Үстіміздегі жылдың сәуір айында сенатор Еділ Мамытбековтің және оны қолдап қол қойған бір топ Сенат депутатының сауалы Үкіметке жолданған еді. Онда сенаторлар Үкіметтің 2015 жылдың 30 желтоқсандағы Қаулысына сәйкес басымды тәртіппен жекешелендірілетін республикалық меншіктегі ірі ұйымдар тізілімінен Инвестициялар және даму министрлігінің қарамағындағы «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» республикалық мемлекеттік кәсіпорынын (РМК) шығарып тастауды сұраған болатын. Кәсіби құтқару қызметі жекешеге берілсе, ол ақша табуды ғана көздеп, мемлекетке тиімділігі аз болатындығы алға тартылған еді.
Осы депутаттық сауалға Үкімет тарапынан аталған мәселе Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында қаралып, «КӘАҚҚ» РМК мүліктік кешен ретінде екі кезеңді процедуралық конкурс бойынша сатылатыны жөнінде жауап берілген болатын.
Бұл жауап депутаттарды қанағаттандырған жоқ, оны мәселенің мәнісіне бойламай кезекті жалтарма жауап деп бағалаған сенаторлар екінші рет сауал жолдаған. Үкіметтің жауабын талдаған депутаттар: «КӘАҚҚ» РМК-ның бәсекелестік нарығын арттыруға қалай әсер ететіндігі жауапта ашып көрсетілмеген. Сонымен қатар апаттық-құтқару қызметінде қазірдің өзінде 42 жекеменшік кәсіпорын бар екендігі айтылған. Сөйтіп сенаторлар Үкімет басшысы Б.Сағынтаевқа мәселені екінші рет қарауды ұсынған еді.
Сауалға Үкіметтен тағы да жауап келді. Онда Президенттің 2018 жылдың 10 қаңтарындағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында жекешелендіру жоспарын тезірек жүргізіп, мемлекеттік органдардың ведомстволық ұйымдарын қысқарту талап етілгені айтылады. Қазір осы міндет жаппай орындалып, кәсіпкерлік қызметтерге мемлекеттің қатысуын қысқарту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Соның ішінде квазимемлекеттік субъектілердің тізімі жасалып, олар бәсекелестік ортаға берілуде немесе жойылуда. Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексінің 21-бабында жеке кәсіпкерлік пен бәсекелестікті дамыту мақсатымен мемлекет кәсіпкерлік саласындағы заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы мемлекеттің қатысуын қысқарту көзделген. Алайда осы Кодекстің 192-бабында мемлекеттің кәсіпкерлікке қатысуының (тиісті тауарлық рынокта жекеменшік субъектілерінің болмауы) негіздері көрсетілген. Ал «КӘАҚҚ» РМК Кодекстің бұл нормасына сәйкес келмейді. Өйткені апаттық-құтқару жұмыстары нарығында жекеменшік қызметтер әрекет етіп, олар бәсекелестікті арттырып, бағаны түсіруге үлес қосуда.
Сондықтан Үкіметтің 2018 жылдың 16 шілдедегі №428 Қаулысымен «КӘАҚҚ» РМК екі кезеңдік әдіспен конкурс арқылы сатуға қойылды. Сонымен бірге конкурс шарты бойынша жұмыс орындарының саны және қызмет түрлері сақталады.
Сонымен бірге жауапта қазір апатты жағдайлардың саны азая түскені айтылған. Мәселен, ол 2010 жылмен салыстырғанда 2017 жылы 68 процентке азайды делінген онда.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»