Аймақтар • 02 Қазан, 2018

Соттар жұмысы Түркістанда жалғасуда

741 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде жұмысын Түркістанда жалғастырып жатқан мемлекеттік мекемелер қатары өсе түскен. 

Соттар жұмысы Түркістанда жалғасуда

Түркістан облысының болашағына сенімі нық мемлекеттік қызметтегілердің жұмыс тәртібі қажетті қалыпқа түсіп, өз мін­деттерін орындауда. Солардың қатарын­да Түркістан облысы бойынша соттар әкімшісі, Түркістан облыстық соты және мамандандырылған соттар да бар. Қазіргі таңда сот жүйесі ғимаратпен және қызметкерлері тұрғын жаймен толық қамтамасыз етілген. 

Облыстық сот жүйесінің 33 судьясы, 128 сот қызметкері және келісімшарт негізінде жұмыс істеп жүрген 15 азамат Шымкенттен Түркістанға, Кентауға қоныс аударды. Жұмыстың сапасын жоғалтпас үшін көшті ұтымды ұйымд­астырып, судьялар мен сот қызмет­кер­лерін бас­панамен қамтамасыз ету де маңызды мәселе. Осы маңызды мәселені бірі­гіп шешу үшін Түркістан облысы бо­йынша Соттар әкімшісі мен облыс әкімдігінің, сондай-ақ Түркістан, Кентау қалалары әкімдіктерінің арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын.

Меморандумға сәйкес, тараптар Түркістан облысы сот жүйесінің жаңа орталыққа көшуіне, орналастырылуына қатысты іс-шараларды жүзеге асыруда өзара ықпалдастықта жұмыс атқара бастады. Әрине сотқа келушілерге барынша қолайлы жағдай жасалуы үшін қажетті ғимарат заманауи талаптарға сай келуі тиіс. Сот залдарын аудио-бейнетіркеу және бейнебайланыс жүйелерімен жабдықтаудан бөлек, ғимаратта күту залы, прокурорлар мен адвокаттарға арналған кабинеттер, кеңесу бөлмелері, медиация және мұрағат, істермен танысуға арналған кеңселер болуы да шарт. Осындай талаптарға сай ғимараттарды таңдау барысында Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұрсерік Шәріпов Түркістанға арнайы келген. Н.Шәріпов арнайы сапарының барысында жалға берілетін нысандарды аралап, иелерімен кездесті және ғимараттарды анықтап берді. Осының нәтижесінде, таңдалынып алынған ғимараттар қысқа мерзімде заман талабына сәйкестендіріл­ген болатын.

Облыс әкімдігі Түркі­стан қаласында орналасқан соңғы үлгідегі жатақханалардың бірінен бірқатар судьяларға және барлық сот қызметкерлеріне тегін тұратын тұрғы­лықты жай бөлді. Кейбір сот маман­дары Кентау қаласындағы биыл күрделі жөндеуден өткізіл­ген жатақханада тұрғын жаймен қамтамасыз етілді. Түркістан мен Кентау қаласы арасындағы жолда жүру мәселесі де өз шешімін тапты, яғни Кентау қаласының әкімдігі тарапы­нан арнайы бөлінген автобус сот қызметкерлерін жатақханадан жұмыс орнына және кері тегін тасымалдауда. Облыс және Түркістан, Кентау қала­лары­ның әкімдеріне көрсетіп отыр­ған қолдаулары үшін үлкен алғыс білді­реміз», дейді Түркістан облысы бойынша Соттар әкімшісі Орынбасар Лештаев. 

Иә, көшке көмектескен сауапты іс болып саналады. Көпшілік жай­ғасып, жайланып алған сот қызметкерлері өз міндеттерін жаңа орталықта сапалы да мінсіз атқарады деген үмітте.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы