Қазақстан • 01 Қазан, 2018

Жастар халықаралық қарттар күніне орай қарияларды құттықтады

2485 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін «Жас Отан» Жастар қанатының белсенділері Халықаралық қарттар күніне орай «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасының аясында «Қарттарым – асыл қазынам» атты акциясын өткізді. 

Жастар халықаралық қарттар күніне орай қарияларды құттықтады

Еліміздің әр өңірінде Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлерінің шаңырағында, қарттар үйлерінде болып, атаулы көмектер, мерекелік кештер мен сыйлықтар табыстады. Акция аясында Жас Отандықтар еліміздің барлық аймақтарында 700-ге жуық көмекке мұқтаж қарияға қолғабыс көрсетіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Белсенді жастар «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы бойынша 700-ден астам ҰОС және тыл ардагерлеріне бірнеше жыл қатарынан жүйелі түрде көмек көрсетіп келеді. Белсенділер өз облысында немесе ауылында тұратын көмекке мұқтаж қариялардың үйіне барып, күнделікті шаруаларына жиі жәрдем береді. Күз айларында қысқа дайындыққа көмектессе, қыста аулаларын қардан тазартып, үйін жинастырып, шаруашылығына қолғабыс болады. Әсіресе еріктілер көктемде су тасқыны мен басқа да ауа райының қолайсыздығынан қиындық көретін ауылды аймақта жалғыз тұратын қарияларға көмек көрсетеді.

«Жас Отан» Жастар қанатының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек қариялар мен жастар арасында тығыз қарым-қатынастың маңыздылығына тоқталды.

«Еліміздің барлық аймақтарында Жас Отандықтар қарттар үйлеріне барып, мерекелік іс-шаралар ұйымдастырып, оларды демалыс күндері театр, концерттік іс-шараларға апарады. Жастардың үлкендерден үйренері көп, сол себепті де бұл шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады».

Басты мақсат  аз қамтамасыз етілген қарт адамдарға, жалғызбасты қарт зейнеткерлер мен қарт мүгедектерге көңіл бөлу, оларға материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық және басқа да көмек түрлерін көрсету. Бұл акциясы ай соңына дейін жалғасады. Сондай-ақ, жас белсенділер «Ұрпақтар сабақтастығы» атымен белгілі жобада аға буын өкілдерімен кездесулер ұйымдастырып, қариялардың естеліктері мен оқиғаларын тыңдап, өздеріне керек кеңестерін де алады.

Айта кетейік, Халықаралық қарттар күні болып осыдан 28 жыл бұрын БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында бекітілді. Алғашында Еуропа мен Америкада тойланып келген мереке уақыт өте бүкіләлемдік деңгейге ие болды. Елімізде қарттар күні республикалық деңгейде жылда аталып өтіледі.