып тастауы мүмкін. Яғни алғашқы төрттіктің финалға жету-жетпеуі өздерінің қарым-қабілетіне байланысты. 

Жобаның қазылар алқасының құра­мында Қазақ­станның халық әртісі Роза Рымбаева, композитор әрі продюсер Ренат Гайсин жә­не жас рэппер Baller бар. Сон­дық­тан кез келген жастағы көрер­менге қызық бола­ды деп ойлаймын. Оның үстіне бағдарламаны ха­лықтың сүйік­ті әншісі Мәдина Садуақасова жүргі­зе­ді. Бұл да хабардың ажарын аша түседі деген сенім­демін. 

– Жаңа маусымда тағы қан­дай жобалар күті­лу­де? 

– «Хабар» қашанда көрер­мендеріне ең үздігін ұсынып келеді. Жыл сайын жаңа жоба­лардың саны артып, сапасы жақсара түсуде. Осы маусымда «Давайте говорить» ток-шо­уын қалың көрерменнің сүйік­ті жүргізушісі Айгүл Мүкей тіз­гіндеді. Айгүл ханым – «журна­листиканың жілігін шағып, ма­йын ішкен» адам, тәжірбиелі журналист. Сондықтан қоғамдағы өзекті мәселелерді ортаға салатын бағдар­ламаға бірден жараса кеткендей көрінді. Соны­мен қатар үшінші жыл «Біздің назарда» және «Білу маңызды» деп аталатын жобаларымыз жал­ғасын табуда. Аталған хабарлар бірінші кезекте көрерменнің сұра­нысына жауап береді. Жур­налистер әр мәселеге жіті тоқ­талып, жан-жақты зерт­тейді. Қор­даланған проблема­лардың шешімін табуда. 

Сондай-ақ көрерменнің сұра­нысы бойынша «Мил­лион кімге бұйырады?» интел­лектуалдық ойыны қазақ тілінде шығып жатыр. Жүргізушісі – Досымбек Өтеғалиев. Өздеріңіз білетіндей, былтыр­ғы жылдан бастап жобаның ұтысы екі еселеніп, жүлде қоры 10 миллион теңгеге жетті. Бағдарламаға 18 жасқа толған кез келген азамат қатыса алады. Өткен жы­лы бір адам 10 миллион теңге ұтып алды. Бұл аз ақша емес, көрерменіміздің қажетіне жарады деген сенімдемін. Тағы осы жылы интеллектуалдық сетка­мызға «Зерде» деп алататын орыс тіліндегі жоба қосыл­ды. Британияның ең әйгілі хабар­ларының бірі. Эфирге шыққанына 46 жыл болған. Осы уақыт аралығында бағдарлама Жаңа Зеландия, Аустралия, Түркия, Үндістан, Ресей және өзге де мемлекеттерде жарық кө­ріп, көрер­мен тарапынан жақ­сы қабылданды. Ағылшын тіліндегі атау «Mas­termind». Бұл бағдарламаның бас­­­ты ерекшелігі сол қатысушы азамат­тардың барлы­ғы білім­ді, нағыз интелектуалдар. Олар ойын барысында өздері таңда­ған тақырып бойынша күрделі сауалдарға жауап береді. Мұның өзге ойындардан ерекшелігі – ұтыс (қаржы) жоқ, қатысушылар өздерінің білімін тексеруге келеді. Жобаны актер әрі режиссер Бөпеш Жандаев жүргізеді. Айта кетейін, алғашқы эфирі 30 қыркүйекте өтті. Қатысамын деушілер болса khabar.kz сайтына кіріп тіркелсе болады. 

Мұнымен біздің ұсыныста­рымыз бітпейді. «Қызық Times», «Таңғы Хабар», «Ана мен бала» жо­балары жа­­ңа маусымда жаңа леппен шығып жатыр. Сондай-ақ сенбі-жексенбі күн­дері елімізге белгілі өнер иелерінің концерт­тік бағдарламалары, қоғам қайрат­керлерінің өмір жолы туралы дерек­ті фильмдер, маңызды спорт­тық шаралар, әлемдік про­кат­­тағы ең үздік фильм­дер, сая­си оқиғалардан тікелей қосы­лым­дарды да тамашалайды. 

– Соңғы жылдары отандық телеарналарымыз ­өзіміздің сериал­дарды көптеп ұсынып келе­ді. Көрермендер қалай қабыл­дауда, сұраныс бар ­ма? 

– Әрине, сұраныс болмаса түсірілмес еді деп ойлаймын.­ Қазіргі уақытта қазақ тілді ауди­­торияда отандық сериал­дар­ға сұраныс артты. Мәселен, «Хабар» теле­арнасынан көрсе­тілген «Ән аға», «Мезгілсіз махаббат», «Ана жүрегі» сынды телехикаяларымыздың көр­­­­сет­­­­­кіштері өте жақсы болды.­ Сонымен қатар «Өз үйім» деп­ аталатын отандық эстрада жұл­­дыздарымен түсірген туын­дымыз­­­дың You Tube әлеумет­тік желісінде миллионға жуық қаралымы бар, пікірлер де жақсы, көрермендер жалғасын күтуде. Сондықтан осы жылы екінші маусымын жоспарлап жатырмыз. 

Жалпы, «Хабар» Агенттігі жыл сайын 191 бөлімнен тұратын сан алуан жанрдағы телесериалдарды ұсынып келеді. Олардың арасында ұлттық дәстүрімізді ұлық­тайтын, тамыры терең тарихымыздан сыр шертетін драмалар, ұлы тұлғаларымыздың ғұмырын суреттейтін көркем фильмдер, детектив жанрындағы шытырман оқиғаларға толы туындылар, жастарымыз үшін романтикалық телехикаялар бар. Жаңа маусымды «Тағы да сүй» деп аталатын комедиялық картинамен бастадық. Алдағы уақытта режиссер Серікбол Өтепбергеннің «Детек­тив әже» деп аталатын комедиясы көрермен назарына ұсынылады. Бұл немересімен бірге сан алуан қылмысты зерттеуге кіріскен әженің қызыққа толы хикаяларынан сыр шертеді. Басты рөлді «Тоғысқан тағдырлар» сериалынан жақсы таныс, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Әбді­нәбиева сомдайды. Сондай-ақ Нияз Шайсұлтанов, Мұрат Нұрасылов, Нұржан Дәулетов сынды актерлерді көресіздер. 

Қазан айында «Аға» және «Қарлығаш ұя салғанда» картиналарын эфирге шығарамыз. Бұл екі телехикаяда отбасылық құндылықтар, туыстар арасын­дағы қатынас, мейірімділік пен жігерлілік суреттеледі. «Қар­лығаш ұя салғанда» туындысында танымал әнші әрі актриса Камшат Жолдыбаева және актер Еркебұлан Дайыров басты рөлдерді сомдайды. Сонымен қатар «Жалғыз жауқазын», «Бөрі», «Біздің қаламгер», «Шашу» сынды телесериалдар да көрермен назарына ұсынылады. 

Тағы да айта кеткім келетін жайт, «Хабар» арнасы әлемдік деңгейдегі қызықты деректі фильм­­­дерді сатып алды. Көрер­мен­дерімізге әр жексенбі күні қазақ тілінде «Таңғажайып әлем», «Шебер аспаз», «Жаратылыс. Адам­­зат тарихына саяхат», «Марс»­ деп аталатын «National Geographic» түсірген туындыларды ұсы­нып жатырмыз. 

Сондай-ақ «Хабар» Агенттігі был­­тыр­дан бері «Батырлар жолы» деп аталатын тарихи көр­кем фильм түсіріп жатыр. Қоюшы режиссері Асқар Ұза­баев. Атал­­­­­­мыш картинада Қарасай батыр­дың өмірі, Қазақ дала­сының басынан өткен қиын-қыстау кезеңі суреттеледі. Оқиғада ұлан-ғайыр өлкемізді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған ба­тыр­ларымыздың ерлігі, ел ба­сына күн туған заманда көр­сет­­кен қайсарлығы, халықтың рухы, мем­лекет тұтастығының маңы­зы, өзара тар­тыстың со­ңы жақсылыққа алып бар­май­­­­тындығы сөз болады. Бұл картина ар­­қылы тарихымызға тереңірек үңіліп, ата-бабамыздың ұлы даламыздың әр пұшпағы үшін күресін көріп, өткенге ораламыз. 

Бұл жобаға түсірілім тобы жан-жақты әрі тыңғы­лықты дайындалды. Тарихшылармен кеңесіп, сол заманды шынайы көрсету үшін әр декорация мен локация ұзақ таңдалды. Төбелес сахналарын сомдауға Жайдарбек Күнғожинов бастаған қазақ­­стандық каскадерлер қатысты. Сондықтан ол өскелең ұрпаққа берері мол дүние болады деген үміттеміз.

Актерлер құрамы да жақсы жасақталған. Бас­ты рөлдерді Назар Сұлтанов, Әшім Ахметов, Жан­дос Айбасов, Ержан Нұрым­бет, Алдабек Шалбаев, Айдос Бектемір, Мөлдір Мекенбай сынды актерлер ойнайды. Соны­мен қатар 71-ші Канн кино­фести­валінде «Ең үздік әйел рөлі» номинациясын жеңіп алған Самал Еслямованы Қарасай батырдың анасы образында көресіздер. 

– Көркем фильм деп қал­дыңыз, яғни бұл туын­дыны кино­театрлардан көреміз бе? 

–Жыл басынан бастап «Хабар» Агенттігі кейбір туын­дыларды үлкен экрандарда көр­сетуде. Сондықт­ан күтіңіздер. 

Айтпақшы, біз Бекзат Сат­тархановтың өмірі мен спорттағы жетістігі туралы телехикая түсі­ріп жатырмыз, алдағы уақыт­та ұсы­намыз. 

– Ал Агенттіктің басқа арналарында қандай өзгерістер орын алып жатыр? 

– «Хабар» арнасынан бөлек, біздің Агенттікте үш телеарна бар. «Хабар 24» телеарнасы жаңа маусымнан бастап жаңалықтар 20 минут немесе 30 минут шығу керек деген форматынан, түсініктен бас тартып, жаңалықтар марафонын жасап жатыр, яғни тоқтаусыз бір сағат жаңалықтар таратамыз. Ақпаратты шынайы әрі оқиға орнынан дер кезінде беру үшін live-құралдар көбейді. Мысалы stream таралым үшін терезелер, сарапшылармен тікелей эфирде сұхбаттар, бірнеше спикермен бір уақытта сұхбат жасауға арнайы мүмкіндіктер жасалды. Жүргізушілер тек диктор ғана емес, өз эфирінің модераторына айналды. «Хабар 24» таңы 4 сағатқа жалғасатын жаңалықтар марафонымен басталып, кешкі сарапшылар пікірі берілетін марафонмен жалғасын табады. Сонымен қатар жаңа мау­сымда бірнеше қызықты да маңызды бағдарламалар эфирге шығып жатыр: «Тұтынушы таңдауы», «Байыбына бар­сақ», «Ерекше көзқарас», «Кино­бизнес», «Overtime» және басқа­лары бар. «Тұтынушы таң­дауы» бағдарламасының шығар­ма­шы­лық ұжымы апта сайын қазақстандық тауарлардың сапасымен танысады, құндылығы мен маңызына тоқталады. Ал «Байыбына барсақ» жобасы­ның журналистері ең өзекті тақырыптарды зерттеп, түйі­нін шешуге тырысады. Футбол­сүйер қауым «Overtime» бағдар­ламасынан ең қызықты ойындар, сұхбат­тар мен сюжеттер тамашалайды. 

«Ел Арна» телеарнасы­ жаңа маусымнан бастап көрермен­деріне ыңғайлы болуы үшін, эфир­лік сеткасын ауыстырды. Енді күндізгі он екіден кешкі ал­тыға дейін отандық теле­хи­кая­лар, ал кешкі алтыдан түн­гі он екіге дейін үш көркем фильм ұсынады. Сонымен қа­тар алғаш рет арна эфирінде Түр­кі әлемі және Орталық Азия мемлекеттерінің «алтын қорын­да» сақталған фильм­дер қазақ тілінде көрсетіледі. 1 қазаннан бастап апта сайын белгілі бір мемлекеттің туындыларын та­ма­шалайсыздар. Мысалы бірін­ші апта тәжік киносының апта­лығы болады. Көрермендер Тәжік­­станның классикалық картиналарын кешкі уақытта көре алады. 

Ал жаңа маусым­ның тың жо­ба­ла­ры­ның бірі – «Ашық көр­се­тілім» бағдарлама­сы. Мұн­да кинематография кори­фейлері, танымал актерлер, жас режиссерлер мен актерлер, жазушылар мен сце­наристер бір алаңда кездесіп, киноленталардың жа­салу тарихы, кейіпкерлер мен авторлардың тағ­дыры, кадрдан тыс қалған дүниелерді, жалпы, белгілі фильмдердің беймәлім тұстарын паш етеді. Көрер­мен­дермен тілдесіп, қызықты мә­лімет­­тер ұсынады. 

– «Хабар» Агенттігінің өнім­­­дерін шетелге тарату және ше­тел­дік әріптес­термен қоян- қолтық жұ­мыс істеу бойын­ша келіссөздер жүргізіліп жат­қа­нын білеміз. Бұл келісімдер қай деңгейде?

«Euronews» және «CCTV» ынты­мағымыз нығайа түсті, Польшаның «TVP» орталық телевизиясымен және Беларусь елінің Республикалық телерадио­компаиясымен келісімге келдік. «Euronews»-тік әріптестеріміз таяуда ғана келіп шеберлік сыныптарын өткізіп кетті. Біз­дің журналистеріміз бен қыз­меткерлеріміз Түркияның «ТRT» арнасына барып тәжірибе алмасып келді. Сонымен қатар біздің арналарымыз түсірген телеөнімдер жер шарының түкпір-түкпіріндегі көрермен үшін қол­жетімді бола түсті. Өткен жылдың маусым айын­да телевизия саласында контент алмасу бо­­йын­ша Қазақстан мен Қытай елдері арасында келісім жасалды. Аталған келісімге сәйкес қазақ­стандық және қытайлық тараптар серіктестер өндірген тележобаларды өз эфир­лерінен көрсетуге келісті. Сондай-ақ Сингапурдың «Silver Wolf International» халық­аралық ком­пания­сымен «Хабар» Агент­тігінің телеөнімдерін дис­трибуция­лау бойынша келісім жасалды. Оған сәйкес Агенттік жобаларын Азия­ның 9 мемлекеті тамашалайды. 

Ұлы Даламыздың бай таби­ғаты мен мәдениеті, тарихы мен қонақ­жайлылығы туралы деректі фильмдер, Бауыржан Момышұлы және Күләш Байсейітова сынды белгілі тұлғаларымыз жөнін­дегі биографиялық фильм­дер мен сериалдарды Ресей, Моң­ғолия, Малайзия және Қытай мем­лекеттерінің азаматтары тамашалап үлгерді. 

Осы сынды жұмыстар әрі қарай жалғасын таба береді. Қазіргі таңда келіссөздер жүргі­зіп жатырмыз. Жалпы, жаңа мау­сымда ұсынарымыз мол. 

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Гүлнұр ДОСБОЛ

Суреттерде:  Алан Әжі­баев; «Қарлығаш ұя сал­ғанда» сериалы; «Детек­тив әже»­ комедиясы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар